Университет жайлы

 

  • «Нұр Мүбарак» университетінің тарихы

Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті – Қазақстан Республикасының жоғары білімді имамдар, исламтану, дінтану, екі шет тілі (араб-ағылшын, ағылшын-араб тілдері) мамандарын дайындайтын бірегей жоғары оқу орны. Нұр-Мүбарак – әлемдік өркениетке бет түзеген тәуелсіз Қазақстан өміріндегі алтын белес.

1991 жылы тәуелсіздік алған Қазақстан Республикасы үшін жаңа бағыт, жаңа саяси бағдар, тың ұстаным таңдауы тұрды. Сыртқы қауіп пен ішкі ыдыраудан елді сақтап қалу – ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбев саясатының өзегіне айналып, ұлт пен ұлыстың ғана емес, әрбір азаматтың құқығын қорғайтын зайырлы қоғамның іргетасы Ата заңмен бекітілді. Мемлекет пен діннің ара жігі ажыратылып көрсетілсе де халықтың 70% ханафи бағытындағы мұсылмандар саналатын мемлекет болашағы үшін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1993 жылы Мысыр еліне сапарында Египет Араб Республикасының Президетімен кездесуінде Қазақстанда ислами жоғары оқу орнын ашуға байланысты шешім қабылдады. Алматыда ислами ЖОО-ның кешенін салу үшін арнайы жер қарастырылып, 6 гектар жер бөлінді. Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңіндегі бұл батыл шешім ел бірлігі мен болашағына жасалған нақты қадам болды. 1993 жылы 16 маусымда ҚР Президенті Н.Назарбаев пен ЕАР Уақыфтар министрі Мұхамед әл-Махжубтың университет қалашығының алғашқы тасын қалау рәсімі өтті.

Іргетасы қаланған бастама алғашқы студенттерді 2001 жылы 1 қыркүйекте қабылдап, дәріс беріле бастады.

Қос мемлекет басшыларының келісімі ҚР Парламентінде ратификацияланып, 2003 жылы 2 шілдеде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың жарғысымен күшіне енді.

ҚР-ның заңдары мен екі ел үкіметтерінің университетке байланысты келісімі және өз жарғысы негізінде жұмыс атқара бастаған университетке басшылық жасау мен оның екі жақты қызметін үйлестіруші Қамқорлар кеңесі құрылды. Кеңес құзіретіне қаржы, мәдени, білім беру саясатын қалыптастыру туралы мәселелер кірді:

ҚР тарапынан:

ҚР Мәдениет және спорт министрі – тең төраға;
ҚР Білім және ғылым министрі — мүше;
ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти- мүше;
Алматы қаласының әкімі- мүше;
ҚР Сыртқы істер Вице-министрі-мүше;
ҚР-ның ЕАР-дағы Төтенше және өкілетті елшісі- мүше;
ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі-мүше;
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің ректоры-мүше;
Абылайхан атындағы Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің ректоры-мүше;

ЕАР тарапынан:

ЕАР-ның Уақыфтар министрі – тең төраға;
ЕАР-ның мүфтиі – мүше;
Әл-Әзһар университетінің ректоры – мүше;
Әл-Әзһардың өкілі – мүше;
Каир университетінің ректоры – мүше;
ЕАР- ның ҚР-дағы Төтенше және өкілетті елшісі – мүше;
ЕАР Уақыфтар министрінің қарауына орай үш көрнекті қоғам қайраткерлері – мүшелер;

Қамқорлар алқасымен университет жарғысы бекітіліп, ЖОО-ның басшылығын тағайындау бойынша ректор ЕАР-ның азаматы, проректор ҚР-ның азаматы болуы шарт етілді. Алқа келісімінің шешімімен университеттің алғашқы ректоры болып академик, профессор Махмұд Фахми Хижази, проректоры филология ғылымдарының докторы, профессор Шамшәдин Тұрсынұлы Керім тағайындалды.

Қамқорлар кеңесінің 2014 жылғы кезекті басқосуы шешімімен Нұр-Мүбарак университетінің ректорлығына Әл-Азһар университетінің профессоры, доктор Жуда Абдулғани Басюни тағайындалды. Докторлық диссертацияны Ханафи фиқһы бойынша қорғаған Ж.А.Басюни Әл-Азһардың «Шариғат және заң» факультетіндегі Фиқһ кафедрасының меңгерушісі және факультет деканы қызметтерін атқарған. Шариғат саласы ғалымының есімі өз елінде ғана емес, халықаралық деңгейдегі ислами ғылым орталарына танымал.

Қамқорлар кеңесі Университеттің алғашқы құрылған сәтінен бастап, оқу орнының базасының күшейіп мемлекеттік лицензия алуы, исламтану мамандығының «5В050600–Исламтану» шифрымен мемлекеттік классификатор тізіміне еніп, грант бөліне бастауы, бакалавриатпен қатар магистратура, докторантура бөлімдерінің ашылып, мемлекеттік грант белгіленуі, ғылыми-зерттеу орталығын ұйымдастырудағы доктор, профессор Ш.Т.Керім мырзаның біліктілігін бағалай отырып, проректорлық қызметін үшінші мәрте қайта тағайындады.

5В050600 -Исламтану, 5В011900- Шетел тілі (екі шет тілі), 5В020600-Дінтану мамандықтары бойынша қос елдің ұстаздары дәріс бере бастады. Алғашқы кезеңде араб әдебиетінің мамандары, педагогика, теология ғылымдарының докторлары сабақ берсе, бүгінде шариғаттың сан-саласын қамтитын ақида, фиқһ ғалымдарының дәрістеріне басымдық берілуде. Еліміздің дінтану, исламтану, гуманитарлық пәндер саласының ғалымдармен қоса Египет тарапынан ақида, фиқх, Құран ілімі бойынша докторлық дәрежедегі ғалымдар ұстаздық етеді.

 

2010 жылдың 29 қыркүйегінде жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіби білім аясында білім беру қызметін жүргізу құқығы бойынша мерзімі шектеусіз №0137466 мемлекеттік лицензия берілді. 2011 жылы «исламтану» мамандығының мемлекеттік стандарты бекітіленген соң, грант бөліне бастады. 2011 жылы 100 грант, 2012 жылы 100 грант, ал 2013 жылдан бастап 150 орын мемлекет тарапынан болашақ имамдарды әзрілеуге қолдау көрсетілуде.

Алғашқы 10 жылда 500-ден астам исламтанушы, дінтанушы, тіл мамандары, оның 300-ден артығы жоғары білімді имамдар даярлаған университет бүгінде жыл сайын екі жүзден аса мамандар даярлауға қол жеткізді.

Ал магистратура 2008 жылдан бастап университеттегі барлық мамандықтарға, 2012 жылдан бастап мемлекеттік тапсырыспен докторантура ашылды.

Қазір университетте 76 оқытушының, 18 PhD докторы, 7 профессор, 8 доцент, 7 ғылым кандидаттары дәріс береді.

Университет ректоры Жуда Абдулғани Басюни Нұр-Мүбарак университетінің дипломын болашақта Әл-Азһардың деңгейіне жеткізу жоспарланғанын жеткізді. Қазақстанда әр 3 жылда ауысымдық негізде қызмет ететін египеттік ұстаздар құрамы доктор Жуда Басюни басшылығымен 11 доктор мен профессорлар Қазақстан мұсылмандарының ұстанымына сай, Әбу Ханифа мәзһабы бойынша дәріс беріп әрі өздерінің де осы мәзһабтан болуы ескеріліп, тиянақты таңдаудан өткен. Египеттік ұстаздар құрамында Фиқһ негіздері бойынша әлемдік деңгейде танымал, хадис және оның ілімдеріндегі дін негіздері бойынша дүниежүзілік дәрежеде «докторлық» деңгейі «Бірінші дәрежелі құрмет мәртебесіне» ие ғалымдар бар.

Исламның басты тірегі қасиетті Құран болғандықтан, студенттер алғашқы курстан бастап араб тіліне машықтандырылады. Әрі араб тілі сан ғасырлар бойы ғылым тілі деп мойындалған. Сондықтан, қазақ және араб тілді ұстаздардың дәріс беру бағдарламасы жаңадан жасалып, студенттер жоғары курстарда мысырлық докторлардан таза араб тілінде дәріс алу мүмкіндігі жолға қойылған. Египет тарапынан әл-Әзһар, Каир, айн-Шамс, Александрия, Әл-Миния университеттерінен Құран Кәрім, хадистану, фиқһ, уағыз-хатыб, тіл саласы бойынша ғылым докторлары келіп үздіксіз сабақ береді. Сондай-ақ, үлгерімі үздік студенттер екінші курстан бастап Египеттегі әл-Әзһар, Александрия, Әл-Миния, Каир университеттеріне қысқа мерзімді тәжірибеге жіберілу жүйеленген. Оқу жоспарындағы ІІ — ІІІ курстың жазғы сессиясынан кейінгі өндірістік тәжірибені еліміздің мешіттерінде өткізеді.

Университетте республикамызда алғаш рет имам-хатыб мамандарын дайындау қолға алынып, шәкірттер арасынан Құранды толық жаттаушы қари-хафыздар тәрбиеленуде. Ғылым докторы Ясир ас-Сурадидің жетекшілігімен қарилар дайындау Орталығы тұрақты жұмыс жасап, студенттер әлемнің түпкір-түпкіріндегі Құран жарыстарына қатысу мүмкіндіктері де қарастырылады. Орталықта Республика университеттері мен мектептерінің оқытушыларына дінтану, исламтану, араб тілі пәндері бойынша түрлі курстар ұйымдастырлады.

ҚР Білім және ғылым министрлігінің мемлекеттік аттестациялауының барлық талаптарына сай келген университеттің өз мешіті бар. Нұр-Мүбарак мешіті – студенттерге шариғи уағыз-насихат айтқызу бойынша тәжірибелік тұрғыдан шыңдаумен шектелмейді. Белгілі діни қайраткерлермен кездесулер ұйымдастырып, аптаның жұма күндері және қасиетті айлар мен Құрбан айт, Ораза кезінде жалпы жұртшылыққа есігін айқара ашады. Осындай қайнаған тіршілігі бар Нұр-Мүбарак қалашығында 2011 жылы жаңа оқу ғимараты іске қосылып, онда осы университеттің алғашқы сәтінен бастап құрылған 118515 дана кітап қоры бар кітапхана, оқу залы жұмыс істейді. Қазақ, орыс, араб тіліндегі көркем әдебиеттер, оқу құралдары, қазақ және араб ғұламаларының шығармалары, ғылыми-танымдық әдебиеттер, діни кітаптардың үлкен қоры сақталған. Студенттердің білім дәрежесін арттыру, араб тілін жылдам игеруге деген ізденісіне жол ашу мақсатында, кітаптардан тыс шағын-диск қоры да жасақталған. Ғимаратта конфереция залы, дәрісханалар, компьютер лабараториясы, лингофон кабинеттері білім игілігіне жұмсалуда. Ал 2014 жылдан бастап 610 орындық жаңа жатақхана ғимараты пайдалануға беріліп, енді қазір талапқа сай спорт кешені салына бастады.

Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті Қазақстандағы ислами жоғары білім беретін жалғыз оқу орны ғана емес, ислами ғылыми білім беру орталығына айналып келеді. 2011 жылдың 7-желтоқсанында университет ректорының бұйрығымен (№ 662 бұйрық) Әбу Ханифа атындағы ғылыми-зерттеу орталығы ашылды. Орталықтың негізгі мақсаты: Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының барлық дәрежелі діни оқу орындарына оқыту-әдістемелік әдебиеттерді әзірлеу, исламның негізі мен құндылықтарын қамтыған шетелдік әдебиетті аудару, әртүрлі дәрежелі сөздіктерді дайындау, ғылыми жұмыстарды ұйымдастыру және өткізу, сондай-ақ, ханафи мазһабына сай қазақ және шетелдік дін мамандарының еңбектерін жинақтау, зерттеу және жариялау. Ғылыми-зерттеу жұмыстарының саясаты мен бағыттарының таңдау негіздерінде еліміздегі діни мамандардың ғылыми деңгейі мен сауаттылығын арттыру, діни тұтастық, діндераралық татулық пен дәстүрлі ислам мәдениеті мен ұлттық салт-дәстүрді үйлестіру секілді маңызды мақсаттарды межелейді. Іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеу тақырыптарын таңдау, ғылыми-зерттеу жұмыстарының басымдықтары мен даму барысын және орындалуын университеттің ғылыми кеңесі үнемі бақылайды.

Ғылыми жұмыс жоспарлары ҚР Білім және ғылым министрлігінің, университеттің нормативтік актілері мен құжаттары негізінде жасалады. «Жалпыуниверситеттік гуманитарлық пәндер» кафедрасы «Білім беру арқылы оқыту мен тәрбиелеу бірлігі ұстанымын жүзеге асыру», «Араб тілі және әдебиеті» кафедрасы «Салыстырмалы-тарихи, типологиялық және салыстырмалы тіл білімі», «Әдебиет теориясы, риторика», «Шетел тілдерін оқыту әдістемесі» атты ғылыми тақырыптар ауқымында және де «Дінтану», «Исламтану» кафедралары ханафи мазһабы аясында жұмыс жасайды.

Нұр-Мүбарак университетінде қазіргі уақытта бакалавриатта 3 мамандық бойынша 667 студент, 3 бағытты магистратурада 62, докторантурада 3 түрлі салада 14 және сырттай 35 адам тәлім алады. Магистранттар мен докторанттар білімін шет елдік еңселі ЖОО барып тереңдетіп оқуға мүмкіндік жасалған.

Академиялық алмасулар мен өзара студенттерді оқыту мен машықтандыру мақсатында ынтымақтастық келісімшарттары мен меморандумдар аясында ТМД елдері мен алыс шетелдердің жетекші ЖОО-мен ұзақмерзімді байланыс орнатылған. Нәтижесінде, магистратура, докторантура тәлімгерлеріне қосымша Түркия, Ресей, Малайзияның белді университеттерінен ғалымдар келіп дәріс оқиды. Әлем университеттерінің академиялық рейтингі бойынша іріктелген 500 жоғары оқу орындарының санатындағы Каир университетінің профессорлары жыл сайын арнайы шақырылып, магистр-докторанттарға екі апталық лекция-семинар өткізеді. Бір ЖОО және 4 алыс шетелдегі ғылыми және ғылыми білім беру орталықтарымен келісім жасалғандықтан, соңғы 3 жылда Нұр-Мүбарак университетіне 11 ғалым арнайы шақырылып дәрістер өткізді. Университет Египеттің әл-Миния, Каир, Александрия, Аин-Шамс және Малазияның «Unisza» университеттерімен екі жақты ынтымақтастық келісімін жасаған.

9 ұлттың өкілі оқитын Нұр-Мүбарак университеті ТМД бойынша ғана емес, Орталық Азиядағы ислам ғылымын тереңдетіп оқытып, зерттеуші бірегей ЖОО-на айналды. Әрине бұл бүгінгі есеппен 15 жыл десек те, негізгі тарих тамыры сан ғасырлық тереңдікте жатыр. Өйткені әу бастан Имам Ағзам Әбу Ханифа мәзһабын ұстанған ата-бабаларымыз ислам өркениетін дамытып, бай мұра қалыптастырып қана қоймай, сонау араб елдеріндегі кітапханаларда өз қолтаңбаларын қалдырған. Міне көне қолжазбаларды зерттеп, атажұрттың игілігіне қолдану Нұр-Мүбарак университеті ғалымдарыныің жоспарлы межелерінің бірі.

Ислам діні білім мен ғылымның қайнар көзі екендігін дәлелдеуші Нұр-Мүбарак университеті білімді мамандар дайындау арқылы елімізде етек жая бастаған соқыр сенімнің жолын кесе бастады. Оған университетте оқығысы келетін және оқып жатқан студенттердің күн санап көбеюі, тіпті еліміздегі өзге іргелі ЖОО түлектерінің де ақылы түрде білім алуға құштарлығы, бітіруші исламтанушылардың еліміздің түкпір-түкпірінде жан-жақты білікті де білімді іс-әрекеттері айқын дәлел. 2017 жылы докторантура бөлімі бойынша екінші жыл қатарынан „исламтану„, „дінтану„ мамандықтарынан барлығы 6  PhD  докторы дәрежесін (4 исламтану, 2 дінтану) қорғады.

Еліміздегі түрлі діни ағымдардың бағыт-бағдарын саралаушы мемлекеттік орындарда ел игілігі үшін қызмет етуші дінтанушы түлектер өз алдына. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мемлекеттік емес дербес бірлестік болса да мүфтият қарамағындағы мешіттерде белсене еңбек етуші мамандардың ел бірлігі мен ынтымағына қосып жатқан үлесі орасан. Ал бұған мемлекет тарапынан жыл сайын бөлінетін гранттық орындардың көбейуімен қатар, жан-жақты қолдау көрсетуі Нұр-Мүбарак университетінің болашаққа деген нық қадамының кепілі.

СУРЕТТЕР СӨЙЛЕГЕНДЕ

tarih1

«Нұр-Мүбарак» университетінің алғашқы ғимараты (2001 ж.)

tarih2

Университеттің жаңа ғимаратының іргетасы қалану сәтінен

tarih4

Университеттің жаңа ғимаратының құрылыс кезеңі

tarih5

Құрылыс жұмыстарының ескі ғимарат тарапынан көрінісі

tarih7

Жаңа ғимарат қолданысқа дайын (2011-2012 оқу жылы)

tarih8

tarih9

Университет ауласы