Аманатқа қиянат – қылмыс!

27/09/2018

Ерзат Төлешұлы  Нұр-Мүбәрак Египет ислам мәдениеті университетінің 4 курс студенті

 

 

 

«Сатпаймын, сатқан емен дінімді мен,

Өлмейтін, өшпейтұғын күнім білем.

Таппайтын күнде тыным, түнде тыным,

Мұсылман Мұхаммедтің үмбетімін…»

Бұл жыр жолдары бар Қазаққа танымал, Тәңіртаудың мұзбалағы, атақты ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтыкі. Өлең кешегі қылышынан қан тамған, «Құдай» дегеннің көмейіне құм құятын кербақпа кеңес үкіметінің тұсында жазылған. Әрине, атамзаманнан «Құдайсыз қурай сынбайды», «Құдай деген құстай ұшады, адам деген мұрттай ұшады» деп мақалдаған Қазақ баласының бұлайша толғауы заңдылық-ақ! Дей тұрғанмен Мұқаң өмір сүрген кезең бұлай «астамсып» сөйлеп, «асылық» қылғанды көтермейтін заман еді. Соған қарамастан Құдайдан басқаға бас ұрмаған, арын жанынан биік қойған Алаштың айбарлы ақыны көмейіне келген сөзді іркіп қалмапты. Бұл – ен даланы еркін жайлап, ер үстінде еңсесін тік ұстаған текті жұрттың, текті ұрпағының қатыгездіктің қандайынан да қаймықпайтындығының, жүректегі Құдайға деген сенімінің, иманының тамыры тереңде жатқандығының бір айғағы. Ғасыр ұзай қоймаған Қазақ басындағы нәубеттің соңғысы һам сұрапылы, рухани зобалаңға ұшырап, діні мен діліне, дәстүрі мен тіліне ең ауыр қиянат жасалған тұстардағы елдің иманын ақын жырынан бағамдар болсақ, ұлт руханиятына дәл осы тұстағыдай қаныпезерлік жасалмаған басқа дәуірдің де баспағы түсінікті емес пе?! Қош! Бүгінімізге оралайық…

Егемендігімізді алып, еңсемізді тіктеп, есімізді жиып келе жатырмыз. Шүкір дерлігі бар! Кеткенімізді кемелді етіп қайтарып үлгермесек те, өшкеніміз тұтанып, өскеніміз де көрініп келе жақандай! Ал өтпелі күнмен салыстырсақ, өткеннің аңсаған «қой үстіне боз торғай жұмыртқалаған» заманы келіп-ақ тұр. Дініміз бен діліміз, дәстүріміз бен тіліміз, әдет-ғұрыптарымызда ептеп қайта жаңғырып келе жатқандай көрінеді… Алайда «әттеген-айларымыздыңда» күн санап көбейіп келе жатқаны көңілге кірбің ұялатады. Санаға салып сараптап қарасақ, басқа басқа «атан шөгіп, жүк ауған» зұлмат замандардың өзінен Аллалап жүріп, амандық көксеген алаш баласының бейбіт күннің құшағында отырып, атамзаманғы ата дінімізді талқыға салып, тулақша жұлмалауы жағаңды ұстатып, жаныңды ауыртады. Өкініштісі сол, бүгінде ел ішінде түйткілді һам күрделі мәселелердің көшін бастап тұрған қоғам дамуына кереғар қайшылқтардың бірі дәл осы дін мәселесі болып тұр. Атап айтқанда ағым-ағымға бөлініп, ел арасында бүлік тудырып, онсызда «діңі» құрғап, дымы құрып әзер тұрған жұрттың арасын алатайдай бүліндіретін іріткі салушы топтардың көбеюі; Ата дініміз бен ұлттық болмысымызға жат өгей сенімдерді өз бауырына саудалап, өткеннің жолын «өзекке теуіп», өзге бағытты өзіне телудің кең етек алуы, ел берекесін кетіріп, жұрттың ойын он саққа, санасын сан саққа кездіріп отыр. Бір сөзбен айтқанда ата-баба аманатына қиянат жасап, қымбатын бағаламай, құндысын тәрк етуде. Сөзіміз дәлелді болу үшін солардың біріне тоқталайық…

Бүгінде Қазақ арасында өздерін аса ұлтшыл адамдар санатына қосып, ұлтымызға жат идеалогияны тықпалайтын өздерін «тәңіршіл» атаған топ белең алып, береке қашыра бастады. Бір қызығы «тәңіршілдік дінін» ұстанамыз дейтін бұл топтың ұстанымын дін деуге келмейді. Дұрысы дінге жатпайды! Себебі кез-келген діннің сүйенер кітабы, жол көрсетер көсемі, үлгі етіп, өнеге тұтар өлшемі болмайтын ба еді?! Бұларда ол жоқ. Керексе «Тәңіршілдік» қандай дін екенін, қандай дін болғанын, «Тәңір» дегеннің не екенін білмейтін қара көз қандастарымыздың да өздерін «Тәңіршіл» атап жүргенін құлағым естіп, көзім көрді. Ал кейбір «естияларының» сөзіне жүгінсек ата-бабамыз осы жолды ұстанған, Сол үшін бар Қазақ «тәңіршілдікті» ұстануы керек екен. Айтылған уәждің арнасына бойлап көрейік…

Адам атадан бастап соңғы пайғамбарға дейінгі адам баласының ұстанған діні бір Құдайлық, яғни бір Тәңірлік. Бұған дейінгі бүкіл пайғамбарлардың жеткізгені де сол бір құдайлық еді. Бірақ бұның өзі ғылми терминде «тәңіршілдік» деп емес, «ханиф діні», «таухид діні» деп танылған.  Демек ол тұстағы «тәңіршілдіктің» өзі мән-мағынасы бар, белгілі ұстанымы бар ұсқынды жол. Себебі сол кезеңдерде жіберілген пайғамбарларға толық бір кітап түрінде болмасада, парақтар түсіріліп, тура жолға бағыттап отырған. Жол бастаушы пайғамбарлары болған.  Аталған дінді біздің ата-бабаларымыздың да ұстанғаны белгілі. Алайда олардың бүгінгі «тәңіршілдерден» айырмашылығы арнадан ауытқып, атауға жармасып, «Тәңір» бар, «Құдай жоқ» деп, ақылдан адасып, құрғақ пәлсәпаға бой ұрған жоқ. Негізсіз «нұр» іздеп, ойдан дін жасап, қолдан көсем тудырған жоқ. «Тәңірді» «Құдай, Жаратушы» ұғымында түсінді де, тура бағыттан тайқымады. Ал, «Тәңір» сөзінің тарихына келсек, тамыры тереңде екеніне дау жоқ. Сөз балбалдарға қашалып жазылған ежелгі жазбалардан көрініс табады. Сөздің түбірін тіл майталмандары түрліше болжағанымен, мағынасына келгенде бәрібір «Құдай, Жаратушы» деген сөздің айналасына тоқталған. Демек ата-бабамыз ислам діні келгенге дейінде Құдайға құл болған. Жаратушыны мойындаған. Ал, «Тәңір» сөзінің тасқа жазылуы «тәңіршілдік» деген дін болғанға, немесе одан басқа дін ұстанбау керектігіне, «тәңірден» басқа атауды қолдануға болмайтындығына дәлел емес. Ол тек сол тұста қоланылған тілдік термин ғана. Тіпті бүгінгілердің ыңғайына жүгініп, сол баяғы бабалардың дінін бағыт қып ұстап жүр дер болсақ да, бұлардың шекара аттап, шетке шығып кеткенін ұғыну қиын емес. Оған екі кезеңнің сенімдерінде бір-біріне мүлде жанаспайтын кереғар қайшылықтың болуы соның айғағы. Мысалы «ханиф» дінінде(бір Құдайлық) болған ата-бабаларымыз әлемді бір жаратушының болғанына сеніп, Соған құлдық ұрған болса, бүгінгі «тәңіршілдердің» ұстанымында Қазақ баласына, тіпті Түркі даласына жат болған «индуизм» діннің сенімдеріне ұштасатын «үндестіктері» бар. Нақтырақ айтқанда аталған діндегі «реинкарнация»(рухтардың денеден денеге көшуі) танымынымен түйісетін тұстары кездеседі. Реинкарнация сенімі бойынша «рух дененің ішіне кіріп өмір сүріп, ол дене іске жарамай қалғанда(адам қайтыс болғанда) екінші бір денеге өтеді. Осылайша жан ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, мәңгілікке жер бетінде жасай бермек». Ал бүгінгі таңдағы «тәңіршілдердің» танымы бойынша, «біздің денеміздегі жан өзіміздікі емес, ата-бабаларымыздың рухы. Бізді ұдайы солар қорғап-қолдап, қолпаштап жүреді». Қарап отырсаңыз атауы мен түсі екі басқа көрінетін екі нанымның бір-біріне етене жақындығын аңғару қиын емес. Осыдан кейін оларды «ата-баба жолын ұстанып жүр» деп көріңіз…

Үзілген жерді жалғайық. Жоғарыда ислам діні келгенге дейінгі тура жол бір Құдайлық екенін айттық. Ал, кейіннен соңғы пайғамбарға алғашқы түскен кітаптарды толықтырып, жүйелеп, барлық діндердің басын қосып, кемелдендіріп ақыретке дейін қалатын, жалпы адамзатқа ортақ дін етіп исламды бекітті. Соңғы пайғамбар Мұхаммедті(c.ғ.с) жіберді. Жол көрсетер кітабын Құран етті. Алла Тағала сол Құранда: «Мен сендердің діндеріңнің ислам болғанына разы болдым», «Расында Алланың алдындағы тура дін, ол – Ислам» деп дін мәселесінің нүктесін қойды. Осы ретте біз ата-бабамыз деп тек Сақ, Ғұнды ғана емес, түркі жұртын, одан тараған бізге дейінгі бар Қазақты айтатынымызды һам мойындайтынымызды ескерсек, осы соңғы дін ислам келгеннен бір ғасыр өтер өтпестен жатып-ақ түркі даласына ислам діні келді, оны бабаларымыз қабылдады. Тіпті сегізінші ғасырдың ортасында, яғни Қарахан дәуірінде мемлекеттік дін болып бекітілді. Аталған кезеңдерден бастап бүгінге дейін Қазақ даласы мұсылмандықтан ажыраған жоқ. «Елім-айлап» еңіреп, аттың жалы, түйенің қомында күн кешіп, түмендеген жау түрен салған жаугершілік замандарда да діннен безген жоқ. Ендеше тізбекпен жеткен тура жолдан тайқып шығып,  соноооу ертедегі із-дерегі сирегені анық «Тәңіршілдікті» ту етіп, санаға Сақ, Ғұн дәуірінен басқаны сыйдыра алмау құдықтағы құрбақаның кейпі емес пе?! Қала берді Қазақтың ғасылрар бойы мұсылман боп келгенін біле тұра «ата-бабамыздың» діні деп «тәңіршілдікке» таңылу «біздің ата-бабамыз Қазақ емес, Сақ пен Ғұндар ғана» деген аспаннан түскендік ұғымға барып үндеспей ме?! Сонда екі араны жалғап тұрған тізбекті үзбекпіз бе? Әрине бұл санаға теріс, ақылға томпақ.

Арғы-бергі тарихымызға үңілсек ата-бабамыз Алласын ауызынан тастамаған. Тіптен Қазақ Қазақ болғалы Алла жолын ауыз әдебиеті мен дала мәдениетіне әбден-ақ сіңірген екен. Бүкіл ауыз әдебиеті, жыраулар әдебиеті, салт-дәстүр, әдет-ғұрп, ақыл-нақылымыздың барлығында ислам дінінің элементтері көрініс табады. Ал «тәңіршілдік» турасында тың дерек, нақты мәлмет жоқ. Бұдан түсінетініміз, хақ дін – Қазақтың қан тамырына сүтпен сіңіп, сүйекпен сақталып, жыр болып жатталып қалған. Алаш қайраткері Ахметтің Байтұрсынұлының сөзімен айтсақ: «Қазақ дінге нашар күйден өткен. Енді Қазақты басқа дінге аударамын деу құр әурешілік». Деседе солай екен деп арқаны кеңге салып отыра беру тағы болмайды. Ғылым-техникасы қарыштап дамыған біздің ғасыр мұсылмандықтың «төлқұжаты» болған Құран ғажайыптарына таңдай қағып, тамсанып, тәнті болып отырғанда, «тәңіршіл» қауымның Құранды «ертегі» санап, не дінді, не ғылымды мойындамай, «әлмисақтан мұсылманбыз» деп келген Қазақ халқын асыл дінінен ажыратпаққа, арам пиғылдарын айлаға асыруға тырысуы бей-жәй қарап, бейтарап қалдыруға болмайтын мәселе.  Егер жұрт болып жұмылып, билікке жүгініп бұл індеттің алдын алмасақ, ұлтты өз ішінен бөліп, ірткіге салып, алауыздыққа ұшыратып, еліміздің ертеңі мен ұрпағымыздың болашағының тамырына балта шаппасына кіп-кепіл?! Бір бұл емес, басқада толып жатқан түрлі ағым иелері алды алдына жүрген жерінде «ұлтшыл» көрініп, дінінің діңгегі қисайып тұрған жұртқа өз идеялогиясын емін-еркін жая беру мүмкіндігіне ие болса, айналасының санасына сызат, сеніміне селкеу түсірері анық. Ал «өріктің өзегіне ендеген құрт, түбінде түп орнымен кеулеп алмасын» кім болжапты?! Олай болса ата-баба жолының айбарын асқақтату үшін, ата дініміздің байрағын көтеріп, арам пиғылды жат ағымдардың балақтан өрлеп басқа шығуына тоқтау салуымыз керек. Бұл әр Қазақтың асыл дінімізге һам ата дәстүрімізге деген аманатшылдығы болмақ! Ал, Аманатқа қинат жасау – қылмыс!