Франциялық делегация Нұр-Мүбаракта...

Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Нұр-Мүбарак университетіне арнайы келді.

Бүгін Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Жоғары мәртебелі Дидье Канесс мырза бастаған делегация Нұр-Мүбарак университетіне арнайы ат басын тіреді. Өткен жылы қазан айында Қазақстандағы өкілетті қызметін бастаған мәртебелі Елшіні ислами білім ордасының тыныс-тіршілігі қызықтырған көрінеді.

Қазақстандағы Франция елшілігінің бес қызметкерінен құралған құрметті қонақтарға ректор, профессор Мухаммад Әш-Шаххат Әл-Жинди мырза университет жайлы толыққанды таныстырып өтті. Студенттердің мемлекеттік тілден өзге бірнеше тілге, яғни араб, ағылшын, түрік, орыс тілдеріне машықтануы, рухани, діни білімнен өзге қазіргі қоғамдық қажетті пәндерді меңгеруі қонақтарды қызықтыра түсті.

«Исламтанушылардан өзге барлық діндер жайында білім алатын дінтанушы, теологтар, шет тілі мамандары даярланады. Университетте гуманитарлық пәндерге арналған арнайы кафедра бар. Одан өзге дайындық курстарымыз, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен, оған қарасты медресе-колледждермен тығыз байланыстамыз»

ректор, профессор Мухаммад Аш-Шаххат

Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Жоғары мәртебелі Дидье Канесс:

  

«Білім, ғылым саласы біз үшін өте маңызды. Біздің мақсатымыз Франция мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасты нығайту, әсіресе білім-ғылым саласында» – деді.

Франциялық делегация университеттің оқу ғимаратымен: кітапхана, оқу залы, аудиторияларымен танысты. Мәртебелі Дидье Канесс мырзаны Хусам ад-Дин ас-Сығанақи аудиториясындағы ортағасырлық ғалымның білім жолы картасы қызықтыра түсті. Проректор, доцент Қайрат Құрманбаев мәртебелі Елшіні қызықтырған  сауалдарға сай Ханафи мәзһабының ерекшелігі жайлы да мағлұматтар берді. Университеттің тыныс-тіршілімен танысқан өкілетті қонақтар университет жанындағы Діни экремизмге қарсы іс-қимыл орталығының қызметі қызықтыра түсті.

Еуропалық дипломат жоғары мәртебелі Дидье Канесс мырза өз елі Франция жайлы кітабын сыйға тартып, Нұр-Мүбарак университеті де ата салтымызға сай мәртебелі меймандарға сыйкәде жасады.

Айша КЕҢЕСБАЙ
Нұр-Мүбарак университетінің баспасөз қызметі

245