Нұр-Мүбарак
Египет ислам мәдениеті университеті

Мұхитдин ПАТТЕЕВ:»ДІНАРАЛЫҚ КЕЛІСІМ – БЕЙБІТШІЛІК КЕПІЛІ»

07/12/2016

 

Әлем жаратылысының негізі — махаббат, рақымдылық пен шапағат. Ұлы Жаратушы рақымдылық етіп бұл ғаламды жаратқанда, барлық жаратылыстың ішіне махаббат пен мейірім-шапағатттың ұрығын сепкен. Сондықтан ғаламзаттың да жер бетіндегі жанды жансыздың да арасында сиқырлы әуендей бір-бірлерінің арасында ғажайып бір үндестік, татулық, өз ара тығыз қатынас бар. Табиғат заңдылықтары осы татулықтың арқасында тепе-теңдігін сақтап тұр. Алайда, соңғы ғасырлардағы адамзаттың қолымен жасалған өз тума қасиетіне жараспайтын қылықтары мен іс-әрекеттері сол тепе-теңдікке, экологияға кері әсерін тигізіп әлемдегі симфониялық әуеннің ырғағы мен нотасын бұзуда. Соңғы кездері жер бетінде болып жатқан әртүрлі табиғи апаттар сол бұзылған нотаның белгісіндей. Бұл – жұмыр жердің өз бетінде қырғи қабақ болып соғысу, қырқысу емес, тек қана өз ара үндестікті, татулықты қалайтындығының айғағындай. Негізі адамзаттың бір-біріне өшпенділікпен қарау арқылы діттеген мақсаттарына жете алмайтынын айдан анық.

Ендеше бесіктей ырғақпен тербеліп, парасат ғарасатқа қарай кемедей бет түзеген жұмыр жердің бетінде қамшының сабындай келте ғұмыр сүруге келген адамзатқа өз ара түсіністік аса қажет. Бұл үш түрлі болмақ. Ең бастысы, адамзат жаралғалы дінсіз ғұмыр кешкен емес. Тарих сахнасындағы болған барлық саясаттың да мәдиниттің де астарында сол дін, сенім жатыр. Ендеше әлемдегі татулықтың ең бастысы белгісі – дінаралық сұхбат. Екіншісі – ұлтаралық сұхбат пен жарасымдылық. Ақырғысы – еларалық сұхбат пен ымырашылдық.

Қандай да қоғам болмасын ол бес негіз арқылы өзін сақтай алады. Ол – діннің, жанның, нәсілдің, мал-мүліктің және ақылдың сақталуы. Ал осы бес негіздің ең бастысы – діннің сақталуы. Дінаралық келісім, үндестік және татулық өзін сақтауымен қатар қалған төрт негіздің де сақталуына арқау болады.

Соңғы жылдары әлемде кейбір алпауыт елдердің өздері бір-біріне татулық пен ымырашылдықтың жолдарын іздеп дағдарған шақта Елбасымыз Н.Назарбаевтың «дінаралық диолог, өз ара үндестік» деп әлемді татулыққа шақыруы – әлемді елең еткізген үлкен жаңалық болды. Алғашқыда көптеген елдер және дін өкілдері осы съезге күмәнмен қарады. Содан бері әлемдік және дәс¬түрлі діндердің ордамыз – Астанада үшінші съезі де болып өтіп, әлемге дінаралық сұхбат арқылы әртүрлі адамдарының бір-бірімен түсінісе алатындығына көз жеткізді. Иә, соңғы ғасырларда дін өкілдерінің арасында кейбір лауазымды адамдардың дінаралық татулық туралы сөздері, іс-әрекетті болған. Бірақ әртүрлі дін өкілдерінің басын қосып «Құдай сөзін бітімгершілік пен келісімнің пәр¬менді құралы ретінде пайдалануы¬мыз керек»,- деп татулыққа шақыруды бір лидердің, бір Елбасының бастауы бұл соңғы тарих сахнасында болған емес.

Әлемдік және дәстүрлі діндер арасындағы осындай бір келісім, сұхбатқа сол діндердің өзі қалай қарайды? Әсіресе, әртүрлі дін өкілдеріне қонақжайлық таратқан қазақ елінің сенген ислам діні бұған қалай баға береді? Енді осыған қарайық. Өйткені кейбір мұсылмандар «Ислам дінінде өзге дінмен диолог жасауға тиым салынған» деген сөздер де айтылады. Ендеше осыған талдау жасалық.

Адамзатты махаббатымен жаратқан Жаппар Иенің түсірген діні де сүйіспеншілік пен бейбітшілікке толы еді. Сондықтан әр мұсылманның өзге дін өкілдерімен қарым-қатынас жасап, татулыққа шақыруы, сұхбат құруы – оның басты міндеті. Әсіресе, «әһлі кітап» саналған яһудей мен христиан дінімен сұхбат құру, олармен татулыққа шақыру ислам дінінде баса айтылған. Тіпті, ислам дінінде сол екі дін өкілдерімен дінаралық келісім жасап, татулыққа шақырған ең алғашқы адам – хазірет Мұхаммед пайғамбар (с.а.у.).

Алдымен пайғамбардың христиандармен жасаған диологына көз салайық. Әз Мұхаммед (с.а.у.) өзіне пайғамбарлық келген шақта Меккеде христиандар болатын. Сол христиандардың арасында қолында Інжілдің қолжазбалары бар Уарақа ибн Нәуфәл еді. Міне, әз пайғамбарға алғаш рет Хира тауында «оқы!» деген аяттар түскен кезде, ол осының мән-жайын біле алмады. Сонда ол Уарақаға барып, жағдайды баяндайды. Сонда әлгі христиан ғалымы оған: «Сен көп ұзамай пайғамбар боласың. Әттең! Мен сол күнге жетіп саған көмекші болсам ғой шіркін» деп оған демеу беріп, пайғамбарлығын растайды. Ендеше ислам мен христиан арасындағы сұхбат Құранның алғашқы аяты түскеннен бастау алған. Пайғамбар қатты қысылған шақта христиан ғалымы демеу болған.

Меккедегі ислам дінінің алғашқы жылдарында мұсылмандар меккелік мүшріктерден қатты қысым көрді. Сол кезде әз пайғамбар көп жапа шеккен көптеген мұсылмандарды Эфопияға, яғни христиан еліне жіберіп: «Сол жерге барыңдар. Өйткені ол жер татулық пен бейбітшіліктің мекені» дейді. Тіпті, әз пайғамбар сол жердің патшасына хат та жазып, онда: «Мәриямның ұлы Иса – Аллаһтың Рухул-Қудусы (қасиетті рух) және пәк Мәриямға берілген сөзі екенін растаймын» дейді. Бұл хат мұсылман пайғамбары мен христиан елінің басшысы арасындағы ең алғашқы жазбаша түрдегі сұхбат еді. Кешегі өткен әлемдік және дәстүрлі діндер съезіне қатысты Елбасының өзге елдердің дін өкілдері мен басшыларына жіберген шақырулары да сол кездегі қасиетті бастаманың жалғасы деуге болады. Тіпті, кейіннен сол елдің патшасы қайтыс болғаны туралы ғайыптан хабар алған әз пайғамбар сахабалармен бірге тұрып, сырттай соның жаназасын шығарып, дұға жасайды.

Хақ пайғамбар қашан да христиандарды өзіне жақын тартты. Сол Мекке кезеңінде, бірде Византия әскері Иран әскерімен бір соғыста жеңіліп қалады. Олардың жеңілгенін естіген Меккедегі бүкіл мұсылман аза тұтып, олардың қайғысына ортақ болады. Тарихта сол жылы Византияның жеңілгені сол – қайта бас көтеруі мүмкін емес болатын. Олардың өздері жеңетініне күдерін үзген еді. Сол кезде Алладан әз пайғамбарға уахи-аян түсіп, көп ұзамай үш жыл мен тоғыз жыл аралығында қайта жеңіске жететінін айтып сүйіншілейді. Тіпті, бұл аяттар «Рум» (Рим) сүресінде айтылады. Бұл христиан дін өкілдеріне деген ең жақын сұхбаттың бірі еді. Кейіннен Бәдір соғысында мұсылмандар жеңіске жеткен күні римдіктер де қайта жеңіске жетіп, басып алған жерлерін азат етеді. Сол күні мұсылмандар олардың да жеңісіне қатты қуанып, олардың қайғысына да қуанышына да ортақтығын дәлелдейді.

Әз пайғамбар Мәдинаға қоныс аударған шақта христиандармен сұхбатын бұрынғыдан да арттыра түсті. Ол Мәдинада елдік құрған соң дереу христиан елдерінің патшаларына хат жазып, дінаралық сұхбатқа, мұсылман болуға шақырады.

Бірде сол шақыруды қабылдап, Араб түбегіндегі ең көп христиандар тұратын аймақтан бір топ нәжрандық христиандар Мәдинаға келіп, пайғамбармен үнқатысады. Сол топты христиандардың діни көсемі – Әбу Харисә бастап келеді. Сол кезде христиандардың Құдайға құлшылық ету уақыттары келеді. Әз пайғамбар сол сәтте Мәдинадағы өз мешітін босатып, христиандар сол жерде Құдайға мінажат жасайды. Міне, осы көрініс те мұсылман мен христиан арасындағы сұхбаттың ең биік шыңы деуге болады.

Тіпті, осы христиандар тобын әз пайғамбар өзі қарсы алып, төріне шығарып үстіндегі жүннен тоқылған сырт киімін шешіп, жерге жайып соның үстіне отыруын айтады. Сондай-ақ әз пайғамбар христиан мен яһудилердің астары мен жаназаларына қатысқаны, тіпті, науқастарына зиярат жасап көңіл-күйлерін сұрағаны, оларға ас бергені кейбір деректерде айтылады.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев та Астанада үшінші рет өт¬кізілген Әлемдік және дәс¬түрлі діндер съезіне келген дін өкілдерінің басшыларын: «Құшағы кең, қонақжай қа¬зақ жеріне келген қадамдарыңыз құтты болсын!»- деп, сөзді өзі бастап: «Дәл сіздер, діни көшбасшылар, әлемнің үйлесімді дамуының бас¬ты шарты – руханилықты қайта дә¬уірлетер жолбасшы бола ала¬сыз¬дар. Біз өз съезіміздің биік мұраты осы деп білеміз» деп оларды дінаралық татулыққа шақыруы әз пайғамбардың дінаралық сұхбатының жалғасы әрі соның жасаған ізгі іс-әрекетінен өнеге алғандығының белгісі.

Һәм хазірет пайғамбар яһуди дінінің өкілдерімен де сұхбат жасап, олармен қарым-қатынаста болған. Әз пайғамбар Мәдинаға келіп, мемлекет құрған шақта қаланың беделді кісілерін шақырып, елдің атазаңын жазған. Бұл атазаң тарихтағы ең алғашқы атазаң болып есептеледі. Осы атазаңның 2 — және 25 -бабында яһудилер туралы: «Олар мұсылмандармен бірге бір халық» деп жазылған. 16-бабында «Бізге ерген яһудилер ешбір әділетсіздік көрмейді. Оларға бізден әрдайым жәрдем етіледі»; 36-бап: «Мұсылмандарға яһудилер арасында қол ұшын беріп көмектесу, насихат және жақсылық жасалады»,-делінген.

Әрі Құранда яһуди мен христиандарды дінаралық татулыққа шақырған аяттар көп. Мысалы, әз пайғамбарға екі дін өкілдерін дінаралық татулыққа шақыруын Алла тағала бұйырып оған: «Ей, кітап иелері! Біздің арамызбен сендердің араларыңа бірдей сөзге келіңдер. Жалғыз Аллаға құлшылық қылайық. Оған ешбір нәрсені ортақ қоспайық. Сондай-ақ Алладан өзге бір-бірімізді тәңір тұтпайық» деп айт»,-дейді.

Алла тағала Құранда «Фатиха» сүресінен кейінгі «Бақара» сүресінің басым көпшілігі яһудилерге бағытталып, оларды татулыққа шақырса, «Әли Имран» сүресінде христиандар туралы көп айтылады. Тіпті «Әли Имран» (Имран отбасы) сүресі бибі Мәриямның әкесінің аты және соның отбасымен аталған.

Сондай-ақ, Алла тағала мұсылмандарға яһуди мен христиандардың сойған малын «арамсынбай» жеуге шақырады. Құранның «Маида» сүресінде: «Бүгін сендерге жақсы нәрселер халал етілді. Әһлі кітаптардың да тамағы (бауыздағандары) сендерге, сендердің де тамақтарың оларға халал етілді»,- деп айтылады. Яғни, мұсылмандар жейтін малды олар өз сенімдері бойынша соятын болса, мұсылмандар да жей алады. Алланың осылай олардың сойғандарын мұсылмандарға адал етуінің астарында дінаралық татулық, үнқатысу және жылы қарым-қатынас жатыр.

Әрі Алла тағала мұсылмандарға яһуди мен христианнан қыз алып, олармен жүз жылдық күйеу, мың жылдық құда болуға да рұқсат етеді. «Маида» сүресінде: «…Әрі сендерден бұрын Кітап берілген (христиан, яһуди) дерден де абыройлы әйелдермен маһрлерін беріп, бой суытушы, астыртын көңілдес болмай үйленулерің халал етілді….»,- деп айтылады. Бір мұсылман сол екі діннің бірінен қыз алып, үйленетін болса, сол әйелінің мұсылман болуы да шарт емес. Бір шаңырақта тұрып, әйел өз діні бойынша Құдайға құлшылық жасайды. Міне, ендеше осы аят та мұсылмандарды сол екі дәстүрлі дінмен тығыз қарым-қатынаста болуға үндейді. Сондықтан әз пайғамбар сахабаларына: «Мен сендерге әһлі кітапты аманат етемін. Кімде-кім олардың біріне жамандық жасаса, ақиретте алдынан мен шығып, есеп сұраймын» деп қатаң ескертіп кеткен.

Хазірет пайғамбар әһлі кітап қана емес, айналасындағы барлық дін өкілдерімен қарым-қатынас құрып, татулыққа шақырған. «Һұд» сүресінде: «(Мұхаммед) Егер Раббың қаласа, адамдарды (зорлықпен дінге бет бұрғызып, бәрін бір дінді ұстанған) бір ел қылар еді»,- деп айтылады. Ендеше бұл аятта да дінаралық қатынасқа қатысты көп сыр жатыр.

Әз пайғамбардан соң халифа Әбу Бәкір де сол екі дін өкілдеріне аманат көзімен қараған. Мысалы, мұсылмандар Табария қаласын алғанда, Әбу Бәкір ондағы христиандарға «шіркеулеріңе ешкім тиіспейді» деп кепілдік берген.

Хазірет Осман да халифа болып тұрған кезінде армяндардың қаласы Дәбилді алғанда, христиан, яһуди және мәжуси секілді басқа да әртүрлі дін өкілдерінің мінажатханаларына тиіспейтіндігіне кепілдік берген. Тіпті, кейбір өртенген монастырларды қайта салдырған.

Әмәуилер заманында, Урфа шіркеуі қайта күрделі жөндеуден өтіп, Александрияда Маркос шіркеуі салдырылған.

Тіпті, дінаралық татулықтың белгісі ретінде мынадай тарихтағы мысалда айта кету жөн болар. Бірде халифа Абдулмәлик Дамаск мешітінің кеңейтілу мақсатымен Юханна шіркеуі құлатылады. Бірақ Омар ибн Абдулазиз халифа болғанда сол қателікті түзеу мақсатымен мешіттің кеңейтілген жерін құлатып, орнына бұрынғы шіркеуді қайта салдыруға жарлық береді. Бірақ бұған христиандар ризалық танытпай бұрынғыша қалуын пікір білдіреді. Дегенмен, Омар ибн Абдулазиз өз жарлығынан бас тартпайды.

III ғасырда Египеттегі Тұр тауының басында салынған Сина монастыры мен дәл қасындағы мешіт ғасырлар бойы христиан мен мұсылмандар арасындағы дінаралық келісімнің рәмзі деп атауға болады. Әлі осы күнге дейін үш дін өкілдері (яһуди, христиан, мұсылман) сол таудың басына түнделетіп шығып, таңның атқаны мен шыққанын бәрі бірге отырып, тамашалайды. Үш дін өкілдерінің мыңдаған жылдар бойы хазірет Мұса пайғамбардың шыққан ұшар таудың басында бәрі бірге бейбітшілік таңын қарсы алулары – дінаралық сұхбат пен татулықтың ең биік шыңы деп атауға болады. Елбасымыз Н. Назарбаевтың екінші съезде:«Мыңдаған жылдар дін жан-жүректе тыныштандырудың бас¬тауы, халықтар мен мемлекеттер ара¬сындағы өзара ықыласты¬лық¬тың факторы қызметін атқарды. Діннің осындай әлеуетімен бүгінгі дүниеде салыстыруға келетін қандай да бір нәрсе бола қоймас»,-деген сөзі де соның куәсі.

Бұл күнде осындай ғажайып дінаралық келісімді біздің елордамыз – Астанада көру тарихи оқиға. Пирамида үш бұрышының бір нүктеге тоғысып, бірігуі де осындай татулықтың айқын нышаны.

Дінаралық сұхбат исламның алғашқы тарихында ғана емес, Османлы кезінде де жалғасын тапқан. Мысалы Фатих Стамбулды алған кезде Ортодокс патриархының орны бос екендігін білген кезде дереу христиандарға жаңа діни басшы сайлауларына бұйрық береді. Христиан халқы, шіркеу басшылары бәрі жиналып Гиоргий (Kortesios) «Генадий» деген атпен жаңа діни басшы етіп сайлайды. Осылайша Генадий түріктің қол астындағы алғашқы Стамбул дін басшысы болды. Осыдан кейін Фатих христиан жаңа дін басшысын өзіне қонақ етіп шақырады. Оны қарсы алуға өзінің ақсақал уәзірлерін жіберіп, ресми және салтанатты түрде қарсы алады. Ол келген кезде Фатих орнынан тұрып, оған қарай жүріп, оның қолынан ұстап қасына отырғызады. Онымен ұзақ уақыт сұхбаттасқан Фатих оған «Ұлт басы» деген лауазым беріп, елдегі барлық дін өкілдерінің ісіне араласа алатын билік береді. Сосын қайтарда өзі сарайдың қақпасына дейін шығарып салып, сол жерде ақ боз атқа мінгізіп, шіркеуге дейін салтанатты түрде жеткізуге уәзірлеріне әмір береді.

Н.Назарбаевтің қазақ елінің басшысы ретінде Рим католик шіркеуінің Папасы екінші Ион Павелді күтіп алып қарсы алу іс-әрекеті де соған ұқсас тарихтан орын алар жағдай деп атауға болады.

Фатих сұлтан Стамбулды алғанда тек Аясофияны ғана мешіт етті. Стамбулдағы барлық шіркеулерге тиіспей қарамағына алды. Аясофия мешіт болса да ондағы христиандардың киелі санаған суреттерді өшірмеді. Тек намаз уақытында ғана пердемен жауып тастап тұрды. Кейіннен Мимар Синанның Аясофияның төрт бұрышына төрт мұнараны қазық етіп қағып, оның бүгінгі күнге дейін сақталуына мүмкіндік жағдай жасады.

Осындай дінаралық сұхбат Османлы тарихының соңына дейін жалғасты. Османлылар тек христиандарға ғана емес, сондай-ақ яһуди дінінің өкілдеріне де осындай көзбен қарады. Мысалы, бірде Испанияда өмір сүрген яһудилер сол елдің королі Фердинанттан қатты қысым көреді. Тіпті, Фердинант олардың көздерін жоймақ болады. Міне, осы кезде шалғайдағы Османлы елінің сол кездегі сұлтаны II Баязид оның бұл ісін кінәлап дереу заң шығарып, Испанияда өмір сүрген барлық яһуди дінінің өкілдерін Стамбулға көшіртіп алып, оларға қаланың ең шұрайлы жерлеріне орын беріп, барлық құқықтарын сақтайды.

Қазақ елінің Елбасы Н.Назарбаев — бұрынғы халифалар мен сұлтандардай жолбасшы ретінде дінаралық және ұлтаралық татулық мен үндестік идеологиясын жүргізіп, дүниежүзіне бейбітшілік шаңырағын тұрғызуға қадам жасаған бүгінгі әлемнің жаңа тарихындағы ең алғашқы әрі жалғыз басшы. Оның: «Біз Қазақстан халқының діни және этносаралық татулықты ту еткен асыл қасиеттерін әдайым мақтан тұтамыз. Бұл жетістіктерімізді әлем жұртшылығына үлгі етуге ұмтыламыз. Жаңа мыңжылдықта толастамай отырған әлемнің әр бұрышындағы діни текетірестер мен ұлттық қақтығыстардың алдын алуға ықпал етіп келеміз. Астанадағы бүгінгі басқосу — еліміздің осындай табанды ұстанымының бір көрінісі. Сондықтан Әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының ІІІ съезі дүниежүзінде дінаралық келісімнің өркен жайып, өркениеттердің өзара үндестік табуы ісінде айтарлықтай рөл атқарады деп есептеймін», — деген сөзі осының бұлтартпас айғағы.

Сондай-ақ, биылғы жылы Астана мен Алматы қалаларында өтетін қысқы Азиялық олимпияда да дінаралық және еларалық татулықтың жалғасы деп толық айтуға болады.

Құранда: «Ей, кітап иелері! Біздің арамызбен сендердің араларыңа бірдей сөзге келіңдер»,- деп айтылады. Бұл жердегі «кітап иелері» деген сөзді «ғылым, мәдениет және өркениет иелері» деп тәпсірлегендер де бар. Ендеше, ислам дінінде тек қана әһлі кітапты шақырып тұрған жоқ, сонымен қатар жер бетіндегі барлық өркениетті елдерді бірлікке, татулыққа шақыруда. Олай болса, Елбасы Н. Назарбавтың дінаралық, ұлтаралық және еларалық сұхбаттары өзі де мың жылдар бойы қазақ халқының сенген қасиетті кітабынан алған өнеге екендігінің белгісі. «Біз тегіміз – түрік, дініміз – ислам екенін ұмытпауымыз керек. Ол үшін Қасиетті кітап – Құран Кәрімді насихаттауымыз керек» деген сөзі және сол сөзіне сай Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдинеті университетін ашып, тоғызыншы ғасырда ашылған әл-Әзһар университетімен тікелей байланыс құрғызуы да ғылымның бейбітшілікке қызмет етуі тиіс екендігіне негіз.

Елбасы Н. Назарбаевтың осы идеясы дінаралық келісім сеъзінде басталған жоқ. Бұл – сонау еліміз егеменді ел болып, ядролық қарудан өздігімен бас тартан кезде басталған. Кейбір елдер ядролық қару жасауға жанталасып жатқанда Н.Назарбаевтың ядролық қарудан бас тарту пікірін білдіруі – әлемді бейбітшілікке шақыруға жасаған алғашқы қадамы тұғын. Оның «Адам түзелмей, заман түзелмек емес. Бүлінген заманды түзеу — адамның өз міндеті» деген идеясы сол кезде қалыптасқан-ды. Еліміздің соның бастауымен ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуінде де осы тың идеяның жалғасы еді. Еліміздің келесі жылы Ислам лигасына төрағалық етуінде де мұсылмандардың үмбетаралық келісімінде жаңаша бір үрдіс, ерекше бір серпіліс бар екені күмәнсіз.