Нұр-Мүбарак
Египет ислам мәдениеті университеті

Қайрат ҚҰРМАНБАЕВ:»ИСЛАМДАҒЫ ӨЗГЕ ДІН ӨКІЛДЕРІНІҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ»

07/12/2016

 

Ислам дінінің бейбітшілік пен тыныштықты, дінаралық, ұлтаралық татулықты, рухани бірлігімізді, адам құқығының ғасырлар бойғы мұраларын сақтап, нығайтудағы игі әсері ұшан-теңіз.

Исламдағы адам құқықтарының бірінші декларациясы деп адамзаттың қолымен жазылған адам құқығының сақталуына негіз болатын құжаттардан он төрт ғасыр бұрын пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.с.) Мәдина қаласына көшкен кездегі алғаш қабылдаған құжатын, сонымен қатар, оның дүние салуынан бірер ай бұрын Арафат тауында оқыған «қоштасу хұтбасын» айтуға болады. Қасиетті Құран Кәрім барлық адамдардың шығу тегіне, этникалық және ұлттық ерекшеліктеріне қарамастан, Құдайдың және заңның алдында баршаның тең екендігін жариялады. Ондағы: «Ей, адам баласы! Шүбәсіз сендерді бір ер, бір әйелден (Адам, Хауадан) жараттық. Сондай-ақ бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық. Шынында, Аллаһтың қасында ең ардақтыларың тақуаларың. Шәксіз Аллаһ толық білуші, әр нәрседен хабар алушы» (Хұжұрат сүресі, 13) деген секілді көптеген аяттарға назар аударар болсақ, бұл ақиқат айқындала түседі.

Ислам дініндегі өзге дін өкілдерінің құқықтарына тоқталмастан бұрын ислам елдеріндегі мұсылман емес адамдардың топтарын белгілеп алған жөн.

а) Жергілікті мұсылман емес адамдар.

Ислам құқығына байланысты кітаптарға көз жүгірткен адам құқық ғалымдарының ислам елдеріндегі жергілікті мұсылман емес адамдарды әһлу зимма, яғни қорғауға алынғандар деп атағанын аңғарады. Өйткені алғашқы кездегі ислам елдеріндегі мұсылман емес адамдар пайғамбар Мұхаммед, ал кейін мұсылмандар тарапынан қорғауға алынып, қауіпсіз ғұмыр кешкен болатын. Бұны пайғамбарымыздың көптеген хадистерінен және халифа Әбу Бәкірдің нажрандықтарға жазған кітабынан байқауға болады. Онда: «Аса қамқор ерекше мейірімді Аллаһтың атымен бастаймын. Бұл Аллаһтың құлы, Аллаһ елшісі пайғамбар Мұхаммедтің халифасы Әбу Бәкірдің нажрандықтарға арнап жазғаны: олардың өздері, жерлері, діндері, мал мүліктері, ғибадаттары, барлары мен жоқтары, діндарлары мен дін басылары, ғибадатханалары, аз болсын, көп болсын иеліктеріңдегі дүниелері Аллаһтың қамқорлығы мен Аллаһ елшісі пайғамбар Мұхаммедтің қорғауында. Олар зиянға ұшырамайды, қиыншылық көрмейді…»,– деп келеді.

Омар ибн әл-Хаттаб та дүние салар алдында қалдырған өсиетінде: «Аллаһтың және Оның елшісінің қамқорлығында болғандардың қажеттіліктерін өтеп, оларды қорғау және оларға шамалары келмейтін жүкті жүктемеуді өсиет етемін»,– деген [1, 12 — б].

Ағылшын Ром Ландудің әһлу зимма мағынасын дұрыс түсінгендігін оның: «Христиан императорлығы қол астындағылардың барлығына христиандықты міндеттеді, ал арабтар болса діни азшылықты ескеріп, түсіністікпен қарады әрі олардың қарамағында христиандар, яһудилер мен зороастризм дінін ұстанушылар қамқорлықта жақсы өмір кешкен халықтар болып есептелді»,– деген сөзінен көре аламыз [2, 119 — б].

ә) ислам еліне шеттен келген мұсылман емес адамдар (мустаминун)

Олар ислам еліне жұмыс бабымен немесе өзге мақсаттармен шеттен келген мұсылман емес адамдар. Ислам ғалымдары оларды: «мустаминун» немесе «муаһидун» деп атайды.

Ендеше осы екі топтың жалпы құқықтарына тоқталайық. Егер, исламдағы адам құқықтары мен Адам құқықтарының бүкіләлемдік жарғысында келген құқықтарды салыстырар болсақ, ондағы адам баласының қажеттіліктерін толыққанды қамтығандығы мен теңдесіз құқықтармен қамтамасыз ету тұрғысынан айырмашылықтарды аңғарамыз. Адамзат тарихында ислам секілді ешбір дін немесе шариғат жалпы құқық нормаларын толыққанды, ашық, шынайы бейнеде көрсете алмады.

Өйткені ислам шариғаты мұсылман емес адамдарды көптеген жалпы құқықтарда мұсылмандармен тең қарауды бұйырады. Бұл көріністі өзге діндер мен жүйелерден көре алмаймыз.

Ислам елдеріндегі мұсылман емес адамдардың ортақ құқықтары өте көп. Олардың кейбір негізгі құқықтарын тілге тиек етейік.

  1. Адамгершілік қасиеттерін сақтаудағы құқылары. Аллаһ тағала барлық мұсылман және мұсылман емес адамзат баласын ардақты етіп, барша жаратылыстан үстем жаратып, сансыз нығыметтеріне бөлеген. Бұл тұрғыда Құран Кәрімде: «Расында, Адам баласын ардақтадық. Сондай-ақ оларды құрлықта да теңізде де көліктерге мінгіздік. Әрі оларды жақсы нәрселермен ризықтандырдық және оларды жаратқандарымыздың көбінен әлдеқайда артық жараттық»,– деп келеді (Исра сүресі, 70).

Әрі адам баласының түбі бір және құқықтар мен адамгершілік тұрғыдан барлығы тең екендігін пайғамбарымыздың қоштасу қажылығында: «Уа, адамдар Раббыларың бір, әкелерің бір, арабтың өзгенің алдында артықшылығы, өзгенің арабтың алдында артықшылығы жоқ, ақ нәсілдің қара нәсілден, қара нәсілдің ақ нәсілден де артықшылығы жоқ, тек қана тақуалықпен ғана»,- деп айтқан сөздері қуаттайды.

Мұсылман еместердің ар намысын сақтаудың бір көрінісі, олармен көркем түрде пікір алысып, жақсы қарым-қатынас жасау бұйырылады. Сол секілді олардың сенімдері мен діни ұстанымдары аяқ асты етілмейді. Өйткені әрбір мұсылман алдыңғы пайғамбарларға түскен барлық кітаптарға иман келтіреді.

  1. Сенім бостандығы мен еркі. Ислам діні адамдарды ислам дінін мойындауға мәжбүрлемей, әрбір тұлғаға өз сенімінде қалу құқығын береді. Бұл тұрғыда Құран Кәрім мен пайғамбар сүннетінде көптеген мәтіндерді кездестіре аламыз. Пайғамбарымыз хақ жолға нұсқай отырып, дін ұстануды әркімнің өз қалауына қалдырған. Ал исламнан басқа дін ұстанғандар діндерін ұстану құқығына иеленіп, өздері, мал-мүліктері Аллаһ пен Оның елшісінің қамқорлығында қалды. Құран Кәрімде: «Дінде зорлық жоқ. Расында, туралық, азғындықтан ажыратылды…»,– деп келеді (Бақара сүресі, 256).

Осы аят жайлы американдық педагог Адриян Калгри: «Құранда даналық пен ілімге толы бір аят бар, оны мұсылмандардың барлығы біледі. Сол секілді өзгелер де одан міндетті түрде хабардар болуы керек, ол: «Дінде зорлық жоқ..» аяты»,– дейді. Осы аятқа түсу себебімен бірге ой жүгірткен адам ислам дініне кіруге мәжбүрлеуге болмайтынын, тіпті, әдетте, бала әкесінің дінін ұстану керек болса да, әке баласын, яки бала әкесін мәжбүрлей алмайтындығын түсінеді [3, 18-19-б] .

Тарихта хижраның 680 жылы патша Мансұр Қалауын қол астындағы әһлу зимманы исламға кіру үшін мәжбүрлеген болатын. Сол кезде патшаның бұл әрекеті мұсылман ғалымдары мен қазыларының наразылығын тудырған еді. Бұл жайт алты айдан кейін ғұламалардың отырысында талқыланды. Нәтижеде дінде зорлық жоқ екендігі жарияланып, әһлу зимманың мәжбүрленгендігі, олардың өз діндеріне қайта алатындығы бекітіледі. Сөйтіп көпшілігі өз діндеріне қайтқан болатын.

Италияндық доктор Лора Фетша Валери: «Мұсылмандар өзге ұлт өкілдерімен олардың сенімдеріне назар аудармай келісімдер жасасатын. Әрі ешбірін исламды қабылдауға мәжбүрлемейтін. Сол секілді мұсылман әскерлері де діндерін мәжбүрлеу түрде жеткізген басқа дін өкілдері секілді емес. Солайша олар ешқандай зорлық-зомбылықсыз, артынан дүниелік пайданы көздемей, жаңа дінді жайып, өзгелерге жеткізе білді»,– дейді.

Ислам өзге дін өкілдеріне сенім бостандығын ғана беріп қоймай, діни рәсімдері мен ғибадаттарын өтеуге толық мүмкіншілік берді.

Әділ халифалар жиһадқа жіберген әскер қолбасшыларына да осы тұрғыда өсиет еткен. Әбу Бәкірдің Усама ибн Зейдке айтқан өсиетінде: « … өздерін ғибадатқа арнаған қауымдарды кезіктіресіңдер, оларды өз жөндеріне қоя беріңдер»,– деп келеді. Екінші халифа Омар ибн әл-Хаттаб Құдыс тұрғындарына, олардың мал-мүліктеріне, шіркеулері мен діни рәміздеріне қауіпсіздік берді.

Густав Лебон: «Алғашқы мұсылман халифалары соғыс өнерін білгені секілді саясатта да алдына жан салмады. Олар біреуді дінінен бас тартқызу үшін күш қолдануды білмеді, сол секілді мойынсұнбағандарға қылыш көтеруден аулақ болды (яғни ешкімді мәжбүрлемеді).Барлық жерде өздерінің өзге халықтардың сенімдерін, салттары мен әдет-ғұрыптарын құрметтейтіндерін жариялады. Оларды қорғап, қамқорлыққа алғаны үшін бұрынғы басшыларына беретін салықтарынан әлдеқайда аз мөлшерде жизия (салық) алумен шектелді»,– деп жазады.

Тарихи деректерден тура жолға бастаушы төрт халифаның кезеңінде және одан кейінгі кезеңдерде яһудилер мен христиандар құлшылықтары мен діни рәсімдерін еркіндік пен қауіпсіздікте өтей алғандары мәлім.

Италяндық Лора Фетша Валери: «Бұл халықтарға өз діндері мен діни ғұрыптарын сақтау еркіндігі берілді. Бірақ исламды қабылдамаған болса, үкіметке әділ салық (жизия) төледі. Бұл мұсылмандардың өз үкіметтеріне беретін салықтарынан әлдеқайда аз болатын. Олар әһлу зимма деп танылып, мұсылмандармен тең қамқорлықта болды. Аллаһ елшісі мен оның төрт халифаларының істері кейінгі ұрпаққа сара жол салды. Ислам діни төзімділікке тек үндеп қана қоймай, оны шариғаттың бір бөлігі ретінде қарастырды десек артық айтпаған болар едік»,– деген.

Осман мемлекетінің тұсында да өзге дін өкілдері мен басқа ұлттардың құқықтары қорғалып, еркіндікте өмір кешкендігі жайлы батыс ғалымдары мен тарихшылары көптеп жазады. Солардың бірі Томас Арнольд өзінің «Исламға шақыру атты» еңбегінде: «Италияда кейбір адамдар түріктермен бірге болуды аңсайтын, өйткені христиан үкіметі тарапынан көрмеген еркіндік пен қамқорлықты солардан көрген болатын» десе, басқа бір сөзінде XV ғасырдың аяғында Испанияның яһудилері қуғын сүргін кезінде Түркияны паналағандығын айтады.

Сол үшін де византиялықтар, өз басшыларының бірінің: «бізге қаламызда папалардың тәжін көруден түрік сәлдесін көру қайырлы»,– деген сөзін ауыздарынан тастамаған.

Мұсылман еместердің Шамда, Мысырда, Әндулусияда ғасырлар бойы өз діндерінде қалулары ислам дінінің төзімділігіне анық дәлел болады. Тіпті, осы төзімділік салдарынан Әндулусия секілді елдерде ислам діні ұзақ қала алмағаны да рас.

Испания, Оңтүстік Франция, Италияда жүз мыңдаған мұсылмандар өмір сүрген-ді. Қазіргі таңда сол жерлерден бір мұсылманның қабірін көре алмаймыз. Өйткені христиандардың қолына өткеннен кейін мұсылмандарға түрлі қысымдар көрсетілген еді. Елдерінде қалғысы келген адам христиан дінін қабылдауы міндетті болып табылды, қабылдамағандары елден шығуға мәжбүрленді [1, 43-б].

  1. Шариғаттағы құқығы. Ислам дінінің төзімділігінің бір көрінісі Ислам мемлекетінде өмір сүрген өзге дін өкілдері мұсылмандарға міндетті болған шариғат үкімдерімен міндеттелмеді. Ислам дінінің тіректерінің бірі болған зекет оларға міндетті болмады. Ал зекетке қарсы келіп, мойындамаған мұсылман күпірлікке шығатыны белгілі. Сол секілді, нәтижеде сол елдің барлық тұрғындарына бірдей пайда беретін, қауіпсіздік алып келетін мұсылмандармен бірге соғысқа бару, оларға парыз болмады. Дегенмен, осы екі міндеттен босатылғандары себепті аз мөлшерде салық төлеу міндеті жүктелді. Томас Арнольд: «Бұл жизия салығы төлеушілерге ешқандай ауыртпашылық тудырмайтындай аз мөлшерде болатын. Егер бажайлап қарар болсақ, бұл төлем оларды бірге өмір сүріп жатқан мұсылмандарға міндетті болған әскери қызметтен босатты»,– деген.

Сонымен қатар ислам мұсылман еместерге қоғамдық өмірдегі неке, талақ секілді мәселелерді өз шариғаттарына сай орындауға ерік берді.

Мұсылман құқықтанушылары жазаны орындауда оларға діндері тыйым салған ұрлық, зина секілді қылмыстарда ғана жаза қолдануды бекітті. Ал ішімдік ішу, доңыз етін жеу секілді шариғаттары тыйым салмаған істерде жаза қолданылмады. Әһлу зимманың өздеріне тән сот шешімі шығаратын орындары болды. Дегенмен, тарихтан олардың мұсылман қазыларына жүгінгендерін көре аламыз. Өйткені ислам дінінде қазылық әділеттілікпен жүзеге асып отырды. Аллаһ тағала пайғамбарымызға «(Мұхаммед с.а.с.) Егер олар саған келсе, араларында үкім бер немесе олардан теріс айнал. Егер олардан теріс айналсаң да, олар саған ешбір зиян бере алмайды. Ал егер араларына үкім берсең, тура үкім бер. Шәксіз Аллаһ турашыларды сүйеді»,– дейді (Мәида сүресі, 42).

Гюстав Лебон «Араб өркениеті» атты еңбегінде: «Арабтардың алғашқы жеңістері әркімді де таңғалдыруы мүмкін. Әдетте, бір елді басып алған топ жеңіліске ұшыраған қарсыласына қысым көрсетіп, өз діндерін мойындауға мәжбүрлейді. Бірақ арабтар бұндай әрекеттерден қашық тұрған еді. Өйткені мұсылман халифаларының арасында дана саясаткерлер болды. Олар Шам, Мысыр, Испания секілді ислам мемлекетінің қатарына енген бірқатар елдердің тұрғындарымен көркем қарым-қатынас орнатып, өз жүйелері мен діндерінде қалдырды. Бар болғаны бұрынғы төлеген салықтарынан әлдеқайда аз болған жизия салығын ғана төлеп отырды, ол да олардың қауіпсіздігінің кепілі болды. Шынтуайтында, бұрынғы үмбеттер арабтар секілді әділ басып алушылар мен олардың діні секілді мейірімді дін көрмеді»,– деп жазған.

  1. Әділдіктегі құқылары. Ислам әділеттілік діні. Аллаһ тағала адамдар зұлымдық пен әділетсіздіктен қашық болу үшін нәзік өлшемдер қойды. Құран Кәрім үкім шығаруда да әділдікке шақырып: «Негізінен Аллаһ сендерге аманаттарды өз лайықты орнына тапсыруларыңды және адамдардың арасына билік қылсаңдар, әділдікпен билік қылуларыңды әмір етеді. Расында Аллаһ сендерге нендей жақсы уағыз береді. Шәксіз Аллаһ, толық естуші, тым қырағы»,– дейді (Ниса сүресі, 58). Тіпті, үкім қарсыласының пайдасына болса да, әділдікпен шешу керектігін: «Ей, мүміндер! Аллаһ үшін куәлікте туралық үстінде мықты тұрыңдар және бір елдің өшпенділігі сендерді әділсіздікке тартпасын. Әділдік істеңдер. Сол тақуалыққа жақынырақ. Әрі Аллаһтан қорқыңдар. Күдіксіз Аллаһ не істегендеріңнен толық хабар алушы» (Мәида сүресі, 8) аяты ұғындырады.

Шариғатта мұсылманның малын ұрлаған өзге дін өкілінің қолы кесілгені секілді мұсылман емес адамның малын ұрлаған мұсылманның да жазасы сондай. Пайғамбарымыз: «Кімде-кім әһлу зиммаға нақақтан нақақ жала жапса, оған қиямет күні отпен дүре соғылады»,– деген.

Сол секілді пайғамбарымыз: «Сендердің бірің адамдардың арасында қазылық қылса, араларында назар аударуында, ишарат етуінде, отыруында тең қарасын»,– деген. Осы секілді басқа хабарларда: «Біреуіне екіншісіне қарағанда даусын қатты көтермесін» деп те келеді.

  1. Өмірлерін, мал-мүліктері мен ар-намыстарын қорғау құқылары. Ислам адам баласын өмірінде аса маңызды болған негізгі құқықтармен қамтамасыз етеді. Олар: Өмірін, дінін, мал мүлкін, ар-намысы мен ақылын сақтау. Осы құқықтарда мұсылман мен мұсылман емес адамдар, тіпті, жергілікті яки сырттан келгендер болса да тең қарастырылады. Өйткені бұл әрбір адамның қасиетті құндылықтары мен құқықтары екендігінде күмін жоқ. Белгілі бір шариғи себептермен ғана болмаса, басқа жағдайларда бұл құқықтарға қол сұғуға мүлдем тыйым салынады. Мысалы, Құран Кәрімнің «Соның салдарынан Израил ұрпақтарына: Кім кісі өлтірмеген немесе жер жүзінде бұзақылық қылмаған біреуді өлтірсе, сонда шынайы түрде барлық адамды өлтіргенмен және кім оны тірілтсе, (өлімнен құтқарса,) барлық адамды тірілткенмен тең деп жаздық» (Мәида сүресі, 32) секілді аятында шариғаттың белгілеген себептерінен басқа жағдайларда адам өміріне қол сұғылмайтындығы баяндалады. Шариғи себепке шариғаттың белгілеген кек алу (қысас) жазасын жатқызамыз. Сол секілді әрбір мұсылман дінін сақтау үшін де өз жанын пида ете алады. Әрине ислам дінінде дін жолында күресу тек ұлы мақсаттарды ғана көздейді. Сол үшін де келесі жағдайларда ғана соғысуға жол береді:

а) Қарсы тараптың зұлымдығына жауап беру мақсатында.

Бұл тұрғыда Құран Кәрімнің: «Өздеріңнің соғысқандармен Аллаһ жолында соғысыңдар да шектен шықпаңдар. Негізінен Аллаһ шектен шығушыларды жақсы көрмейді» (Бақара сүресі, 190) сынды аяттарын келтіруге болады.

ә) Сол секілді жапа шеккендерге көмек ретінде, тек зұлымдықты жою мақсатында рұқсат етіледі. Бұл жайлы Құран Кәрімде: «Сендерге Аллаһ жолында соғыспайтын не болды? (Меккедегі) шамасы келмейтін ерлер, әйелдер және балалардан: «Раббымыз! Бізді осы тұрғындары залым елден шығар! және бізге өз қасыңнан бір уәли пайда қыл. Әрі өз қасыңнан бір көмекші қыла көр» дейтіндер бар», – деп келеді (Ниса сүресі, 75).

б) Келісім, анттарын бұзып, дінге қарсылық білдіргендерге жаза ретінде. Оған Құран Кәрімнің: Егер олар, уәделескеннен кейін анттарын бұзып, діңдеріне тіл тигізсе, қарсылыққа жетекші болғандармен соғысыңдар. Өйткені олардікі ант емес. Олар бәлкім тыйылар»,-деген аятын жатқызуға болады.

Мұсылман емес адамдардың жазықсыздан жазықсыз мал мүлкіне, ар- намысына қол сұғылмайды, сол секілді өмірлері де қиылмайды. Пайғамбарымыздан жеткен бір хабарда, бірде Аллаһ елшісінің алдына зыммиды өлтірген бір мұсылман кісіні алып келеді. Аллаһтың елшісі оны өлім жазасына бұйырады. Омар ибн әл-Хаттабтың халифалығы тұсында да Бәну Бәкір ибн Уәйл тайпасының бір адамы Хирадағы зымми бір кісіні өлтіріп қояды. Омар қылмыскерді жапа шеккен тарапқа тапсырып, өлім жазасына кесілуін бұйырады.

Жоғарыда келтірілген мысалдардан шариғата жаза түрінің орындалуы адамдардың арасын алаламайтындығын байқадық. Ұрлық жасаған мұсылман немесе мұсылман емес болсын, шариғат екеуіне тең жаза қолданады.

Сол секілді әһлу зимма қандайда бір зиян келтіруден сақтандырылады. Оның ішінде ар-намысына қол сұғуға тыйым салынады. Бір мұсылман адамның сыртынан сөз айтып, ғайбаттау арам қылынғаны сияқты, зыммилердің де абыройы бұндай жек көрінішті істен сақталады. Ибн Абидин: «Бізге міндетті болған нәрсе зыммиге де міндетті, егер мұсылманды ғайбаттау тыйым салынса, зыммиді де ғайбаттау тыйым салынады, тіпті, зыммиге зұлымдық жасау одан да ауыр»,– деген [4, 250 — б].

  1. Сыртқы жауларынан қорғаудағы құқылары. Сақталуы міндетті болған құқықтарының бірі Ислам мемлекетінің мұсылмандарды қорғағаны секілді, сол жерде өмір сүріп жатқан мұсылман емес адамдарды да сыртқы жаудан қорғауы. Бұл тұрғыда да зыммилер мұсылмандармен тең құқылы. Тұтқынға түсіп қалған жағдайда да олардың босатылуына күш жұмсалады. Осы тұрғыдағы оқиғаларды ислам тарихы беттерінен көптеп кездестіруге болады. Тіпті, зыммилер мұсылмандардың адалдығын, өздерімен көркем қарым-қатынас жасағандарын көріп, мұсылмандардың жауларына қарсы мұсылмандармен бірге қол ұстасып соғысқан.

Мұсылман емес жандардың қорғалуының бір көрінісін ислам ғалымы Ибн Тәймияның моңғолдардың Шамды басып алған кездегі тұтқынға алынғандарды босату үшін олармен жүргізген келіссөзінен аңғарылады. Осы келісімнен кейін моңғол қолбасшылары тек мұсылман тұтқындарды ғана жіберуге рұқсат етеді. Бұл келісімге Ибн Тәймия қарсылық білдіріп: «Біз христиан, яһуди тұтқындар да босатылмайынша разы емеспіз, өйткені олар біздің қамқорлығымызда, оларды ешқайсысын тұтқында қалдыра алмаймыз»,– деп табандылық танытқанын көрген монғолдар барлығын босатады.

Сол секілді мұсылман елдерінде өмір сүріп жатқан мұсылман емес адамдар тек сыртқы жаулардан ғана емес, ішкі зұлымдықтардан да сақталған. Әл-Мауаради: «Зыммилерден жизия салығы алынса олардың екі құқығы сақталуы керек. Біріншісі, оларға зұлымдық жасамау, екіншісі оларды қорғау. Зұлымдықтың жасалмауы оларға тыныштық берсе, қорғалуы олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді»,-деп айтқан. Оларды қорғамау оларға қарсы зұлымдық қылу болып табылады. Ал ислам діні болса, зұлымдық атаулының тамырына балта шабады. Аллаһ тағала: «Сендерден біреулерің зұлымдық жасайтын болса, оған ауыр азаптың дәмін татқызамыз»,– дейді (Фурқан сүресі, 19). Пайғамбарымыздың Муслимнен жеткен бір киелі хадисінде: «Уа, пенделерім расында мен зұлымдықты Өзіме арам қылдым, сол секілді сендердің араларыңда да арам қылдым, зұлымдық жасамаңдар»,– деп келеді.

  1. Жақсы қарым-қатынастағы құқылары. Құран Кәрім мұсылман емес адамдармен қарым-қатынас жасаудың алтын қағидасын ұсынады. Оның негізі-көркем түрде және ашық дұшпандық қылушылардан басқа адамдармен жақсы, қайырымды қатынас жасау болып табылады. Бұл турасында Құран Кәрімнің бірнеше аяттарын кездестіруге болады. Пайғабарымыздың өмірі де оның мұсылман емес адамдармен болған көркем қарым-қатынастарымен толы. Әбу Қатададан жеткен риуаятта Мәдинаға Эфиопиядан келген христиан тобын Аллаһтың елшісі мешітінде қонақ қылып, өзі қызмет жасап күткендігі айтылады. Бұл пайғамбарымыздың оларға деген құрметі еді. Аллаһтың елшісі өзінің сахабаларын да өзге адамдармен жақсы қарым-қатынаста болуға тәрбиелеген.

Саңлақ сахаба Абдуллаһ ибн Амр әрдайым көршілерімен жақсы қарым- қатынаста болып, баласына құрбан етінен яһуди көршісіне әрдайым беріп отыруын жиі-жиі өсиет етіп отырған.

Густав Лебон ислам дінінің өзге халықтар арасында жылдам жайылуын мұсылмандардың өзгелермен көркем қарым-қатынасымен байланыстырып: «Исламның айқындығы және әділдік пен қайырымдылыққа бұйыруы оның әлемге кең тарауына себеп болды. Бұған көптеген христиан халықтарының исламды қабылдауы және көпшілік христиандардың арасында жүріп те исламды қабылдап, дінін тастамағандары дәлел болады»,– дейді.

  1. Әлеуметтік сақтандыру құқығы. Кейбір елдер коғамдағы мұқтаж жандардың әлеуметтік құқықтарын қамтамасыз етумен жоғары тұрады. Әрине, бұл құптарлық іс. Бірақ бұл елдер мен мәдени жүйелерден әлдеқайда бұрын ислам аталған құқықтарды толыққанды жүзеге асырғандығын мойындауымыз керек. Біз бұл жерде ислам шариғатының мұқтаж мұсылмандарды қамтамасыз еткендігі жайлы айтып отырған жоқпыз. Өйткені шариғатта жағдайы бар адамдарға зекет беру арқылы кембағыл жандардың мұң-мұқтажын өтеу парыз болып табылса, садақа арқылы әрбір адам пақырлар мен міскіндердің қажеттіліктерін өтеп отыратындығы белгілі. Ал мұсылман емес адамдардың ислам қоғамындағы әлуметтік жағдайына келетін болсақ, ислам шариғаты жұмыс істеуге шамасы келмейтін әрбір әлсіз мұсылман яки мұсылман емес адамдарды әлеуметтік қамтамасыз ету ислам мемлекетінің міндеті екендігін бекітеді. Олардың қажеттері мұсылмандардың ортақ қазынасынан (бәйту әл-мал) бөлінеді.

Ислам тарихы мұсылман емес адамдардың әлеуметтік құқықтары халифалар мен әміршілер тарапынан толыққанды қамтамасыз етілгендігін көрсететін оқиғаларға толы. Соның бірі мұсылмандардың әміршісі Омар ибн Абдулазиз Басра қаласындағы қызметкері Ұдай ибн Артаға хат жолдап: «Өз тарапыңнан зыммилердің жасы келгендерге, әлсіз жандарына, кәсіп етуге шамасы келмейтіндеріне ерекше көңіл бөліп, мұсылмандардың ортақ мал мүлкімен қамтамасыз ет»,– деген.

Ислам елдерінде өмір сүретін мұсылман емес адамдар аталған құқтардан басқа көптеген құқықтармен қамтамасыз етілді. Мысалы: Еңбек ету, сауда саттықпен айналысу, өздеріне жеке баспана иелену мен қалаған уақытта, қалаған жеріне қоныс аудару, білім алу, өз ойларын білдіру, қоғамда еркін жүріп тұру, мүлік иелену құқықтары секілді.

Мұсылман емес адамдардың ислам елдеріндегі құқықтары жайлы сөзімізді түйіндейтін болсақ, жоғарыда байқағанымыздай олардың құқықтары иләһи уахи Құран Кәрім арқылы және Аллаһтың елшісі Мұхаммедтің (с.а.с.) сүннетімен бекітілген. Бұл қияметке дейін өзгермейтін, бұзылмайтын құқықтар. Өйткені ол — Аллаһ тағала мен Оның елшісінің әмірі. Аллаһ тағала: «Аллаһ және елшісі, қашан бір іске үкім берсе, мүмін ер және мүмін әйел үшін олардың істерінде ерікті болуларына болмайды. Сондай-ақ кім Аллаһқа және Оның елшісіне қарсы келсе, сонда рас ашық адасқан болады», — деген.

Бұл басшы немесе халықтың пікірімен өзгертіп, үкімін жоя салатын адамдардың ойынан шығарған құқықтар жиынтығы емес. Ал халықаралық келісімдер сен хартиялар адамдардың ойынан туындаған заңнамалар. Оның заң шығарушы жақ пен халық тарапынан өзгеріске ұшырап, үкімі жойылуы мүмкін. Өйткені кейбір елдердің сол заңнамалардан қалағанын алып, өз ұстанымдарына сәйкес келмегендерін тастап жатқанын көріп жүрміз. Сонымен қатар, алпауыт елдер мен халықаралық ұйымдар осы заңнамалар мен келісімдерді, халықаралық конвенцияларды кейбір елдерге қарсы қару ретінде қолданып, өз мүдделері үшін пайдалануда.

Ал ислам шариғатындағы құқықтар жүйесі, оның ішінде мұсылман емес адамдардың құқықтары аталған кемшіліктерден ада. Орындалуы міндетті. Оны өзгертіп, жүзеге асырмаған адам күнәкар, шариғатқа қарсы келген болып табылады.

Демек, мұсылман емес адамдар мен өзге дін өкілдері ислам елдерінде басқа елдерде қол жеткізе алмаған құқықтармен қамтамасыз етілген десек артық айтпаған болар едік. Осы тұста кейбір адамдар бұл құбылыс бұрын болып, қазіргі таңдағы ислам елдерінде көрініс таппауда деп айтуы мүмкін. Бұл пікірге келісе алмаймыз, өйткені қазіргі уақытта да мұсылман емес адамдардың құқықтары шектелмеген, тіпті, ислам елдерінде олардың лауазымды орындарда қызмет атқарып жүргендерінде көре аламыз.

Бұл жағдайдың қазіргі таңда да жалғасын тауып отырғандығына мына дәйектерді келтіруге болады.

Мысыр христиандарының 1998 жылдың қараша айының 5-нде жарық көрген (Herald Tribune) газетінің толық бір парағында «Шын мәнінде, Мысырда құптилардың (христиандар) діни салттарын толық еркіндікте орындап, ешқандай кедергісіз шіркеулер салып жатқандығын және олардың мұсылмандармен жақсы қарым-қатынаста екендігін әрі қоғамда шеттетілмейтіндігін» айтып, соңында екі мыңнан артық атақты жазушылары, журналистері, дәрігерлері мен өзге танымал тұлғаларының қол қоюымен бекітілген.

Израиль үкіметінің Сыртқы істер министрі Салфан Шалом 2003 жылдың 22 сәуірінде жарық көрген «әш-Шарқу әл-әусат» газетінің журналистеріне берген сұхбатында: «Араб әлеміндегі яһудилер (еврейлер) ғибадаттарында толық еркіндікті иеленуде, яһудилер тарихта батыс христиандары үкімінің астындағы өткізген өмірлеріне қарағанда, арабтардың қол астында өмір сүрген кездері өте жақсы болған, бұл тарихи шындық»,– деген.

Бұған мысал келтірсек, 1492 жылы яһудилер Испаниядан қуылды. Олар оның алдында ол жерде еркін өмір сүрген болатын. Өйткені Испания мұсылман араб билігінің астында болған еді. Яһудилер Әндалусиядан (Испания) христиандардың мұсылмандарды жеңуінен кейін қуылды.

Испания мен Португалиядан қуылған яһудилер Мароккоға, шығыс Африка елдеріне келіп орнықты. Олар Мысырда тыныш, рақат өмір сүрді.

Егер қазіргі таңдағы және тарихтағы ислам дініндегі мұсылман емес адамдардың жағдайы мен басқа елдердегі азшылық танытатын мұсылмандардың жағдайын салыстыратын болсақ, үлкен айырмашылықтарды көреміз. Мысал ретінде тарихтағы Крест жорықтары кезіндегі, Испаниядағы, Қытайдағы, Кеңес өкіметіндегі мұсылмандардың жағдайын, қазіргі таңдағы Балқан елдеріндегі, Палестина, Индия, Филиппиндегі мұсылмандардың жағдайын айтуға болады. Тек қана біздер бұл жайттарға әділдікпен, ынсаппен қарай алмай жатамыз. Сол себепті де көп мәселенің ақиқаты көмескіленіп, әр нәрсе өзінің лайықты бағасын ала алмай қалады.

«Ей, мүміндер! Аллаһ үшін куәлікте туралық үстінде мықты тұрыңдар. Және бір елдің өшпенділігі сендерді әділсіздікке тартпасын. Әділдік істеңдер. Сол тақуалыққа жақынырақ. Және Аллаһтан қорқыңдар. Күдіксіз Аллаһ не істегендеріңнен толық хабар алушы» (Мәида сүресі, 8).

 

Пайдаланылған әдебиеттер

  1. Салих ибн Хусейн әл-Айд. Хуқуқ ғайру муслимин фи билади әл-Ислам. –

Сауд Арабиясы, Идарату әт-Тауғия уә әд-диния, Х. 1426. – 118 б.

  1. Рум Ланду. Ауд.: Мунир әл — Бағлабакки, Әл — Ислам уа әл — Араб. –

Дару әл-илм лилмалаиин. Бейрут; 1977. – 281 — б.

  1. Юусуф әл-Қарадуй. Ғайру әл-муслимин фи әл-мужтамағи әл-ислами. –

«Мактабату Уһба», Каир.1992. – 185 б.

  1. Мұхаммед Әмин ибн Абидин. Радду әл-мухтар алә дурру әл-мухтар. – «Амириа» баспасы, х.1326. – 487- б.