• Main
  • News
  • Ғылым грантын танымал Құран қарилары жеңіп алды

Ғылым грантын танымал Құран қарилары жеңіп алды

23/08/2016

Биыл «Нұр-Мүбарак» университетіне «Исламтану» және «Дінтану» мамандықтары бойынша докторантураға 3, ал магистратуралық бөлімге  5...

Биыл «Нұр-Мүбарак» университетіне «Исламтану» және «Дінтану» мамандықтары бойынша докторантураға 3, ал магистратуралық бөлімге  5 мемлекеттік білім гранты бөлінген болатын.

Докторантуралық білім грантына  жалпы 18 ғылым  ізденушінің білімі мен білігі сарапқа түсті. Олардың арасынан ғылымға деген бейімділігі басым  елге танымал қари-исламтанушылар Ерсін Әміре мен Құрмет Смағұлов «Исламтану»  мамандығы бойынша білім грантын иеленсе, «Дінтану» мамандығына бөлінген мемлекеттік грантты  белгілі қари, дінтанушы Еркінбек Шохаев жеңіп алды.  Әріптестерінен оза шапқан  3 хафиз де қасиетті Құранды толық жатқа білумен қатар, Ерсін Әміре  мен  Еркінбек Шохаевтар қасиетті Құранды жатқа оқудың 7 қырағатына дейін меңгерген.  Бұның өзі елімізде ислам, дін ғылымына деген сұраныс артып қана қоймай, дами бастағанын байқатады. Себебі PhD докторлық  білім грантынан үміткерлердің барлығы  араб тілін еркін меңгерумен қатар, біліктілігі жоғары, ғылымға деген құштарлықтары басым.

Ал магистратуралық бөлімге 5 білім гранты бөлінсе, оның өзін «Нұр-Мүбарак» университетінің ең үздік  түлектері және ел ішінде 3 жылдай еңбек атқарып келген білікті исламтанушылар жеңіп алды.

«Докторантура мен магистратура бөлімдерінде білім алсам деген үміткерлердің қатары  жылдан жылға артып келеді. Сондықтан біз де талапты күшейтіп, шын мәнінде еліміздегі ислами, діни білімнің деңгейін жоғарылатып, ғылымның дамуына үлес қоса алады деген қабілетті ғылым ізденушілерді оқуға қабылдап жатырмыз. Себебі бұл «Нұр-Мүбарак» университеті үшін ғана емес, еліміздегі дін ғылымының алдындағы үлкен жауапкершілік»,-деді университет проректоры, профессор Шамшәдин Керім мырза.

Сонымен биыл «Исламтану», «Дінтану»  мамандықтары бойынша  докторантуралық бөлімге 10 адам, магистратуралық бөлімге 33 шәкірт қабылданып, жаңа оқу жылынан бастап тың ғылыми тақырыптарға іздену басталмақ.

Сондай-ақ, биыл бакалавриат бөлімі бойынша «Исламтану» мамандығына жылдағыдан 40 мемлекеттік білім гранты артық бөлініп, 190 болды. Оның 45-і еліміздегі медресе түлектері, орыс бөліміне 20, қазақ бөлімі бойынша 125 талапкер студент атанды. Болашақ студенттер арасында да конкурстық талап жоғары деңгейде өткенін ескерсек, осының барлығы еліміздегі ислами білімге деген қызығушылықтың артқанын аңғартады. Әрі бұған мемлекет тарапынан да қолдау көрсетілуде.