Нұр-Мүбарак
Египет ислам мәдениеті университеті

Думан САЙФУЛЛА:»АБАЙ ТУЫНДЫЛАРЫНЫҢ ХАДИСТЕРМЕН ҮНДЕСТІГІ»

07/12/2016

 

Кеңес өкіметі тұсында «дін — апиын, дін — қара ін» деп халқымыздың рухани байлығы терең тұңғиықта тұншыққан күй кешкені мәлім. Соның ішінде талай кемеңгерлеріміздің имандылық тақырыбындағы шығармалары да аз зардап шеккен жоқ. Ата-бабалар аңсаған тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін, жоғалып кетудің ар жақ, бер жағында болған рухани құндылықтарымызбен қайта қауыштық. Сол кеңес өкіметі тұсында Абай мұрасын сақтау үшін Мұхтар Әуезов та оны «социалистік шындықтың жыршысы» ретінде көрсетуге мәжбүр болды. Ал қазіргі уақытта Абай өз шығармасында имандылық жолын ту етті деп ауыз толтыра айта аламыз. Абайдың қозғамаған тақырыбы кемде-кем. Абай сөзі адамның ойында тұрғанды дәл басып айтады. Оның әрбір сөзі қазақ халқы үшін асыл маржан. Сондықтан ол — Абай. Сонда ақын шығармашылығындағы даналықтың сыры неде? Оны Абайдың өз шығармашылығынан іздеген жөн сияқты. Данышпан өзінің рухани дамып кемелденуіне қасиетті Құран мен пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.)-ның хадистерін негіз еткендігін мына бір шумақ өлеңінде анық айтады:

«Әуелі аят, хадис сөздің басы,

Қосарлы бәйіт мысал келді арасы.

Қисыны мен қызықты болмаса сөз

Неге айтсын пайғамбар мен оны Алласы».

Адамның кезкелген проблемасына Абайдың қанағаттанарлық жауабы дайын тұратындығының да сыры осында. Өйткені Абай сөздің нәрін ақиқаттан алады. Ол — Алланың сөзі Құран мен пайғамбар (с.а.у.)-ның хадисін жұмыр-жұмсақ қылып қазақ халқына жеткізуші. Абай шығармашылығын оқып отырып, әсіресе, пайғамбар Мұхаммед (с.а.у.)-ның хадистерімен көптеген тұстарының ұқсастығын байқау қиын емес.

Енді осы ұқастықтардың кейбіреуін салыстырып көретін болсақ, Абай:

«Аллаһ мінсіз әуелден пайғамбар хақ,

Мумин болсаң, үйреніп, сен де ұқсап бақ…

…Руза, намаз, зекет, хаж-талассыз іс,

Жақсы болсаң, жақсы тұт бәрін тегіс», -деп жазған өлеңі дәл пайғамбар (с.а.у.)-ның:

بُنِيَ الْإِسْلَامُ عَلَى خَمْسٍ شَهَادَةِ أَنْ لَا إِلَهَ إِلَّا اللَّهُ وَأَنَّ مُحَمَّدًا رَسُولُ اللَّهِ وَإِقَامِ الصَّلَاةِ وَإِيتَاءِ الزَّكَاةِ وَالْحَجِّ وَصَوْمِ رَمَضَانَ

«Ислам бес нәрседе құралған: Алла тағаладан басқа тәңір жоқ және Мұхаммед (с.а.у.) Аллаһ елшісі екендігіне куәлік беру, намаз оқу, зекет беру, қажылық өтеу және рамазанда ораза тұту»,-деген хадисіне сүйеніп айтылған (Әл-Бұхари, Муслим, әт-Тирмизи, Насаи және Ахмад).

Пайғамбар (с.а.у.) айтқан исламның негізгі бес тірегін Абай осылайша өлең сөздерімен өрнектеген. Тек қана өлеңдерінде ғана емес, қара сөздерінің де көптеген тұстары пайғамбар хадистерімен мағыналас айтылған. Мысалы, он төртінші сөзінде данышпан бабамыз: «Рақымдылық, мейірбандылық, әртүрлі істе адам баласын өз бауырым деп, өзіне ойлағандай оларға да болса игі еді демек, бұлар — жүрек ісі», -деп жазады . Ал хадис-шарифте:

لَا يُؤْمِنُ أَحَدُكُمْ حَتَّى يُحِبَّ لِأَخِيهِ مَا يُحِبُّ لِنَفْسِهِ

«Сендер өздеріңе қалаған нәрсені басқа мұсылман бауырларыңа қаламайынша ешқайсыларың иман еткен болып саналмайсыңдар»,- деп айтылған (Бұхари). Хадис Аллаға кәміл иман еткен адам өзін ойлағандай басқаны да ойлап, өзіне қалаған жақсылықты басқаға да қалауы керектігін үйретеді. Өйткені бұл иманның көрінісі. Абай болса, бұл қасиет имандылықтан бастау алатындығын «бұлар — жүрек ісі»,- деп түртіп көрсетеді. Өйткені иманның бекитен орны — жүрек. Абай осы жүрек мәселесіне аса үлкен мән беріп, он жетінші қара сөзінде қайрат, ақыл және жүректі пікірталасқа түсіреді. Қайрат пен ақылдың таласты сөзінен кейін жүрек айтыпты: «Мен — адамның денесінің патшасымын, қан менен тарайды, жан менде мекен қылады, менсіз тірлік жоқ… Үлкеннен ұят сақтап, кішіге рақым қылдыратұғын — мен, бірақ мені таза сақтай алмайды, ақырында қор болады. Мен таза болсам, адам баласын алаламаймын: жақсылыққа елжіреп еритұғын — мен, жаманшылықтан жиреніп тулап кететұғын — мен, әділет, нысап, ұят, рақым, мейірбаншылық дейтұғын нәрселердің бәрі менен шығады, менсіз осылардың көрген күні не?» — депті. «Осы үшеуің басыңды қос, бәрін де жүрекке билет», — деп ұқтырып айтушының аты ғылым екен. «…Үшеуің ала болсаң, мен жүректі жақтадым. Құдайшылық сонда, қалпыңды таза сақта, құдай тағала қалпыңа әрдайым қарайды деп кітаптың айтқаны осы», — депті. Мұсылманнан жүректің дұрыстығын, тазалығын талап еткен пайғамбарымыздан да (с.ғ.с) жүрекке байланысты мына хадис жеткен:

أَلَا وَإِنَّ فِي الْجَسَدِ مُضْغَةً إِذَا صَلَحَتْ صَلَحَ الْجَسَدُ كُلُّهُ وَإِذَا فَسَدَتْ فَسَدَ الْجَسَدُ كُلُّهُ أَلَا وَهِيَ الْقَلْبُ

«Расында адам баласының денесінде бір кесек ет бар,егер ол дұрыс болатын болса, бүкіл дене дұрыс болады. Егер ол жаман болатын болса, бүкіл дене жамандыққа ұшырайды. Ал ол кесек ет жүрек емес пе?» (Бұхари, Муслим). Абайдың «Құдайшылық сонда, қалпыңды таза сақта, құдай тағала қалпыңа әрдайым қарайды» дегеніне келсек, пайғамбар (с.а.у.) -ның хадисінде:

إِنَّ اللَّهَ لَا يَنْظُرُ إِلَى صُوَرِكُمْ وَأَمْوَالِكُمْ وَلَكِنْ يَنْظُرُ إِلَى قُلُوبِكُمْ وَأَعْمَالِكُمْ

«Расында Алла тағала сендердің түрлерің мен дүниелеріңе қарамайды, Алла тағала сендердің жүректерің мен жасаған амалдарыңа қарайды» (Муслим).

Мұндағы данышпанның «кітаптың айтқаны осы» дегені Абайдың қасиетті Құран мен пайғамбар (с.а.у.)-ның сүннетін меңзегені анық. Өйткені Құранда бұл турасында:

يَوْمَ لَا يَنْفَعُ مَالٌ وَلَا بَنُونَ

إِلَّا مَنْ أَتَى اللَّهَ بِقَلْبٍ سَلِيمٍ

«Ол күні дүние де, балаларың да пайда бермейді, тек қана дұрыс жүрекпен ғана келгендер құтылады»,-деген аят бар (Шұғара сүресі, 88-89- аят).

Ақын өлең жолдарында да осы тақырыпқа тоқталып:

«Алла деген сөз жеңіл,

Аллаға ауыз жол емес.

Ынталы жүрек, шын көңіл,

Өзгесі хаққа қол емес», – дейді.

Абай шығармашылығы мен хадис үндестігін ары қарай зерделейтін болсақ, он бесінші сөзінде данышпан бабамыз «Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса, жұмасында бір, ең болмаса, айында бір, өзіңнен өзің есеп ал»,-деп айтады. Имам Тирмизидің жинағында Алла елшісінің:

الْكَيِّسُ مَنْ دَانَ نَفْسَهُ وَعَمِلَ لِمَا بَعْدَ الْمَوْتِ

«Есті (адам) — өзін есепке тартып, өлімнен кейінгі іс үшін амал жасайды»,-деп айтқан хадисі келтіріледі. Тирмизидің хадиске берген түсініктемесін де арабша нұсқада келтіре кеткенді жөн көрдік. Ол жерде:

وَمَعْنَى قَوْلِهِ مَنْ دَانَ نَفْسَهُ يَقُولُ حَاسَبَ نَفْسَهُ فِي الدُّنْيَا قَبْلَ أَنْ يُحَاسَبَ يَوْمَ الْقِيَامَةِ وَيُرْوَى عَنْ عُمَرَ بْنِ الْخَطَّابِ قَالَ حَاسِبُوا أَنْفُسَكُمْ قَبْلَ أَنْ تُحَاسَبُوا

«Бұл хадистің мағынасы қиямет күні есепке тартылмай тұрып өзіңді есепке тарт деген сөз. Омар ибн әл-Хаттабтың: «Есепке тартылмай тұрып өздеріңді есепке алыңдар», -дегені риуаят етіледі» -делінген. Абай атамыз болса, бұны қазақи әрі түсінікті тілге өңдеп: «Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса, жұмасында бір, ең болмаса, айында бір, өзіңнен өзің есеп ал», -деп қолданған. Жиырмасыншы қара сөзінде Ибраһим Құнанбайұлы:

«Тағдырдың жарлығын білесіздер — өзгерілмейді» -деп жазады.

Ибраһим Құнанбайұлы бабамыздың бұл сөзі пайғамбар (с.а.у.) -ның имам Тирмизи келтірген:

رُفِعَتْ الْأَقْلَامُ وَجَفَّتْ الصُّحُفُ

«Қалам әлдеқашан көтерілген, ал парақтар құрғаған»,-деген хадисінің мәтініне тұспа-тұс айтылған.

Бұл жерде бүкіл дүниенің тағдыры әу бастан жазылған, енді бұдан кейін жазылмайды деген мағынада айтылған. Қара сөздерге ары қарай бойлар болсақ, отыз төртінші қара сөзде: «Еш адамның көңілінде екі қуаныш бірдей болмайды, екі ынтық құмарлық бірдей болмайды, екі қорқыныш, екі қайғы — олар да бірдей болмайды. Мұндай екі нәрсені бірдей болады деп айтуға мүмкін емес. Олай болғанда, қай адамның көңілінде дүние қайғысы, дүние қуанышы ахирет қайғысынан, ахирет қуанышынан артық болса, мұсылман емес»,-деп айтылады. Енді пайғамбар (с.ғ.с.) сөзіне үңілейік. Әбу Һурайра (р.а)-тан жеткен хадисте:

وعزتي لا أجمع على عبدي خوفين وأمنين ، إذا خافني في الدنيا أمنته يوم القيامة ، وإذا أمنني في الدنيا أخفته يوم القيامة »

«Ұлықтығыммен ант етемін, бір пендемнің бойында екі қорқыныш немесе екі тыныштықты бірге болдырмаймын. Егер менен дүниеде қорқатын болса, онда қияметте тыныштықта болмақ. Ал егер менен бұл дүниеде (жүрегі) тыныштықта болса, қияметте қорқыныш билейтін болады»,-делінген. (Ибн Хаббан,Байхақи). Демек, кім бұл дүниеде Құдайдан қорқатын болса, ертең қияметте жүрегінде тыныштық орнайды. Ондай жанға ешқандай қауіп-қатер төнбейді. Ал керісінше, болуы зарар немесе Абай тілімен айтатын болсақ, «қай адамның көңілінде дүние қайғысы, дүние қуанышы ахирет қайғысынан, ахирет қуанышынан артық болса, мұсылман емес».

Отыз бесінші қара сөзінде Абай: «Махшарға барғанда Құдай тағала қажы, молда, сопы, жомарт, шейіт — соларды қатар қойып, сұрар дейді. Дүниеде ғиззат үшін, сый-құрмет алмақ үшін қажы болғанды, молда болғанды, сопы болғанды, жомарт болғанды, шейіт болғандарды бір бөлек қояр дейді. Ахиретке бола, бір ғана Құдай тағаланың разылығын таппақ үшін болғандарды бір бөлек қояр дейді. Дүние үшін болғандарға айтар дейді:

«Сендер дүниеде қажеке, молдеке, сопеке, мырзеке, батыреке аталмақ үшін өнер қылып едіңдер, ол дүниең мұнда жоқ. Сендердің ол қызықты дүниең харап болған, сонымен қылған өнерлерің де бітті. Енді мұнда құрмет алмақ түгіл, сұрау беріңдер! Мал бердім, өмір бердім, не үшін сол малдарыңды, өмірлеріңді, бетіңе ахиретті ұстап, дін ниетің дүниеде тұрып, жұртты алдамақ үшін сарп қылдыңдар?» деп.

Ана шын ниетіменен орнын тауып, бір құдайдың разылығы үшін өнер қылғандарға айтар дейді: «Сендер бір ғана менің разылығымды іздеп малдарыңды, өмірлеріңді сарп қылып едіңдер, мен разы болдым. Сіздерге лайықты құрметті орным бар, дайын, кіріңдер! Һәм ол разылықтарыңнан басқа осы махшар ішінде, сендердің осы қылғаныңа өзі қылмаса да, іші еріп, ынтық болған достарың табылса, шафағат қылыңдар!» — деп айтар дейді.

Хадисте: «Әлбетте, Аллаһ табарака уа тағала күнінде Өзінің жаратқандары арасында бүкіл бойсұнушы үмбетке үкім етеді. Бірінші, Құранды жаттап алғанмын дейтін қари, Аллаһ жолында өлтірілген шейіт және бай кісіге үкім қылады. Аллаһ тағала (Құран жаттаған) қариға: “Расулыма түсірген нәрсені саған үйретпедім бе?” — дегенде ол “Үйреттің, ия,Раббым”, — дейді. “Үйреткен нәрселеріме қалай амал қылдың?” — деп сұрағанда Аллаһ тағала. “Күндіз-түні Құран оқыдым”, — дейді қари. “Өтірік айтасың”, — дейді Аллаһ тағала және періштелері де: “Өтірік айттың”, — дейді. “Бәлки сен пәленше қари, деп айтуды қалаған едің, әлбетте сондай деді де”, деп тозаққа алып баруын әмір етеді. Бай кісіге: “Мен саған мал-дүние бердім, сен Мен үшін қандай амалдар істедің?” — дейді Аллаһ. Сонда ол: “Мал- дүниемді қайырымдылық жолдарына жұмсадым және садақалар бердім”, дейді. “Өтірік айтасың” дейді Аллаһ тағала және періштелері де: “Өтірік айтасың” дейді. “Бәлки, пәленше, сахи (жомарт) кісі екен, деулерін қалаған едің, олар солай деп айтты да”, дейді де тозаққа алып баруларын бұйырады. Сосын Аллаһ жолында өлтірілген кісіні алып келеді. Оған: “Не үшін өлтірілдің?”,- дейді Аллаһ тағала. Ол кісі: “Сенің жолыңда соғыстым, сенің жолыңда өлдім”, — дейді. “Өтірік айттың”, — дейді Аллаһ тағала және періштелері де: “Өтірік айттың” дейді. “Бәлки сені “Пәленше батыр” деп айтуын қалаған едің. Солай деп айтты да”, — дейді. Сосын оны да тозаққа алып баруын әмір етеді…»,-деп айтылған.

Ойшылдың он бесінші қара сөзінде келген мысалы пайғамбардан жеткен хадиске толығымен сүйеніп жазылған. Өзгешілік тек қана пайғамбар (с.ғ.у.) хадисінде мысалдың обьектісі ретінде қари, шейіт және жомарт алынса, ал Абайда ол қажы, молда, сопы, жомарт, шейіт болып толығады.

Абай отыз алтыншы қара сөзінде:

«Пайғамбарымыз салаллаһу ғалайһи уәссәлләмнің хадис шарифінде айтыпты: «мән лә хаяһүн уәлә иманун ләһу» деп, яғни кімнің ұяты жоқ болса, оның иманы да жоқ деген. Біздің қазақтың өзінің мақалы да бар: «ұят кімде болса, иман сонда» деген. Енді бұл сөзден білінді: ұят өзі иманның бір мүшесі екен»-деп айтқан. Хакім: «кімнің ұяты жоқ болса, оның иманы да жоқ» — деген хадисті келтіріп, сонымен қатар оны қазақтың мақалымен салыстырады. Пайғамбар (с.а.у.) өз сөзінде:

فَإِنَّ الْحَيَاءَ مِنْ الْإِيمَانِ

«Расында, ұялшақтық иманнан»,- деген (Бұхари).

Қара сөз келесі жалғасын: «Осы күнде менің көрген кісілерім ұялмақ түгіл, қызармайды да. «Ол істен мен ұятты болдым дедім ғой, енді нең бар?»- дейді. Я болмаса, «Жә, жә, оған мен-ақ ұятты болайын, сен өзің де сүйтіп пе едің?»- дейді. Немесе, «пәленше де, түгенше де тірі жүр ғой, пәлен қылған, түген қылған, менікі оның қасында несі сөз, пәлендей, түгендей мәнісі бар емес пе еді?»- деп, ұялтамын десең, жап-жай отырып дауын сабап отырады. Осыны ұялған кісі дейміз бе, ұялмаған кісі дейміз бе? Ұялған десек, хадис анау, жақсылардан қалған сөз анау. Осындай адамның иманы бар дейміз бе, жоқ дейміз бе?!»-деп табады.

Ибраһим Құнанбайұлының шариғат мәселелерін көптеп қозғаған қара сөздеріне отыз сегізінші қара сөзі жатады. Ол сөзінің бас жағында:

«Алла тағала өзі — хақиқат, растықтың жолы»,-деп айтады. Өлең сөздерінде де ақынның:

«Алланың өзі де рас, сөзі де рас,

Рас сөз ешқашан да жалған болмас», -деген сөздері

Муатта кітабында келген пайғамбар (с.а.у.)-ның:

أَنْتَ الْحَقُّ وَقَوْلُكَ الْحَقُّ

«(Аллаһым) Сен ақиқатсың, сенің сөзіңде ақиқат»,-деген хадисіне дәлме-дәл келеді.

Бұдан байқайтынымыз, бұл өлең жолдарының негізгі формасы пайғамбар хадисінен алынған. Осы қара сөзінде Абай Алла тағаланың сипаттары жайында сөз қозғап: «Заты түгіл, хикметіне ешбір хакім ақыл ерістіре алмады. Алла тағала — өлшеусіз, біздің ақылымыз — өлшеулі. Өлшеулімен өлшеусізді білуге болмайды»-деп жазады. Пайғамбарда өз сөзінде Алла тағаланың заты жайлы көп ой жүгіртпеуге бұйырып:

تُفَكِّرُوا فِي خَلْقِ اللهِ وَلَا تُفَكِّرُوا فِي الله فِإنَّكُمْ لَنْ تَقْدِرُوا تَقْدِرُوا قَدْرَهُ

«Алла тағаланың жаратылысы жайында ой жүгіртіңдер, Алла тағаланың заты жайлы ой жүгірпеңдер. Өйткені сендер оның құдіретіне жете алмайсыңдар»,-дейді (Әбу Нағим, Исбаһани).

Абай атамыз аталмыш сөзінде :«Тәфаккару фиғла иллаһи» деген хадис шарифтің»,- деп айтады. Бұл — пайғамбардың Ибн Омардан жеткен:

تَفَكَّرُوا فِي آلاءِ اللَّهِ ، وَلا تَتَفَكَّرُوا فِي اللَّهِ

«Алла тағаланың ұлықтығы жайында ойлаңдар, Алла тағаланың заты туралы ойламаңдар»,-деген хадисі. (Байхақи, Табарани). Осы тақырыпта данышпан бабамыз сөзін ары қарай жалғастырып: «Құдай табарака уа тағала кітаптарда сегіз субутия сипаттары бірлән, уә тоқсан тоғыз Әсмаи хұсналар бірлән білдірген»,- деп жазады.

لِلَّهِ تِسْعَةٌ وَتِسْعُونَ اسْمًا مَنْ حَفِظَهَا دَخَلَ الْجَنَّةَ وَإِنَّ اللَّهَ وِتْرٌ يُحِبُّ الْوِتْرَ

Алла тағаланың тоқсан тоғыз есімі бар. Кім оны жаттайтын болса, жаннатқа кіреді. Расында Алла тағала үтір (жалғыз), үтірді жақсы көреді.

Демек, Абайдың «тоқсан тоғыз Әсмаи хұсналар бірлән білдірген», — деп отырғаны пайғамбардың айтқан Алла тағаланың осы тоқсан тоғыз есімі. Абай дәл осы сөзінде басқада хадис шарифтерді де келтіреді. Мысал үшін:

«Егер бұлар дін ұстазымыз емес болса да, дінде басшымыз құдайдың елшісі пайғамбарымыздың хадис шарифі, хайру н-нас мән йанфагу н-нас деген»,-дейді. Бұл хадистің арабша түпнұсқасы мен аудармасына келер болсақ:

« خيرُ النَّاسِ مَنْ يَنْفَعُ النَّاس »

«Адамдардың қайырлысы адамдарға көп пайда келтіретіні» (Муснад Шиһаб ал-Қадағи). Абай атамыз сөзін жалғастыра келе: «Ниет оның парызынан хисап, пайғамбарымыз салаллаһу ғалайһи уәссәлламнің хадис шарифі «иннама-л-ағмал, бин-ниет» деген. Енді ниет еттіңіз таһарат алмаққа, намаз оқымаққа, ораза тұтпаққа, бұл тағаттарды ниетіңіз заһирынан қалыпсыз ғибадатқа жетпегендігі кемшілік емес пе?», -деп айтады. Жоғардағы айтылған хадис пайғамбарымыздың Омардан риуаят етілген:

إنما الأعمال بالنيات، وإنما لكل امرئ ما نوى

«Шын мәнінде, амалдар тек қана ниетке байланысты және расында әрбір кісіге ниет еткені тиесілі», — деген хадисі (Бұхари,Муслим). Бұл хадистерді Абай ешқандай өзгеріске түсірмей өз түпнұсқасында жазған.

Ары қарай Ибраһим Құнанбайұлы намаз тақырыбында сөзін жалғастыра отырып: « Бұл ғибадаттан бір үлкені — намаз, ол намаздан әуелі таһарат алмақ… Намаздан әуелі құлақ қақтыңыз…Пайғамбарымыз саллаллаһу ғалайһи уәссәлләмге айтпақ үшін ең ақырғы сәлемменен тауысасыз», -дейді. Шынында да, намаз — исламдағы ұлы құлшылықтардың бірі. Хадисте ол жайында:

الصَّلَاةُ عِمَادُ الدِّينِ

«Намаз діннің тірегі», -деп айтылған (Имам Байхақи). Ақынның: «намаздан әуелі таһарат алмақ… Намаздан әуелі құлақ қақтыңыз…Пайғамбарымыз саллаллаһу ғалайһи уәссәлләмге айтпақ үшін ең ақырғы сәлемменен тауысасыз», -дегеніне тоқталсақ, онда ол:

مِفْتَاحُ الصَّلَاةِ الطُّهُورُ وَتَحْرِيمُهَا التَّكْبِيرُ وَتَحْلِيلُهَا التَّسْلِيمُ

«Тазалық — намаздың кілті. Тәкбір намазға (қасиетті мінәжатқа) кіргізеді, ал сәлем беру шығарады»,- деген хадистің мағынасына толығымен сәйкес келеді (Тирмизи, Ибн Мажа). Тек кейбір сөздерді қолдану тұрғысынан пайғамбар хадисінде «Тазалық — намаздың кілті» делінсе, Абайда ол «намаздан әуелі таһарат», ал «Тәкбір намазға (қасиетті мінәжатқа) кіргізедіні» — «Намаздан әуелі құлақ қақтыңыз», «ал сәлем беру шығарады», дегенді «ең ақырғы сәлемменен тауысасыз»,-деп ауыстырылған. Бірақ хадистің негізгі мағынасы еш өзгерместен сол қалпында сақталған.

Осылайша, Абай өлеңдері мен қара сөздеріне шолу жасап, ақын шығармашылығының пайғамбар хадистерімен үндестік тағылымдары осындай демекпіз. Ақынның шығармашылығында бұдан да өзге көптеген пайғамбар хадистері қамтылған. Бірақ біз осы дәлелді мысалдармен шектелуді жөн көрдік. Осылайша ұлы ойшыл өзінің шығармашылығында бірталай маңызды мәселелерге жауап қатып, оны Құран Кәрім аяттарымен және пайғамбар хадистерімен ұштастырады. Өзі де өлең шумақтарының бірінде:

«Ақсақал айтты, бай айтты,

Кім болса, мейлі, сол айтты.

Ақылменен жеңсеңіз.

Надандарға бой берме,

Шын сөзбенен өлсеңіз.

Аят, хадис емес қой,

Күпір болдың демес қой»,-деп аят пен хадиске қарсы келу күпірлік екенін меңзейді. Аят — Алла тағаланың сөзі, хадис болса, сол Құранға пайғамбар тарапынан жасалған ашықтама. Міне, осы екі ақиқаттың жүгенін ұстаған Абай мұрасының өміршеңдігі де, ғажаптығы да осында. Ал бұл екеуінен хабары жоқ адам Абайды түсінуі мүмкін емес.

 

Пайдаланылған əдебиеттер:

 

  1. Құран Кәрим қазақша мағына және түсінігі. Халифа Алтай. Екі харамның қызметкері Фаһд патшаның Құран Шариф баспа комбинаты, 1991.
  2. Абай (энциклопедия). – Алматы: «Атамұра», 1995.
  3. Абай. Екі томдық шығармалар жинағы. 2-том. — Алматы: «Жазушы», 1986.
  4. «صحيح البخاري» استانبول- تركيا. المكتبة الاسلامية للطباعة والنشر و التوزيغ. 1315ه

5 دار الكتب العلمية.  .. «صحيح مسلم بشرح النووي». بيرت- لبان

  1. Ә. Әбілтаев. Абай және Ислам // «Ислам және өркениет», №32, 11-20 қараша, 2008 жыл.