Имамдар даярлау — еліміз үшін маңызды іс

25/01/2017

«Нұр-Мүбарак» университетінің проректоры Ш.Т.Керім мырзаның І Республикалық имамдар форумында жасаған баяндамасы

   Аса қамқор ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!

 Қадірменді  Мүфти-хазрет,

Бағлан Асаубайұлы,

Марат Алмасұлы!

Құрметті имамдар, форум қонақтары!

 

forum4

Ең алдымен ел бірлігі мен дін татулығына арналған «Ислам – бейбітшілік пен келісім» діні тақырыбымен Астана төрінде тұңғыш рет «Имамдар форумын» ұйымдастыруға бастамашы болған Бас мүфтиімізге алғысымды білдіргім келеді.

Діни басқарманың ел игілігі жолында атқарған жұмыстарын алыс-жақын елдерден келген қонақтармен бірге бөлісуі расында да исламның бірлік пен татулықтың діні екенін тағы да қуаттап отыр.

Ал, еліміздегі діни татулыққа , бейбітшілікке пайдасын, үлесін ең көп тигізетін – әрине жоғары білімді маман.

Дін маманының парасаты жоғары болса, рухани-өнегелік істердің басында жүрсе, халықтың да имамдарымызға ықыласы ерекше болары сөзсіз.

Мен бүгінгі форумда еліміздегі жоғары білімді имамдар  дайындауға қатысты жұмыс барысымен бөліссем деймін.

forum8

 

Еліміздегі дін жұмысының ең бір маңызды саласы – дін мамандарын, имамдарды дайындау, олардың білім деңгейін тұрақты түрде көтеруге жағдай тудырып, халықтың ислами білім алуға деген сұранысын қанағаттандыру болмақ. Қазір  Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты діни білім берудің тұтас  оқу жүйесі қалыптасса,  онда  бір университет, тоғыз медресе, имамдардың білімі мен біліктілігін жетілдіруге арналған бір инситут, Құран жаттау орталықтары, жер жердегі діни сауат ашу курстары кіреді. Бұл еліміздегі ислами арнаулы, кәсіби білім талапкеріне де,қарапайым дін қағидаларын меңгерсем деген кез-келген азаматқа әр деңгейде білім алу мүмкіндіктері жасалып отырғанын көрсетеді.   Бүгінгідей үлкен  форумда «2020 жылға дейінгі діни білім беруді дамыту тұжырымдамасының»   қабылдануға ұсынылуының өзі жайдан-жай емес. Діни басқарма  соңғы он жылда дипломды, білікті имамдар дайындауда айтарлықтай жұмыстар атқарды. Соның бір дәлелі мен 2001 жылы Діни басқарма жанындағы  жалғыз оқу орнына ректор болып келгенімде оның студенттерінің саны —  50-ден сәл ғана асатын, оқудың бәрі ақылы, бір жыл сегіз ай оқу  нәтижесінде диплом алмай , тек анықтама алып шығатын, ал  ғимаратымыз небәрі  аядай бес  бөлмеден тұрса, оның үшеуі ғана сабақ өтетін бөлме еді.

Қазір, Аллаға шүкір, еліміздегі  тек медреселердің өзінде  662-ден аса ер бала шәкірттер білім алуда. Олар екі  жыл сегіз ай мерзімде   мемлекеттік үлгідегі диплом алады. Ал Нұр-Мүбаракта исламтану мамандығының төрт жылдық  бакалаврінде білім алушы жігіттердің саны 500-асады.  Университеттегі магистратураны айтпағанда имамдық қызметімен қатар докторантурада  ғылыммен де  айналысып жүрген болашағынан үміт күттіріп отырған жас  ғалымдарымыз бар.

  2011 жылдың 22 қарашасында  Нұр-Мүбарак  университетіне ат басын тіреген  елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы студенттерімізге: «Біз тәуелсіздік жылдары ғана мұсылманшылыққа қайта оралдық. Ал, біздерді, сендердің аталарыңды атеист қылып оқытқан. Соны қайтару үшін 3000-ға тарта мешіт ашылды. Молдалар жетіспегендіктен кейін мешіттерде неше түрлі адамдар істейді, елімізге исламның неше түрлі ағымдары келіп жатады, олармен сөйлесетін, түсіндіретін, нағыз исламды, нағыз Құранды білетін мамандар аз… Сіздер тек ислам дінін біліп қойсаңдар болмайды. Көп білім алуларың керек. Философияны да, тарихты да, мәдениетті, әдебиетті де білулерің керек. Жай молдалықпен қалып қоймауларың қажет, жассыңдар ғой» – деген еді. Сондай-ақ болашақ имамдарға дін атын жамылып, жазықсыз адамдардың қанын төгетін, ел ішінде бүлік жасап қазақы дәстүрлерді тәрк ететіндермен күресу керектігін баса айтты.

Имам дайындау–еліміз үшін аса жауапкершілігі жоғары іс. Себебі,  имамдардың жұмысы жаназа мен намаз үйретумен шектелмейді. Кейбір мәдени, рухани ошақтары жоқ елді-мекендерде мектеп пен мешіттер халықтың басын біріктіріп, ынтымағына қызмет ететін бірден бір шаңыраққа айналып отыр. Осындайда имамдарымыз  халқымыздың өсуін тежеп отырған ішімдік, нашақорлық, өз-өзіне қол салу, жезөкшелік, жасанды түсік жасату секілді қоғамдық кеселдерге қарсы уағыз-насихат жұмыстарын күшейтсе деймін. Ел арасында бай мен кедейлердің арасы алшақтап барады. Сол себепті садақа, Зекет беру, қайырымдылық жасап, жетімдерге қол ұшын беру жайлы үгіт-насихаттар әлі де кемшін. Мына бүгінгі ғаламтор мен көгілдір экран, техниканың дамып, ақпараттық соғыс күшейген жаһандану кезеңінде елдің руханиятын азықтандырып, имандылыққа үндейтін, отбасы құндылықтары мен ата-ананы құрметтеу, бала тәрбиесі жайлы насихаттар ауадай қажет. Сондықтан имамдарымыздың  қасиетті Құран мен Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  сүннетіне сай тәрбиелеуді үйрететін  қоғамымызда  өзіндік салмағы бар рухани тұлғаға, ағартушыға айналуы маңызды. Өйткені мешіттерімізде мыңдаған адам имамдардың сөзін тыңдап, қысылғанда ата-баба дініне сай ақыл-кеңес сұрайтыны  шындық.

Ия, біз университет ашылған 2001 жылдан  бастап бүгінге дейін еліміздегі жастардың  терең білім алуға деген ынтасын, талап-тілегін  алысқа кетпей ата жұртында қанағаттандыруға қол жеткіздік.  Себебі, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап, діни оқу үшін  әрі  дәрістерді Құран Кәрімнің тілі араб тілінде меңгеру мақсатында әр түрлі араб елдеріне жастарымыз есепсіз ағылып, нәтижесінде  бір ислам дінінің өзінде түрлі көзқарасты ұстанатын топтар қалыптасуына ықпал бола бастады. Міне 14 жылдан бері «Нұр-Мүбарак» университеті осындай олқылықтың жолын бөгеп, маңызды міндетті өз қолына толықтай алып, тек діни мамандарды ғана емес, ел бірлігіне себепші болатын тұлғалар дайындауға бел буды.  Осы мүмкіндіктер бізде тікелей Елбасының, үкіметіміздің қолдау арқасында туып  отыр.

Университетімізде студенттеріміз бірінші курстан бастап, араб тілін араб елінен келген ұстаздардан алу нәтижесінде,  Құран тілін жетік меңгеруге қол жеткізуде. Хадистерді  түпнұсқасында оқып, Құрандағы бір сөздің бірнеше мағына беретіндігіне дейін зейін қоя бастады.

Мен басқа шет елдерде, соның ішінде діни білім беру ордаларын жиі аралаймын. Діни оқу жүйесіне арналған конференциялар мен басқосуларға көп қатысамын. Солардан түйгенім, біз ТМД аумағында діни білім жүйесін құруда, қалыптастыруда алдыңғы орындамыз деп сеніммен айта аламын.  Оқу жүйесі, сапасы, студенттердің саны, оқу орнының базасы жағынан  да алда тұрмыз.   ТМД аумағында біздер сынды  бакалавр, магистратура, РhD докторантура, яғни  үш сатылы оқу жүйесін жүзеге асырып отырған оқу орны  кездеспейді.

Исламтанушыларды дайындау тек санмен ғана емес сапаға да көңіл бөлуді қажет етеді. Осы мақсаттта «Нұр-Мүбарак» университеті көбіне медресе түлектерін қысқартылған бағдарламамен оқытуға көңіл бөлуде. Келешекте кем дегенде 1 жылдық дайындық курстарынан өткен талакерлерді  қабылдауды жолға қойсақ, оң нәтиже береді деген сенімдеміз. «Нұр-Мүбарак»  университетінің ерекшелігі Египет тарапынан профессор, доктор ғалымдардың  тікелей араб тілінде  дәріс беруінде. Қазір университетте профессор Жуда Абдулғани Басюни бастаған мысырлық 14 ғылым докторы сабақ береді. Біздің басты мақсатымыз  университеттің білім беру бағдарламасын Мысырдың әйгілі «әл-Азһар» университеті деңгейіне теңестіру. Төртінші курстың үздік студенттерін «әл-Азһар» унисерситетіне ауыстырып, «әл-Азһардың» дипломын алуға қол жеткізсек дейміз.

Қазір болашақ имамдардың жоғары  білім алуына  барлық жағдай жасалуда.  Мемлекеттік қаржыға салынған 610 орындық жатақхана толықтай пайдалануға берілді. Университет ашылған жылдары  тек ақылы ғана білім ұсынылса, қазір мемлекеттік грантпен 523 студент білім алуда. Бұлардың ішінде  14 РhD докторант,  57   магистрант  мемлекеттік тапсырыспен оқуда. Бұның өзі болашақ имамдардың білімін алуға ел билігі  тарапынан жасалып отырған қамқорлық деп  есептейміз.  Әсіресе,   ҚР Президенті әкімшілігі көрсетіп отырған қолдауға ризашылығымды білдіреміз. «Кімде-кім адамға рахмет айтпаса, Аллаға рахмет айтпайды» деген хадисті бәріміз білеміз.

Дегенмен бүгінгі  табыстарға тоқмейілсу жараспас. Себебі республика көлеміндегі  мешіттерде дін қызметіндегі мамандар небәрі  3900-дай ғана. Олардың   26 пайызында ғана  арнайы жоғары білімді және орта кәсіби медресе дипломы бар. Біз бұл межені жүз пайызға жеткізу жолында күрескеніміз жөн. Әрбір мешітте қызмет атқаратын адам кем дегенде медресе білімін алса, үлкен мешіттердегі бас имамдар тек жоғары білімді болса, елдің де, діннің де  мерейі.  Дін қызметкерлерінің тұрақты түрде білімін жетілдіру  курстарынан өтуін мінтеттеуіміз маңызды . Ал исламтанушы ғалымдар елімізде саусақпен санарлық, алда исламтанудың тәпсір, хадистану, фиқһ, ақида, фалсафа, ислам тарихы, сопылық т.б салалардың әрқайсынан бірнеше доктор, профессорларымыз болса деймін. Бұл ой, мақсаттарымыз  үкімет тарапынан  қолдау болғанда жүзеге аспақ. Еліміздегі ислам ғылымын дамыту үшін исламтану мамандығы бойынша докторантураға  мемлекет тарапынан гранттар бөлінуі – уақыт талабы.  Жане  жыл сайын Нұр-Мүбарак университетіне исламтанушы бакавлерге бөлінетін гранттар саны азаймау қажет.

 

Құрметті Мүфти хазрет!

Бүгінгі форум барысында қабылданғалы отырған маңызды құжаттар «Нұр-Мүбарак» университетінде тәлім алып жатқан студенттерімізге болашаққа жол сілтейтін құжат. Сондықтан, осы құжаттарды дәріс бағдарламасына енгізіп, тереңдетіп оқытытсақ деген ниетімізді де білдіргім келеді.

Назарларыңызға рахмет!