Нұр-Мүбарак
Египет ислам мәдениеті университеті

БАСТЫ МАҚСАТ – БАЛАҒА БІЛІМ БЕРУ

12/04/2016

Бүгінде жаңадан енгізілген бірыңғай мектеп формасына қатысты пікірлер де сан алуан. Осы мәселеде «Қоғамды ортақ пікірге топтастырудың жолдары қандай?» деген сауалды белгілі ғалым, философия ғылымдарының докторы, академик Ғарифолла Есімге қойған едік. 

– Ғарифолла аға, қазіргі уақытта жаңадан енгізілген мектеп формасына қатысты пікір екіге жарылып тұр. Біреулер бірыңғай мектеп фор­масының енгізілуі дұрыс шешім десе, енді бір топ оны діни талаптарға қайшы деген уәжді алға тартады. Жалпы, бұл мәселеде екі жақтың да көзқарасын ескере отырып, ортақ пікірге келудің жолы бар ма?
– Қазақстанда он сегіз конфессия және жүз отыздан астам этнос өкілдері өмір сүреді. Сондықтан да Ата Заңымызда: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп көрсетілген. Қазақстанда әр адамға заң жүзінде діни сеніміне, оны таңдауына және ұстануына кепілдік беріледі. Бірақ, әрине мұның барлығы заң шеңберінде іске асуы тиіс.
Еліміздегі этносаралық және конфессияаралық татулық көптеген елдерге үлгі. Себебі сенімі мен көзқарасы әралуан ұлттармен ұлыстар бір мемлекетте береке бірлікте өмір сүріп келеді. Елдің бірлігі мен татулығы – біздің ең құнды жәдігеріміз. Адам баласы өзі үшін ең қымбат нәрсесін барынша сақтап қалуға тырысады. Оған қандай да бір зиян тимесін деп басқалардан қорғайды. Дәл сол секілді, біз де елдегі этносаралық бірлік пен конфессияаралық та­т­улықты түрлі жағдайлардан сақ­тауымыз керек. Ол үшін мем­лекет шығарған заңдарды құрметтеп, соның аясында бір адамдай жина­луымыз тиіс. Заң мен ережелер қоғамдағы азаматтар арасындағы қарым-қатынасты реттейді, адам­ның құқығын қорғайды.
Еліміздегі Білім және ғылым министрлігі тарапынан бірыңғай мектеп формасына қатысты қойылған талаптар да біздің жас азаматтар мен азаматшалардың құқығын қорғауға, әрі елдегі конфессияаралық бірлікті сақтауға бағытталған деп ойлаймын. Өйт­кені министрліктің 2016 жылғы 14 қаңтардағы № 26 бұйрығында «Білім берудің зайырлы сипатын іске асыруға және орта білім беру ұйымдары білім алушыларының арасында әлеуметтік, мүліктік және басқа да өзгешеліктердің белгілерін жоюға бағытталған» деп көрсетілген.
– Яғни, Сіз де министрліктің бұл талабын орынды деп санайсыз ғой?
– Біріншіден, білім саласындағы бұл бұйрық зайырлы мемлекеттегі зайырлы білім берудің сипаты. Заң адамның ұлтына, нәсіліне, тегіне, дініне, тіліне қарамайды. Ол барлық адамға тең. Бауыржан Момышұлы айтқандай: «Тәртіпке бағынған құл болмайды». Елдегі тұрақтылықтың баянды болуын қаласақ, мектеп формасына қатысты бұл өзгеріске түсіністікпен қарағанымыз жөн. Егер бір конфессия өкілі мектепке діни рәміздері бар киім үлгісімен келсе, онда өзінің діни-сенім ерекшелігін көрсеткісі келетін басқа сенім өкілінің келмейтініне кім кепіл? Дәл сол сияқты мектеп қабырғасын «сән алаңына» айнал­дыруға жол бермеген дұрыс.
Екіншіден, мүфтият мектептегі киім үлгісіне қатысты: «Діндар азаматтар қоғамнан бөлек өмір сүрмейді. Дініміздегі бойұсыну – негізгі міндеттердің бірі. Сондықтан, мұсылмандар заңға құрметпен қарайды.Еліміздің заңнамалары бізге балаларымыздың орта білім алуын қамтамасыз етуімізді міндеттейді. Білімсіздік бүлікке бастайтынын ұмытпайық. Сондықтан қыз баланың толық­қанды зайырлы білім алуына назар аударуға кеңес береміз…» деп өз ұстанымдарын білдірді.
Бірақ осы ретте мектеп әкім­шіліктері мен қоғамдық кеңестер және ата-аналар мектептерде киім үлгісін қабылдауда қыздарымыз үшін дәстүрімізге сай киімдер таңдаса екен деген тілек білдіргім келеді. «Бірыңғай форма осы екен» деп алыс-жақын шет мемлекеттердегі жарнамалардағы сияқты мектеп оқушысына жараспайтын тым ашық киімдер мектеп қабырғасы үшін артықтау. Өйткені бұйрықта «Мектеп формасының түсін, үлгiсiн таңдауды және юбканың ұзындығын орта білім беру ұйымы мен қоғамдық кеңес айқындайды, жалпымектептік ата-аналар жиналысының хат­тамасымен бекітіледі» және «…ата-аналар мен өзге де заңды өкілдер мектеп формасы туралы мәселелерді талқылауға қатысады және оны жетілдіру бойынша ұсыныс енгізеді» деп көрсетілген.
Қарасаңыз, бұл бұйрық ата-анаға да, оқушыға да киім үлгісін, оның пішіні мен түсін таңдауға еркіндік беріп отыр. Бірыңғай мектеп формасына қарсы болған ата-аналар мектеп формасы туралы мәселелерді талқылау мәжілістеріне қатысып, өз ұсыныстарын айтып, оны одан әрі жетілдіруге құқылы.
Мектеп директорлары мен мектеп формасын шығаратын өндірушілерге айтарым «әлеуметтік теңдік», «қолжетімділік», «тәртіп» деген ұғымдар шын мазмұнын жоғалтып алмаса екен деймін. Өйт­кені көптеген ата-ана осы негіздерге сеніп, яғни мектепте әлеуметтік теңдік орнайды, форманың бағасы қолжетімді болады, баламыз сыптай болып, мектептің тәртібіне көнеді деп біріңғай мектеп формасына келісімдерін беріп отыр. Басшылық осы сенімді ақтай білсе екен.
– Жалпы, зайырлы қоғамда өмір сүретін мұсылман қандай болу керек?
– Әуелі мына мәселені ашып алайық. Әдетте, зайырлылық деген уақытта кейбір азаматтар дереу дінсіз қоғам деп түсінеді. Бұл қате пікір. Зайырлы қоғамда діни сенімге еркіндік беріледі. Еліміздегі 18 конфессиядан тұратын 3,5 мыңнан асатын діни бірлестік осының дәлелі.
Жақында ғана ҚМДБ медре­селері колледж деңгейіне көтеріліп, олардың оқу бағдарламаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Міндетті діни пәндерден бөлек, қазіргі заман талабына сай қоғамдық пәндер қосылды. Бұдан былай медресе-колледждерді бітірген жастарымыз кез-келген мемлекеттік мекемеде діни және зайырлы мамандықтар бойынша қызмет ете алады. Міне, зайырлы қоғамдағы мемлекет пен діннің үйлесімді қарым-қатынасы осы. Ал енді зайырлы қоғамдағы мұсылманның бейнесіне келер болсақ, онда ол заманауи сауатты, көзі ашық, діннен хабары бар, көкірегі ояу болуы керек. Егер адамның діннен хабары болмаса, онда оның кез-келген теріс ағымның ықпалында кетіп қалуы ғажап емес. Оның қаншалықты қатерлі екенін күнделікті БАҚ-тан көріп отырмыз. Сондықтан, елдің ертеңін ұстайтын бүгінгі жас ұрпақтың заманауи білім алып, Отанымыздың адал азаматы ретінде тәрбиеленуіне бәріміз мүдделі болуымыз тиіс деп есептеймін.
– Оқырмандарымыздың көкейін­де жүрген мәселеге толық­қанды жауап берген әңгімеңіз үшін рақмет.
– Сіздерге де жұмыста табыс тілей отырып, мен мынаны айта кеткім келеді: мемлекетіміздің зайырлы қағидатына тұғырланатын заманауи қазақстандық қоғам еліміздің бүгіні мен ертеңіне қатысты мәселелерге үнемі сер­гектік танытатын азаматтардың белсенділігімен ғана өміршең. Ендеше жастарымыздың беті ашық, жүзі жарқын болуына барлығымыз мүдделі болайық дегім келеді, ағайын!

Батыр ЖАСҰЛАН