Нұр-Мүбарак
Египет ислам мәдениеті университеті

Ұлттық құндылықтар қазақ мәдениетінің негізгі қайнар көздері

11/03/2019

Адамның басты мақсаты – өз ұлтының, өз жерінің мәдени ұстындарына сүйене отырып, өз бойындағы...

Адамның басты мақсаты – өз ұлтының, өз жерінің мәдени ұстындарына сүйене отырып, өз бойындағы қасиеттірді дәйекті де тұғырлы етіп тәрбиелеп, жүзеге асыру. Яғни мәдениет өмірдің тиянақтылығын, тұрақтылығын, дәйектілігін, мәнділігін, табандылығын қамтамасыз ететін үлкен институт болып табылады. Ал қазіргі таңда қоғамдық өмірде дәйексіздік, тұрақсыздық, тиянақсыздық секілді белгілердің көбейіп кетуіне байланысты соңғы онжылдықтарда осы мәдениет феноменіне қызығушылық артып отыр. Бүгінгі қоғам өмірінде жиі көрінетін жағдайлар – ата-ана мен бала арасындағы түсініспеушілік, олардың арасындағы дау-жанжалдар, адамдардың бір-біріне сенімсіздік танытуы, бір мемлекеттің азаматтары бола тұра, ұлтқа, нәсілдікке, діни ұстанымдарға бөліну, бірін-бірі белгілі бір себепсіздіктерге байланысты жек көру секілді құбылыстар теріс бейсаналық пен түрлі келеңсіздіктерге жол ашып жатыр. Бұл қоғам, мемлекет, әлем бойынша орын алуда. Міне, қоғамдағы мәдениет функцияларының бірі – осындай қоғамдық немесе жеке әрекет түрлерін реттеу болып табылады. Яғни мәдениет мораль мен құқыққа негізделе отырып, адамдардың мінез-құлқына әсер етеді [1]. Кез келген халықтың мәдениеті бос нәрсеге емес, адамдар мен оны қоршаған ортада әрекет етеді. Мәдени нысан оқшау, мәңгіге берілген үлес емес. Ол – заман ағымның өрісі. Мәдени нысанның ең басты артықшылығы оның тылсымдық қасиетінде. Мәдениеттің негізгі қайнар көзі, өзегі салт-дәстүр, әдеп-ғұрып болып табылады. Ал қазақ мәдениетін әдептік құндылықтардан тыс талдау мүмкін емес. Мысалы, «Мәдениеттану» оқулығының авторлары егер Батыста – рационалды ғылым, Шығыста – жантану өрістесе, онда қазақ сахарасында «адам болу» ұстанымы алдағы қатарда болған. Сол секілді дана халқымыздан «Адам әдебімен көрікті» деген сөздің қалуы да тегін емес. Демек, ұлттық мәдениет және руханиятымыздың негізгі көзіне адами ізгіліктер мен әдептілік белгілері кіреді. Әсіресе, ұлтымыздың мәдени өміріндегі мұсылмандар дүниетанымына жататын әдептілікті жіктейтін болсақ, оның ең бірінші қозғаушы күші деп адам мен пенде ұғымдарын ала аламыз. Адамға келсек, ол құдіреті күшті жаратушының ықпалымен дүниеге келген жанды жаратылыс. Барлық адамзаттың түп тамыры. Сондықтан ол кез келген елдің пәлсапасында тектілік ұғымымен түсіндірілетін сипатқа ие. Алла тағала адамды топырақтан жаратқан және оған өзіндік мән мен жан берген. Күшті адам ол – рухани бай адам. Осындай мақсат тұтатын пенде туралы қазақ халқын зерттеуші Қ. Жарықбаев өз ойларын былай түсіндіреді: «Ақылы бар адам өзіндік ойы, өзіндік мақсаты, өзіндік бағыт-бағдары бар, кез келгеннің артынан еріп кетпейді. Салмақтылық, тұрақтылық, мінезділікке – адам ауадай зәру. «Қайда болсаң да өзіңді тізгіндей білу», «Тұлға болу үшін батырлық пен қатар ақпейілдік те керек», «Сабырлық – жақсы қасиет» [2]

Тұлғаның осындай ұнамды қабілеттерін тізе келіп, халықты ұнамсыз, жат әрекеттерден алшақтатады. («Сараңның жұрт түгілі өзіне де дәрмені жетпейді», «Топасқа қылығы да қырсық болып жабысады», «Ұятсыздан үйдей пәле шығады»). Тұлғаға төмендегі әрекеттер, нақтырақ айтсақ – жалған сөйлеу, менменсу, ішімдікке салыну, нәпсіге бой алдырту, көреалмаушылық, күншілдік пен басараздық, жаман жолға түсу, тектен текке күйіп-пісу, ашуға бой алдыру, адамның өзі іс әрекеттерін басқара алмай және тағы да өзгелері ешқашан пайда әкелмейді. Ал саналы жан мұндай теріс әдеттерді өзінен әрдайы алыс ұстауға тырысады. Егер адам жақсы қасиеттерге бай болса, онда ол үнемі айналасындағылардың жағдайын қатар ойлайды. Ал мінезі нашар, теріс қылықты адам тек қана өз басының қамын жейді. Өмірде бақытқа жету үшін міндетті түрде өз бойыңда ізгі қасиеттерді сақтап, ұялата білген жөн. Себебі әр адамның бақытты болуы тек оның өзіне байланысты. Сондықтан әрдайым ізгі қасиеттерге бойымызды тәрбиелеп жүруіміз керек. Адам өзінің ақыл-санасымен қоса сана сезімін де билеп-басқара білуі керек, яғни өз көңіл-күйінің де басшысы болсын, тұңғиық, өз – өзін бағаламайтын адам – бұл әліде болса тәлім – тәрбиесі толықсый қоймаған адам. («Жанұшырушылық – топас адамның белгісі», «Ашуға ерік беру – ақылға зиянын тигізеді», «Ақыл ашумен қатар жүрмейді».

Салт-дәстүрге берік қазақ тәрбиесінде адамды жақсылыққа итермелейтін рухани күштердің арасында намыс маңызды рөл жасайды. Намыс адамдық менді қайрай түседі. «Ерді намыс, қоянды қамыс өлтіреді» дейді қазақ халқы. Қазақ халқының руханиятындағы тіршіліктің мәні мен оның басты қағидасымен айналысқан ғалым Г.Нұрышева намысты кісілік пен халықты (қауымды) тұтастырып тұратын негіз ретінде қарастырады[3, 142 б]. «Намыс» ұғымына Д.Кішібеков өзінің «Қазақ менталитеті: кеше, бүгін, ертең» [4, 45 б] деген монографиялық жинағында арнаулы тоқталып өтеді. Оның ойынша, намыс адамгершілік қасиеттің ең құнды көріністерінің бірі болып табылады.Бұл өмірде намыс сезімінің алуан түрі бар. Яғни бірнеше түрге бөлінеді. Атап айтсақ, жігіттік намыс болады, туған жерге, дінге, руға, отбасына, істеген қызметіне, ұлт пен ұлысына байланысты намысшыл бола аламыз. Намысшыл адамның бойында жігерлік қасиет, мықтылық пен кез келген кедергіні жеңе алатын табандылықтың болары сөзсіз. Ал намыстан ада адамның бойында ар да, ұят та, тіпті адами қасиет те болмайды. Азаматтығымыздың негізгі бейнесі осы намысшылдығымыз болып табылады. Әсіресе, қазақтың ұлты тексіз емес. Ол қайсар халық. Оның бойында мықтылыққа жетелейтін намысшыл мінез басым. Жігерлі де батыр ел. Бұлай айтуымыздың басты дәлелі тарих беттері болып табылады. Мысалы, Ескендір Зұлқарнайынды алып қарайықшы. Ол жау шапқанда жалғыз өзі көп әскердің қоршауында қалған. Бірақ ол дес бермеді.

Жалпы адамдар арасындағы өзара сыйласудың, араласуды реттейтін бірқатар ұғымдар бар. Бұлардың аталған жүйеде атқаратын рөлі аса зор. Қазақтардың түсінігі бойынша бұл аталған қасиеттердің шынайы өмір мен тылсым дүниеде де өзіндік құндылықтарға ие болып келеді. Егер бұлардың әрқайсысына жекелей анықтама беретін болсақ, олар адамзат иамырына терең таралған. Соның ішінде біз күнәні біз Тәңірдің қаһарына қалған жанның басына түскен кесір деп айта аламыз. Ол адами қылыққа жатпайтын дұрыс емес әрекеттердің (нәпсіге бой алдыру, жаман пиғыл, тән құмарлық, қиянатшылдық, екібеткейлік, аюуандық, т.б.) жиынтығы. Егер адам баласы осындай қылықтардың біріне бой алдырса, ол өзінің күнәсін жуып-шаюы керек. Сондықтан ол ізгілік жолында әрекет жасап, Алладан кешірім сұрайды. Алайда нәпсіге бой алдырған адамның кешірілуі екіталай. Адуынды мінездің бейнесі болса, кінә әдеттеі өмірде жиі кездесетін құбылыс. Кінәні ниет қойып жөндеуге, арылуға болады. Кей кездері көңіліміз хош көрген іс-әрекеттердің өзі де адамдарды ыңғайсыз жағдайға қалдыруы мүмкін. Мысалға, ойланбай сөйлеу, ағаттық жіберу осыған жатады. Халқымыздың ауыз әдебиетінде болсын, жазба әдебиетінде болсын, барлық асыл мұраларымызда, күнәға бату мен кәнінің талқысы өте жиі кездеседі. Себебі бұл ақын-жазушылар мен көптеген ғұламалар еңбегінің басты тақырыбы болған. Бұл қоғамда талқыланатын басты мәселенің де бірі болды. Бұл екі ұғымды біз халқымыздың тұрмысындағы басты нәрсе деп білуіміз керек. Себебі әрбір қазақ кінәлі болып, не болмаса күнә жасаса, ол міндетті түрде өзіне лайық жазасын алуға тиіс деп білген. Ал өмірге адал жандар мадаққа лайық деп түсінген. Сондықтан атақты ақын Шәкәрім заманындағы жаман әдетермен барынша күрескен. Ол адалдық пен арамдық арасын ажырата біліп, Еңьектің маңызын түсіндіруге тырысқан. Тек қана еңбек істеген жан өзін құрметтей алады, басқаға жамандық жасап, қор қылмайды деп айтып кеткен. Ондай адамның айтқан сөзі мен істеген ісі әрдайым шуақ шашып тұрады. Оның әрекетінде пасықтықтың болуы мүмкін емес. Ол адам әрдайым сабырлылық танытып, шыдамды әрі кез келген ортада өзін жақсы ұстай алатын болады. Күнә түсінігінің кез келген мәдени-өркениеттік қоғамда сан алуан анықтамасы болады. Атап айтсақ, христиандардың мәдениетінде негізгі күнә істерге мыналар жатқан: ең бірінші, адамның өз басын жаратушы иеден биік қоюы. Одан кейін ашкөздік пен пайдаға салыну, әр нәрседен пайда көріп тұру. Сондай-ақ, нәпсіге бой алдыру, өзін-өзі ұстамау болып саналған. Ал өзіміздің мұсылман дүниесінде мұндай ауыр күнәларға ішімдік пайдалану, бес парызға мән бермеу, оны өтемеу секілділер жатады. Халқымыздың ұлттық мәдениеті жаны ашу, обалсыну, жақсылық жасау, сауапқа ие болу ұғымдарын жоғары қойған. Олар діннің негізін құраушы мораль мәселелерін көтеретін түсінікке жатады.

Обал – қиянат жасама, деген түсінік білдіреді. Бұл – айналаңа зақым әкелуге, жамандық жасауға, яғни тірі жанға жәбір көрсетуге, табиғатқа зиян келтіруге болмайды деген сөз. Мысалы, біреуге қиянат жасау – обал. Нанның қоқымын аяққа басу, не оны ысірәп ету де обал. «Судың да сұрауы бар» дегендей асты босқа ысырап ету, тағамды даярлау үшін кеткен барлық еңбекті қадірлемеу деген сөз. Тәрбиесіздік пен әдепсіздіктің осындайлардан шығатынын түсінуге болады.

Тәрбиесіздіктің негізінде анималистикалық, тотемистік және фетишистік көне нанымдар да жатыр. Қазақ дүние танымында әдептіліктің негізгі белгілеріне мыналар: туған жер мен туған еліне деген махаббат, ар-ұятты болу, намысты болу, баршаға қайырымды болу, ата-бабалар рухы мен қарттарды ізеттілік танту, ата-аналық парыз бен балалық қарыз, әділдік, қанағатшылдық және т.т. Басқаша айтқанда, ұлттың басты қағидасы әдептіліктің, кісіліктің төңірегінде топтасқан [5, 241 б.].

Алайда халқымыздың дәстүр мен мәдениетіндегі түрлі әдептер батыс үлгілерінен бөлек, артықшылығы мен ерекшеліктері бар. Ең алдымен, ізгі қасиеттердің халық ауыз әдебиетінде бейнеленуі мен суреттелуі болып табылады. Одан кейін әдептік негіздердің халқымыздың құқық және көркемдік өнермен сабақтасуы. Сондай-ақ, бұл әдеп үлгілерінің абыз, ақын, жыраулардың шығармаларына арқау болуы. Қыртпа өлеңінде жамандықты тыйылу басты тақырып ретінде қаралады: «Көшер болсаң, әй, бәдік, жыланға көш! Адамзатқа ұнамды істердің бәрін жақсылыққа жатқызады. Керсінше ұнамсыз әрекетті — адам тіршілігіндегі бейнелердің негізгі аталуы. Оған қоғамдық пікірмен айыпталатын теріс қылықтар мен пиғылдар жатады» [6, 112 б.].

Қазақта жақсылық пен жамандық түсінігі ақын-жыраулар жырлары мен шығармашылығында егжей-тегжей әрі көркем бейнеленген. Бұл ұғымдар тап-таза поэзия аймағынан шығып, халық аузындағы даналық үлгілеріне, пәлсәпалық пайымдауларға айналған. Жақсылық Отаны – Жерұйықтың қандай белгілері бар?! Бұл сұраққа жауапты заман талабынан, елдің арман-аңсауларынан, өкініштері мен мұқтаждарынан іздестіру қажет. Шоқан Уәлиханов бабамыз осы мәселелерге ең алғаш зер салғандардың бірі. Оқымыстының сараптауы бойынша, қазақтың аңыз-әңгімелерінде ноғайлармен көрші болған кезінде алтын ғасыр болғаны жайлы айтылады. Эпостардағы әрбір қиссалардың басында  «ноғайлы мен қазақтың бағы жанған заманда» деген [7, 235 б].

Қазақта жақсылық пен жамандық түйсіктегі: әрі әдептілік, тәлімдік, өнегелік ұғымдар ретінде көрсетіледі және адам бойынан көрініс табу мүмкіндіктерімен жырланған. Бұл ғұмырлық пәлсапада жақсылықтың критериясы пенденің өзіне сәйкес тіршілік қылуы болса, онда жамандық түсінігі тіршілікті шектеу болмақ. Демек, жақсылық адам мен ғалам арасындағы үйлесім ретінде. Нағыз адам ғана жақсылық жасау қолынан келеді. Ал, жамандық – үйлесімсіздік, теріс қылық, шектен шығу, “ғәріп” нәрсе: «Бұ заманда не ғәріп? Ақ қалалы боз ғәріп, жақсыларға айтпаған асыл шырын сөз ғәріп, зәмәндәсы болмаса, қария болар тез ғәріп, қәдірін женге білмесе, бойға жеткен қыз ғәріп, мүридін тауып алмаса, азғын болса пір ғаріп [8, 8 б.].

Тәрбиесі мол, бойында ұяты бар әдепке ие жан еш уақытты қолайсыз жайттың орын алуына жол бермеуге тырысып бағады. Себебі ол тек өз басын ғана емес, қарсы тараптың да жағдайын ойлап тұрады. Ондай жан басқа адамды ұнатпаса да оған деген жағымсыз сезімін, сондай-ақ, жақсы көрген адамына да өзінің сүйіспеншілігін сездірмейді. Ол әрдайым тартынып, өзін-өзі ұстап жүреді. Мұндай қасиетке ие болып әдептілердің қатарына қосылу үшін, ең алдымен, өзіңді басқа жанның орнвна қойып, соның жағдайына кіре білу керек. Сонда ғана сен қарсы тараптың айтқысы келгенін түсініп, ортақ шешімге келуге талпынасың. Адам бойындағы мұндай қасиет басқалармен болатын түсініспеушіліктің алдын алу үшін аса қажет. Ұлтымыздың мәдениетіндегі әзгә құндылықтардың тізбегі көптеген ұғымдарды қамтиды. Заңгер, отандық оқымысты З.Кенжалиевтің пікірінше, қазақта тәртіп ұғымы – адам бостандығын шектеуге үшін бағытталмаған. Қоғамдық тәртіп туралы халық көзқарасының негізінде бейбіт ғұмырға деген құлшыныс, тыныш өмір сүруді аңсау жастыр. Мұндағы таңқалдыратыны, қоғамдық тәртіп – заңмен, яки құқықтық нормалармен байланыстырылмаған. Тіпті, қоғамдық тәртіп жайлы ойдың өзі күні бүгінге дейін жеке-дара болып шықпаған-ды. Ол ел арасының тыныштығы, ағайын арасы татулығы, ел ара жарастығы тәрізді ой-ағымдардың ажырамас бөлігі ретінде өмір сүрді. Халықтың ынтымақтығы, бірлігі, тату-тәттілігі оның өз – еркіндігінен, азаттығынан айырылып қалмау үшін орнатылған тәртіп еді. арандатушылық пен алауыздықтан бойын аулақ ұстаған ел ғана еркін де, бейбіт ғұмырға лайық, әйтпесе құлдық пен күңдікке дұшар болу қаупі әрқашан төніп тұр [9, 47-б.]. Сондай-ақ, өткен тарихтың шынайы рухани құндылықтарды сақтай білген, ұрпақтан-ұрпаққа рухани мұра қылып қалдырған халықтың – өркениетті ел ретінде жарқын болашағы бар.

Қорыта келгенде, ұлттық құндылықтарымыз қазақ мәдениетінің негізгі қайнар көздері екені мәлім болды. Ғасырлар бойы жалғасын тауып келе жатырған тарихымыздан көшпенді қазақ тәрбиесіндегі өркениет, мәдениеттің болғанын бабалар қалдырған мұралардан, халық аузында жүрген мақал-мәтелдерден-ақ көруге болады. Қазақтың әрбір айтқан сөзі даналыққа сүйеніп, дәстүр мен дін біте қайнасқан үлгісінде көркем бір бейнеде үйлесімділік таба білгені анық. қазақтың иман мен имандылық сөздерінің астарында қандай мағына жатқанын білсеңіз. Иман әуелі кәлимамен келеді, имандылық сол кәлиманың астарындағы адамгершілік, инабаттылық, ибалық сынды барлық ізгі істерден құралады. Міне, сол имандылықтың нәтижесі имандылық болған. Имандылық бар да – тәртіп те, бейбітшілік те, адами құндылықтардың барлық көріністері адамның бойынан табылатыны сөзсіз. Сондықтан да ұлттық құндылығымызды жаңғыртқан кезде ғана біз мәдениетімізді жаңғырта тірілте аламыз.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
1 Т.Х. Ғабитов. Құқық философиясы. – Алматы: Нұрпресс, 2010. – 228 б.

2 Қ.Жарықбаев. Қазақ психологиясының тарихы. – Алматы: Қазақстан, 1996. – 39 б

3 Нысанбаев Ә. Қазақ даласының ойшылдары. 2-ші кітап/ред. –Алматы: ФСИ, 2001. – 28 б

4 Әл-Фараби философиясы//Қазақ халқының философиялық мұрасы: 20 томдық. – Астана: Аударма, 2005. 2 том. – 460 б.

5 Қазақ поэзиясы/редактор Дербісалиев Ә. – Алматы: Ғылым, 1982. – 308 б. Ғабитов Т.Х. Қазақ философиясы: ұлттық идея кеңмәтінінде. – Алматы: «Раритет», 2010. – 241 б.

6 Әл-Фараби философиясы//Қазақ халқының философиялық мұрасы: 20 томдық. – Астана: Аударма, 2005. 2 том. – 460 б.

7 Уәлиханов Ш.Ш. Қытай империясының батыс өлкесі//Таңдамалы. – Алматы: Жазушы, 1980. – 136 б.

8 Әбішев Қ. Философия. – Алматы: Ақыл кітабы, 1998. – 259 б.

9 Кенжалиев К. Көшпелі қазақ қоғамындағы дәстүрлі құқықтық мәдениет. – Алматы: Жеті жарғы, 1997. – 125 б.