Зайырлылық – қоғамдық құндылық!

03/11/2017

Айша КЕҢЕСБАЙ, исламтанушы-журналист

Бүгінде әлемге жаһандану ықпалы күшейген сайын адам құқығы, адамзаттық ортақ құндылықтар мәселесі өзектілігін арттыра түсті. Жаһанданудың екінші кезеңіне түрткі болған әлемдегі алып империя Кеңес Одағының күйреуі құрамындағы елдердің атеизмнен бас тартып, өз сара жолын таңдауымен жалғасты. Этникалық ұстанымы ислам дінімен байланысты болса да еліміз  алғашқы қадамын зайырлылық арқылы адам құндылығы, азаматтық құқық мәселелерін негізге алғаны белгілі. Сондықтан ел азаматтары жаңа бағыттың мәнін сіңіре алмай жатқан кезеңде, зайырлылықтың түп-тамырын бағдарлап қойған шетелдік түрлі діни ағымдар өз мақсаттарына  кірісіп үлгерген. Дін мемлекеттен бөлек деп азаматтардың сенім-наным бостандығына еркіндік берілгенімен, оны жат діни ағымдардың өз пиғылдарына пайдаланып кетуі күшейе түсті. Ширек ғасыр зайырлылықтың Қазақстанға тән өз бағыты болу керектігін дәлелдеп үлгерді. Себебі тәуелсіздіктің алғашқы жартысында ата дінімізге, салт-санамызға жат миссионерлер жайлы дабыл қақсақ, соңғы кезеңде олар ислам дінін жамылған жат ағымдардың ылаңының көлеңкесінде «назардан тыс». Бұған ислам діні төңірегінде түрлі руханиятқа қайшы пікірлердің қатар көтерілуі жиілеген әлемдік тенденция өз әсерін тигізгені рас.

Бүгінде зайырлылықты атеизммен астастырып, не болмаса ислам дініне қарсы құрылым деп шатасып жүргендер аз емес. Ал ислам діні тарихынан хабары бар адам  Пайғамбарымыздың (с.а.у.)  әр қадам-шешімі зайырлылыққа негізделгенін бағалар еді. 622 жылы қабылданған «Мәдина конституциясында» бірнеше дін өкілдерінің бір мемлекетте қатар өмір сүріп, өзара құқықтық мәміле орнатып, Мәдина қаласының ішкі-сыртқы мәселелерін реттеуде ортақ міндеттер жүктеуге қол жеткізілген. Алғаш рет дінаралық диалогтың негіздемесі қалыптасқан бұл декларацияның ислам мемлекеттігінің пайда болуы мен қалыптасуында құқықтық рөлі ерекше. Ал бүгінде тәуелсіздігімізге ширек ғасыр өтсе де қоғамдық сананың әлі қалыптасып үлгермеуі, тіпті бастауыш сынып оқушыларына орамал тағып қоғамды «ушықтыра» түсу кімге тиімді? Әр қоғамның даму заңдылығы – азаматтар санасының да жаңғыруымен байланысты. Бұл білім мен тарихтан тағылым алған тәжірибе арқылы жүзеге аспақ. Ендеше әуелі «зайырлылық дегеніміз не?» дегенге жауап іздесек.

«Зайырлы» сөзінің түбірі араб тіліндегі «заһирун» сөзімен байланысты, яғни «анық, айқын, ашық, сыртқы» деген мағына. Дегенмен қоғамда «зайырлылық» сөзін батыс елдерінен келген «лаицизм», «секуляризм», «светскость» терминдерінің баламасы ретінде қабылдау басым. Солардың арасында «лаицизм» сөзі жиі аталып, ол мемлекет пен діннің қарым қатынасын реттейтін ұстаным деп отандық ғалымдар анықтама берген.

«Лаицизм» (француз тілінде «Laïcisme») – мемлекетті басқаруда қандай да бір дінге сілтеме жасамастан, мемлекеттің діндерге деген бейтараптылығын ұстанатын қағидат. Француз тіліндегі «лаицизм» сөзі «діни емес адам», «діни адамнан өзге халық» деген мағынаға сай келетін  латын тіліндегі «laicus» сөзінен шыққан. Рим империясы дәуірінде діни адамды «clerici», діни емес адамды «laici» деп атаған. «Лаицизм» терминінің ағылшын тіліндегі аудармасы болып табылатын «Secularity» сөзі «дін және мемлекет істерін бір-бірінен бөлек ұстау» деген мағына береді. Бұл сөз латын тіліндегі «заман» мағынасындағы «saeculum» сөзінен шыққан. «Лаицизм» мен «секуляризм» сөздері орыс тіліне «заманға сап түзеу» немесе «дүниеге бой түзеу» деген мағынадағы «светскость» сөзі түрінде енді. Францияда «Laïcité», «Laicisme» терминдері «материялық (ғылыми) және идеялық (діни) болмыстарды бір-бірімен араластырмау» деген мағынаны білдіреді [1]. Сондай-ақ, кей түсіндірмелерде «халықтық, қасиеттілікке қатысы жоқ, әлем бастауының рухани бастаудан тәуелсіз әрі оған байланыссыз, автономды екенін меңзеу» дегенді қамтиды.

Қалай дегенмен әр елдің өз тарихы, салт-санасы, әдет-ғұрпы, мәдениетіне, т.б. ерекшеліктеріне сай даму жолы болады. Бұл дін мәселесінде де өзекті. Олай болмағанда қоғамның дәстүрінен тыс  радикалды, яғни бірбеткейлік әрекеттері бой көрсетіп, ел тұрақтылығы мен дамуына кедергі тудыратыны адамзат тарихынан белгілі. Қазір еліміздің азаматтары ұстану жағынан ең негізгі екі дін, яғни ислам мен христиандық болса, ресми өкілдердің соңғы есебінше, еліміздің 75 пайызы мұсылмандар. Ол этникалық жағынан 24 топқа бөлінгенімен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарихи негізге сүйеніп ханафи мәзһабын ұстанады. Бірақ құзырлы орындардың мәліметіне сүйенсек, мәзһабты мойындамау жолында бұрын ашық түрде жұмыс  жасаған діни топтар қазір астыртын әрекетін жалғастыруға тырысып бағуда.

Ислам атын жамылған діни радикализмнің тенденциясы елімізде 2000 жылдан бастап күрт өскен. Ал оның алғашқы  ұшығы 2011 жылы жарылды. Яғни еліміздегі «терроризм» картасы  2011 жылғы 17 мамырда Ақтөбе ҰҚК департаменті ғимаратында жарылыс жасаған Р. Мақатовтың ажал құшып, 3 адамның жаралануымен басталады. Бір апта өтпей Астана ҰҚК абақтысы жанында көлік жарылып, одан Қазақстан мен Қырғызстан азаматтарының мәйіті табылған. Мамырда мазасы кеткен  Ақтөбе өңірінде  үш айда  қарулы  5 оқиға орын алып, тамызға дейін тыншымай қойған еді. Артынша Атырау, Тараз, Алматы қаласы мен өңірі лаңкестік топтардың нысанасына ілікті. Ақтөбеде  қайтадан 2016 жылы 5 маусымда  үш жерде атыс болып, 19 адам қаза тапты. Оның төртеуі бейбіт тұрғын болса, үшеуі – әскерилер. Ұлттық Ұланның № 6655 әскери бөліміне бейбіт күнде діни содырлардың баса-көктеп кіруі, 18 шілдеде Алматы қаласындағы Ішкі Істер мекемелеріндегі Куликбаев тудырған қанды оқиға – олардың келешекте кез-келген қоғамдық орындарда  оқ жаудыруы әбден мүмкін екендігін айғақтай түсті. Құзырлы мекеме маңайында  өзін-өзі жарып жіберу, тәртіп сақшыларына қарсы жасалған лаңкестік әрекеттер, т.б. оқиғаларды сараласақ, мұның барлығы мемлекеттік билікке қарсы бағытталғаны байқалады. Яғни бүгінгі зайырлылықты ұстанған мемлекет саясатына қарсы жасалған нақты әрекеттер. Олардың барлығын саралағанда, шетелдік «шейхтардан» дәріс алып, халқымыздың тарихи жолын тәрк етіп, дәстүрлі ұстанымды «адасушылық» деп есептейтін қаракөздердің қолымен жасалғаны анықталды.

Осы жағдайлар «жиһадты» желеу еткен теріс түсініктегілер ислам дінінің мақсатын түбегейлі  түсінбеуін меңзейді. Себебі. «жиһад» тілдік мағынасы бір сөзбен  «күрес» деген ұғым, яғни «белгілі бір нәтижеге, мақсатқа жету үшін  бір істі істеуде бар қажыр-қайратың мен ынта-жігеріңді жұмсау, тырысу, күресу» дегенді білдірсе, шариғи терминдік мағынасында «Жихад – адамға Алла Тағаланы тану үшін жол ашу». Сондай-ақ исламда қарулы соғысқа тек 3 жағдайда ғана рұқсат етіледі:

1. Қорғану мақсатында. Шабуыл жасаған жауға қарсы соғыс;

2. Өзіңе шабуыл жасайтыны нақты анықталған дұшпанға соғыс тактикасы бойынша бірінші болып шабуылдауға;

3. Түрлі зұлымдықтарға жол бермеу мақсатында [2].

«Жиһадты» мемлекет басшылығы, билік орындары ғана жариялай алады, жекелеген адам не болмаса партиялардың оған құқығы жоқ. Ислам дінінің осындай талаптарына қарамастан ел ішін дүрліктіріп, тіпті жат сенім жетегінде «Жиһад» деп Сирияға аттанғандар 400-500-дей деп саналса, оның жартысына жуығы әйелдер. Алайда осыдан  3-4 жыл бұрын айтылған бұл деректен өзге ресми мәлімет болған жоқ. Мәселен, бейресми  және бұқаралық ақпарат көздерінен 2 жыл бұрын көпбалалы бірнеше отбасының Бішкек арқылы Сирияға аттанғандығы жөнінде мәлім болды. Сол «елден безген» жас отбасылардың  әрекетінен ата-аналары бейхабар болғандығы анықталған. Осы мәселелерге орай  шекара асып кетушілерге қатысты басты кінәні отбасындағы ер азаматпен байланыстырушылар жиі кездесуде.  Яғни отбасына отағасы жауапты болғандықтан әйелі оған бағынуы арқылы шариғат заңын сақтады деген пікір басым. Ал ақиқатында бұл діни сауатсыздықтың белгілерінен деп нақты айта аламыз.

Әлбетте, Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Әйел 5 уақыт намазын оқыса, Рамазан оразасын тұтса, ар-ұятын сақтап, күйеуіне бойұсынса, оған «жәннатқа қалаған есігіңнен кір» делінеді!»[3], сондай-ақ,  «Ер кісі жанұяның тәрбиешісі. Сондықтан жанұя тәрбиесі үшін жауапкер»,-деген [4]. Сонда расымен,  соғыс алаңына айналған елге аттанған бүкіл отбасыларының жағдайында отағасы ғана жауапкер ме? Бұл арада, әрине исламдағы әр адамның азаматтық құқығы қарастырылады. Себебі, отбасындағы әрбір мүшенің өзіндік міндеттері болғанымен, балиғат жасына толған әр мұсылманның  Алла алдындағы жауапкершілігі бөлек. Сол сияқты ата-ананың да балалары алдындағы әрқайсысының  өз құқытары бар.

Жалпы ислам дінінде ер мен әйелдің жағдайын тең дәрежеде қарастырады. Себебі қасиетті Құранда: «Ей, адамдар! Расында сендерді еркек пен әйелден жараттық және бір-бірлеріңді  тануларың үшін сендерді ұлттар мен ұлыстарға бөлдік. Күдіксіз, Алла  хұзырында ең жоғарыларың тақуаларың!»-деген[5].  Яғни ер мен әйелді жаратылысы жағынан тең дәрежеде әрі әркім тақуалығы арқылы бағаланатындықтан, ер де, әйел де Алла алдында өз іс-әрекетіне дербес жауапты. Сонда әйелдердің күйеулеріне еріп, балаларының басын қатерге тігіп,  соғыс алаңына аттануы тақуалық па? Әлбетте, жоқ. Ислам ғалымдары  адам өмірін сақтап қалу үшін мәжбүрлі жағдайда өлексенің етін жеуге дейін рұқсат етеді. Ал бейбіт күнде өлімге мақсатты түрде бас тігу дін тұрғысынан – күнә, заң бойынша – қылмыс болып саналмақ. Яғни діни тұрғыда,  Сирияға аттанушылар ең әуелі ата-анасынан бас тартушылар. Өйткені, Шам еліне аттанғандардың ешқайсысының ата-анасының құп көргені туралы мәлімет кездескен емес.  Ал қасиетті Құранда ата-анаға құрмет көрсету жайлы бірнеше жерде кездессе, соның бірінде: «Алла Тағалаға құлшылық етіп, құлшылықтарыңда Оған ешнәрсені ортақ қоспаңдар. Әрі ата-анаға жақсылық істеңдер!»,-деген[6]. Пайғамбарымыз (с.а.у): «Ата-ананы құрметтемей жылатудан  және үлкен күнәлардан сақтаныңдар!»-деген [7]. Сондай-ақ, «Алла Тағаланың разылығы ата-ананың разылығында, ашуы ата-ананың ашуында»,-деген хадисті  көпшілікке жақсы таныс [7].  Екіншіден, бұл арада соғысу, яғни адам өлтіру ниетімен Отанын тастап шыққандар. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Әбу Бәкір: Екі мұсылман ерегіскенде өлтіруші де, өлген де тозақта,-деді. Сонда: Ия, Алланың елшісі (с.а.у.), ол өлтіруші, ал өлтірілген неліктен?- деп айтқанымда, Шын мәнінде оның да ниеті өлтіру болған»,-деді  [8].

Ал қасиетті Құранда: «…Кімде кім жер жүзінде бұзақылық жасамаған, нахақ адам өлтірмеген біреуді өлтірсе, ол бүкіл адамзатты өлтіргенмен тең. Кімде-кім бір адамды өлімнен құтқарып қалса, ол бүкіл адамзатты құтқарғанмен тең»,-деген[9]. Қасиетті Құран мен хадистерге қарап, жоғарыдағы жағдайға баға беруге болады.

Ал Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің Қылмысқа дайындалу және қылмыс жасауға оқталу, яғни 24-бабы бойынша:

1. Тiкелей ниетпен қылмыс құралдарын немесе қаруларын iздестiру, әзiрлеу немесе бейiмдеп жасау, қылмысқа қатысушыларды iздестiру, қылмыс жасауға сөз байласу не қылмыс жасау үшiн өзге де қасақана жағдайлар жасау, егер бұл орайда қылмыс адамның еркiне байланысты емес мән-жайлар бойынша ақырына дейiн жеткiзiлмесе, қылмысқа дайындалу деп танылады.

2. Ауыр немесе ерекше ауыр қылмысқа дайындалғаны үшiн қылмыстық жауаптылық басталады,-делінген.

Яғни елден жырақтағы  белгісіз соғысқа ат салысу – діни жағынан да, заң тұрғысынан  да айыпталады.

Шындығында ата дініміздің ақиқатын жат елден іздеушілердің өзі түрлі топқа бөлінеді. Бір анық – халқымыз Әбу Ханифа мәзһабында, имам Матуриди ақидасында сенімдерін бекітіп, ұлан ғайыр жерді сақтап, елімізді бізге аманат етті. Сенімдегі бірлігі мен мықтылығы, құлшылықтағы тақуалығының жемісі бүгінгі ұрпақ еншісіне тигенде, тарихи жолдан бас тартып ыдыраған елді «шаппай  билеуге» әрекет етушілер онсыз да аз емес…

Сондықтан дін мәселесінің халықтың ең нәзік әрі маңызды тұсы екенін ескеріліп, 2016 жылы қыркүйекте ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі құрылып, мемлекеттік діни саясаттың 2017–2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы жан-жақты талқыланды. Мәселен 1-бөлімдегі «Ағымдағы ахуалды талдау» тармағында:

Республикада 3464 ғибадат үйі тіркелген, оның ішінде 2550 мешіт, 294 православие және 109 католик шіркеуі, 495 протестант храмы мен ғибадатханасы, 7 иудей синагогасы, 2 буддашылар храмы, 7 «Кришна санасы қоғамы» және бахаи қауымының ғибадатханасы бар.

Жұмыс істеп тұрған 2550 мешіт «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы» республикалық діни бірлестігінің (бұдан әрі – ҚМДБ) меншігіне кіреді.  «Қазақстан православие шіркеуі» республикалық діни бірлестігі (бұдан әрі – ҚПШ) өкілдерінің саны жағынан екінші орында. Оның құрамына 325 діни субъект, оның ішінде 301 приход, 9 епархия және 294 діни құрылыс, сондай-ақ Қазақстан Республикасындағы Митрополит округі кіреді.

Республика аумағында Армян апостол шіркеуі, шетелдегі Православие шіркеуі, Помор православие шіркеуі және 3 ескі ғұрыптық шіркеу жұмыс істейді. Рим католик шіркеуі (бұдан әрі – РКШ) 85 діни қауымнан тұрады, оның 5 қауымы Грек католик шіркеуіне қарайды. РКШ орталығы Католик шіркеуі провинциясына (митрополия) жататын Астана қаласындағы Әулие Мариям Архиепархиясы.  РКШ Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 19 мамырдағы № 141 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы мен Қасиетті Тақ арасындағы Өзара қатынастар туралы келісім негізінде 1998 жылдан бері жұмыс істейді.

667 протестанттық діни субъект қызмет атқарады. Ең ірі протестанттық қауымға елуіншілер шіркеуі, інжіл христиан-баптистер шіркеуі, пресвитериан, жетінші күн адвентистері және інжіл-лютеран шіркеулері жатады.

Республикада 13 конфессияның 531 миссионері тіркелген, олардың арасында саны жағынан РКШ өкілдері басым (257). Православиені 84 миссионер насихаттайды, оның басым көпшілігі Ресей азаматтары.

Қазақстанда 15 діни білім беру ұйымы, мешіттер мен жексенбілік мектептер жанындағы 400 бастауыш курс, ғибадат үйінен тыс діни іс-шараларды өткізуге арналған 383 үй-жай, оның ішінде намазхана, ғибадат бөлмесі және шіркеулер бар.

Діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды таратуға арналған 257 арнайы стационарлық үй-жай айқындалды»,-деген мәліметтер беріледі[10]. Байқасақ, өзге елден келіп ежелгі мұсылман даласына жан-жақты әрекеттерін жымысқы түрде жасап жатса, өз жұртымыз ата дінінен адасып, бейбіт күнде өз бауырына оқ жаудырып, белгісіз соғыс үшін Отанын тастап шет ел асып жатыр. Пенденің жүрегіне иман тазалығын орнатпай жатып, сыртқы талаптарға табан тіреу басым. Яғни діни сенім бостандығына ерік берген  зайырлылықтың жемісін жат діни ағымдар тиімді пайдалануға ұмтылса, өз жұртымыздың арасында оны бағаламай теріс мағынада қабылдап, ақпарат беттерінде «дау-дамай» деңгейіндегі байбаламнан аса алмауы дәлел.

Тарихи үдеріске сүйенсек, кез келген қоғам дамудың жаңа сатысына негізгі капитал қоғам санасының өсуімен қол жеткізеді. Яғни қазіргі ел ішіндегі түрлі әлеуметтік түйткілдер, тіпті қыздардың мектеп қабырғасында жеңіл жүріске ұрынуы, тастанды бала,қария, бұзылған тағдыр – ең әуелі қоғамдық санадан басталады. Қыздардың жүрегіне, өміріне иман құндылықтары орнықпай, басына орамал тағуымен шешілетін мәселе емес. Балалардың қауіпсіздігі, жастардың жасампаздығы, маманның біліктілігі, азаматтың ардақталып, қариялардың құрметтелуі – әрбіріміздің Алланың, адамның, қоғамның, болашақтың алдындағы мұсылман ретінде жауапкершілігін  ұғындыратын ұлттық руханиятымызға негізделген классикалық тәрбие, білім арқылы уақытымен салтанат құрары сөзсіз.

 

 

СІЛТЕМЕЛЕР

  • Б.К.Баймаханов т.ғ.к., «Еліміздегі зайырлылық мәселесі», [ЭР]: http://niac.gov.kz/ru/
  • Ислам экстремизм мен лаңкестікке қарсы.- Алматы, 2015, 47-48б.
  • Сахих ибн Хиббан.
  • Имам Табарони.
  • Қасиетті Құран. «Хұжұрат» сүресі, 13-аят.
  • Қасиетті Құран. «Ниса» сүресі, 36-аят.
  • Имам Бұхари.
  • Бұхари, Муслим.
  • Қасиетті Құран. «Маида» сүресі, 32-аят.
  • ҚР дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017–2020 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіту туралы. ҚР Үкіметінің 2017 ж.1 маусымдағы №325 қаулысы. [ЭР]: adilet.zan.kz.