• Бас бет
  • Мақалалар
  • Гульмира Калмурзаевна Кулмуратова:»Ортодоксальді протестантизмнің қалыптасу тарихы және қазіргі заманғы көрінісі «

Гульмира Калмурзаевна Кулмуратова:»Ортодоксальді протестантизмнің қалыптасу тарихы және қазіргі заманғы көрінісі «

18/04/2019

XVI – ғасырда Европада қанатын кеңге жайған «реформация» – антикатоликтік қозғалыстың нәтижесі протестантизмнің дербес...

XVI – ғасырда Европада қанатын кеңге жайған «реформация» – антикатоликтік қозғалыстың нәтижесі протестантизмнің дербес дін ретінде қалыптасуына үлкен ықпалын тигізді. Протестантизм (лат., protestation, protestor –ашық қарсы шығу, хабарландыру, сенімділік, кейде келіспеу, қарсы болу деген мағына береді) – христиандықтың католицизм және православиелік бағыттарымен қатар үлкен бағыттарының бірі. Реформация кезінде пайда болған ағым және өзіне жекелеген шіркеулер мен конфессияларды біріктіреді [1].
Бұл атау «протестация» сөзінен – яғни Мартин Лютердің бір топ неміс кінәздері мен қала өкілдерінен құралған жақтастарының 1529 ж. Шпейер рейхстагының дінді таңдау құқығын алып тастауына қарсылық көрсетуінен шыққан. Шіркеудің інжілдік идеал тұрғысынан жаңғыруын бұған дейін Оксфорд университетінің профессоры Джон Уиклиф (1320-1384) ұсынған еді. Ол Қасиетті Жазбаның Қасиетті Өсиеттен жоғары тұратындығын айтудан танбады [2, 4-б]. Бұл идеяларды кейіннен Прага университетінің профессоры Ян Гус (1371-1415) дамыта түсті. Ол шіркеуді байлықтан және индульгенция сатудан бас тартуға шақырды. Осындай ойлары үшін ол заманында шіркеу тарапынан қатты қуғынға түсті де, ақыры 1415 жылы 6 шілдеде Констанца соборының үкімімен отқа тірідей өртелді. Оның өлімі католиктер әрен басқан тарихтағы әйгілі гусшілдер қозғалысын тудырды [бұл да сонда, 75-б].
Шіркеуді өзгертуге бағытталған қозғалыс XVI-XVII ғасырларда өз шыңына жетті. Индульгенциямен сауда жасау Виттенберг университетінің профессоры, діни қайраткер Мартин Лютердің өзінің атақты тезистерін жариялауына себеп болды. 31 қараша 1517 жылы ол шіркеудің есігіне күнәдан құтқарылу жайлы 95 тезисті қағып қояды. Онда Лютер христиан өміріне мағына береді деп тәубаны жақтады, индульгенция, чистилище, өлгендерге дұға және қасиеттілердің есебінен құтқарылу жайлы ілімді сынады. Кейіннен Лютер папа билігін, діни қызметкерлердің ерекше статусын және олардың құтқарылуда делдалдық рөлін жоққа шығарды, жорашылдықты алып тастауды, шіркеуді мемлекетке бағынуын талап етті. Томас Мюнцер (1490-1525 жж.) бастаған шаруалар мен қала кедейлері, радикалды топ жақтастары болса Қасиетті жазба растамаған барлық нәрсені алып тастауды жақтады. Неміс кінәздары, кейінен Дания, Швеция билеушілері Лютер ілімі рухындағы реформаларды іске асырып кейінен «інжіл лютерандық» деген атауға ие болған шіркеулердің пайда болуына жағдай жасады [3, 82-б].
Англияда король 1534 ж. Парламенттік актпен шіркеудің басшысы болып жарияланды. Бұл англикандыққа бастау берді. Протестантизм қанат жайған мемлекеттердің бірі – Швейцария. Бұл елде Реформацияның орталықтары Цюрих, Женева қалалары болды. Онда Ульрих Цвингли (1484-1531 жж.) және Жан Кальвин (1509-1546 жж.) демократиялық рухта өздерінің шіркеулік реформаларын жүргізді [4, 97-б].
Цвингли және Кальвин ілімдері реформаторлық, пресвитериандық және конгрегационалистік шіркеулердің Швейцария және Германияда, сондай-ақ аз деңгейде Францияда (гугеноттар), Нидерландыда, Англияда, Шотландияда, Венгрияда, Чехия және Польшада пайда болуына негіз болды деп айта аламыз. Аталған мемлекеттерде протестанттар шіркеулік реформаларға шақырды. Мысалы, Англияда протестант-кальвинистер (пуритандар) епископтықты жоюға шақырды. Шотландияда пресвитериандар тіпті басым жағдайға ие болды. Діни басқаша ойлаушылар әрдайым қуғын-сүргінге ұшырап отырды. Сондықтан протестанттар эмиграциялануға мәжбүр болып отырды. Олар бірінші кезекте діни шіркеулік дәстүрлері жоқ «Жаңа Әлемге» қарай ұмтылды. Бұл жаңа конфессиялардың нығаюында маңызды фактор ретінде болды. Олар кейіннен осы жерден өз миссияларын Еуропа және басқа әлемге таратуды жүзеге асырды [5, 87-б].
Протестантизмде Інжіл діни ілімнің жалғыз көзі, бастауы деп жарияланды, ал Қасиетті Өсиет болса жоққа шығарылады немесе Қасиетті жазбаға сәйкес жерлерінде ғана қолданылады («тек Жазба» принципі). Лютер және Кальвин бойынша құтқарылу тек Құдайдын араласуы нәтижесінде жүзеге асырыла алады («тек жақсылықпен» принципі). Протестантизмнің конфессияларының көп бөлігінің ең маңызды ережесі бір ғана Мәсіхтің («тек Мәсіх» принципі) құтқару құрбандығына сенімімен ақталу ілімі болып табылады («тек сеніммен» принципі), басқа құтқарылу жолдары қауқарсыз деп есептелінеді [6, 78-б].
Протестантизмде жаппай қасиеттілік принципі өте маңызды болып саналады. Яғни тек әулиелер мен пірадарлар ғана қасиетті деген христиандықтың ерте ортағасырларда қалыптасқан қағидасын жоққа шығарды. Жақсылық сенімдегі барлық шоқынғандарға тең беріледі, шіркеудің барлық мүшелері қауымда белсенді рөл атқара алады, оның басшылық органдарына сайлана алады. Қауымдар арнайы қызметшілерді — уағызшыларды, бақташыларды (пасторлар) сайлай немесе сырттан шақыра алады.
Протестантизм өлгендерге дұғаны, Мариямға табынуды, қуаттар мен икондарға және басқа да реликвияларға сыйынуды алып тастады [7, 93-б].
Библияны және уағыз оқу құлшылық етудін негізін құрайды, сондай-ақ жеке және көпшілікпен дұға оқу, діни әнұрандарды (псалм) айту үлкен маңызға ие. Көптеген протестанттар Иса Мәсіх өмірімен байланысты маңызды мерекелерді атап өтеді. Кейбір протестанттық қауымдар мен ұйымдар өз күнтізбелеріне азаматтық мерекелерді де қосады, мысалы АҚШ-тағы Рақым ету Күні.
Діни және қоғамдық өмірде протестанттар «өздігінен реформаланатын шіркеу» принципін ұстанады.
Протестанттық сенім келесідей жалпыхристиандық догматтарды өзіне сіңірген: Құдай жайлы, Үштік, әлем мен адамның жаратылуы, Құдайдың құдіреттілігі, Оның әрекеті мен Өзінің жаратылыстарына сүйіспеншілігі, Иса Мәсіхтің адамқұдай екендігіне, оның пәк жаратылуына, өлілерден қайта тірілу, күнәлардың шайылуы, Исаның екінші келуі, Ақыреттік сот, адам жанының мәңгілігі (адвентистерден басқасы), келе жатқан Құдай патшалығы, Жұмақ пен тозақ жайлы [8, 46-б].
Алғашында протестантизм Солтүстік және Орталық Еуропада таралып кейіннен миссионерлік қозғалыстары протестанттық деноминацияларды барлық континенттер мен мемлекеттерде таратты. Қазіргі танда әлемде 400 миллионнан астам протестантизмді ұстанушылар бар деп есептелінеді. Олар негізінен скандинав елдерінде, Швейцарияда, Германияда, АҚШ, Ұлыбританияда және Австралияда басымдыққа ие. Протестанттық шіркеулер XX ғ. Оңтүстік Корея мен Африка елдерінде көптеп пайда болды [бұл да сонда, 62-б].
Неопротестантизм (грекше neos – жаңа және латынша protestants – сәйкессіздік, көпшілік алдында қарсылық) [7, 12-б]. Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін Еуропада К. Барт, Э. Брунер, ал 30-жылдары АҚШ-та Рейнгольд, Ричард Нибур, П. Тиллих арқылы таралған қазіргі теологиядағы ағым.
Протестантизм буржуазиялық антифеодалдық және антикатоликтік христиандықтың бір түрі ретінде пайда болған. Алайда қазіргі неопротестантизм өзінің антикатоликтік бағыттылығын толығымен дерлік жойды. Бұлардан басқа олар біріккен антикоммунистік христиандық майдан құру мақсаты католицизммен бірігу жолдарын қарастырды. Бұны протестанттардың өздері де мойындайды. Мысалы, методист Ральф Ройдың байқауынша, қазіргі кейбір протестанттар өздерінің антикатоликтік көзқарасын антикоммунизмдік көзқарасының пайдасына шешті. Қазіргі заманғы протестанттар католиктік шіркеуді «Вавилондық адасушы» деп, ал Рим папасын антихрист деп атамайды. Неопротестантизм католицизмге қарсы келмейтіндігіне байланысты, өздерінің ішкі мәнін және үш басты протестанттық принциптерін жоғалтты:
1. Ішкі сеніммен құтқарылу;
2. Барлық сенушілердің қасиеттілігі;
3. Қасиетті жазбаның ерекше беделі [8, 138-б].
Бұл принциптердің ешқандай өмірлік мәнісі қалмады. Олар дәстүр бойынша ғана әрекет етеді. Біріншіден, барлық непротестанттық діндер өздерінің қасиетті белгілері бар (тәуба ету, сенімнің рәміздері, декларациялар, синодтардың шешімі, конференциялар, съездер, протестанттық шіркеулердің негізін қалаушылардың еңбектері және т.б.). Екіншіден, протестанттық шіркеулер, ағымдар және ұйымдар сөз жүзінде болса да барлық діндарлардың қасиеттілігін, олардың теңдігін мойындайды, алайда іс жүзінде авторитарлық принцип бойынша қайта құрылуда, әсіресе жаңа ағымдарда байқалады. Неопротестанттық шіркеулерде діндарлықтың және ұйымдардың үстінен қарайтындардың рөлі артуда. Жеке сеніммен құтқарылу мәселесіне келсек, онда бұл сенім көбірек ырымшылдығымен – православие мен католицизмдегі секілді, протестантизмде де діннің шынайы мәнісін көлеңкелей бастаған сенімнің аластатылған формаларымен алмастырылуда. Буржуазиядағы жағдайдың өзгеруіне байланысты протестанттық культтың бұрынғы кедейлігі, қарапайымдылығы және үнемшілдігі өз мағыналарын жойды. Протестанттық храмдарда және табынатын үйлерінде әлі күнге дейін икона, қуатты қасиеттілер, сән-салтанатты безендірулер, қоғыраулар, альтарлар жоқ, алайда қарапайымдылықтың орнын қазір арзанға түспейтін ультрасәнді архитектура мен таңдаулы талғамымен толтырады. Қазірде капиталистік мемлекеттерде тұлғаның жеке сенімі емес, керісінше қай шіркеуге жататындығы маңызды болып отыр. Сондықтан да неопротестандық ағымдардың түрлері көбейіп, әлемдегі саны артуда. Буржуазиялық статистика бойынша қазіргі әлемде 200 миллионнан астам неопротестанттар бар. Неопротестанттардың саны бойынша барлық әлем мемлекеттерін 4 топқа бөліп қарастырады:
1. Неопротестанттар басым мекендейтің аймақтар
2. Үштен екі бөлігінен жартысына дейін
3. Протестанттардың біраз бөлігі
4. Олардың аз бөлігі [бұл да сонда, 183-б].
Бірінші топқа скандинавиялық мемлекеттер — Дания, Норвегия, Финляндия, Исландия, Швеция жатады. Екінші топқа АҚШ, Германия, Ұлыбритания, Нидерланды, Канада, Швейцария жатады. Үшінші топқа Франция, Бразилия, Филлипин, Индонезия, Австрия, Бирма кіреді. Төртінші топқа Италия, Португалия, Куба т.б. жатады. Қазіргі неопротестантизм бөлшектелген формада көрініс табуда. [9, 38-б].
Қазіргі таңдағы неопротестантизм және ортодоксальді протестантизм бағытының негізгі өкілдері Қазақстан Республикасы территориясындада заңды тіркелген діни бірлестіктер қатарында. Жалпы алғанда, аталмыш бағыт өкілдерін мемлекетте қарқынды қызмет атқарып келе жатқан діндер санатына жатқызуға болады. Алайда, нақты қызмет түрлерінің сапасы мен нәтижесі туралы біз алдағы зерттеулерімізде кеңінен тоқталатын боламыз.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1. Ефремова Т. Ф. Новый словарь русского языка. Толково-словообразовательный. – М.: Русский язык, 2000
2. Христианство. Энциклопедический словарь. — Москва, 1993 г. – 380 с.
3. Мэй Р. Открытие Бытия. — М.:Институт Общегуманитарных исследований, 2004. – 160 с.
4. Інжіл Шариф. — Стамбул «Жаңа өмір баспасы». 1993 ж.– 820 б.
5. Артемьев А.И. Дінтану. Философия және діндер тарихы. – Алматы, 2008ж. – 187 б.
6. Иванов В.А. Возникновение и становление нетрадиционных религии в Казахстане. Журнал Религия и право. №4. 2004г.– 72 с.
7. Балагушкин Е.Г. Нетрадиционные Религии в современной Росии. — Москва 2000г. – 163 с.
8. Экстремизм мен терроризмге қарсы әрекет етудегі дәстүрлі діндердің рөлі: Әдістемелік материалдар жинағы. – Алматы: ҚР БҒМ ҒК Философия және саясаттану институты, 2011. — 103 б.
9. Борбасова Қ.М. Қазақстандағы евангелшіл христиандар (Масихшілдер) және олардың миссионерлік қызметі. // ҚазҰУ хабаршысы, 2009 ж, №2 (33) — 107 б.