АРАБША-ҚАЗАҚША СӨЗДІК

Бұл сөздік — «Нұр-Мүбарак» университетінің Тәуелсіздіктің 25 жылдығына тартуы

Қасиетті Құран тілі араб тілінің 50 000 сөзін қамтыған «Арабша-қазақша сөздіктің» тұсаукесері 2016 жылы 8 қарашада салтанатты түрде аталып өтті. Бұл еңбек жайлы университет проректоры, профессор Шамшәдин Керім мырза:

  • Бұл еңбекті университетіміздің атынан Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына тартуымыз деп санаймыз. Себебі бұл сөздікті жасау оңайға соққан жоқ. Осыдан 3-4 жыл бұрын қолға алынған бастамаға барлығы 7 автор, яғни еліміздің жас ғалымдары ат салысты. Біз тіпті кітаптың қағаздарының өзі сапалы болуы үшін еліміздегі ең мықты баспахананы таңдадық. Себебі қыруар еңбек, оны сатып алушының да қаржысы  босқа кетпесін деп, күнделікті ұстағанда кемі 15 жылға жарайтындай сапаға межеледік,-деді.

    Ал ректор, профессор Жуда Басюни:

«Бұл жәй ғана сөздік емес, араб елдері мен Қазақстан арасын жақындата түсетін теңдессіз туынды»,- деп баға берді.

Сондай-ақ осындай ғылыми жобаға сын көзбен қарап, сараптаушы ғалым Әбсаттар қажы Дербісәлі мырза:

  • Ғылым бейқамдықты қаламайды. Аз ұйықтап, көп  ізденіңіздер. Кеңестік кезеңде біздің алдымызда не күтіп тұрғанын білмесек те болашақтан үмітіміз зор болды. Сол кезде тәуелсіздік аламыз деген тіпті түсінігімізде болмаса да  «болашақ елші боласыңдар» деп шәкірттерімді үнемі білімге талпындырып отыратынмын. Ол кезде қазақша ғылыми еңбек, сөздік деген тіпті қат. Аллаға шүкір, небәрі 15 жылдық тарихы болса да  «Нұр-Мүбарак» университетінің осындай қомақты сөздік шығаруы үлкен ерлік. Тіпті жарты ғасырға жуық тарихы бар Тіл білімі институтының мамандарының тісі батпаған жоба еді. Сондықтан баршаңызға сәттілік,-деп ақ тілегін жаудырды.

 arkazsoz2    arkazsoz3    arkazsoz4

Самал Төлеубаева,филол.ғ.д.,Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Шығыстану кафедрасының профессоры:

Қазақстандық шығыстану құнды туындымен толықты

Тәуелсіздіктің 25 жылдығына теңдессіз тарту болған „Арабша-қазақша„ сөздік еліміздің шығыстану ғылымына, дәлірек айтсақ, арабтану саласына орасан жаңалық болды. Өйткені, 50 мың сөзді қамтыған жаңа еңбек бүгінге дейін араб тіліне қатысты жарық көрген ең ауқымды сөздік болып есептеледі. Әрине, сөздік дегенде бұл жәй ғана аударма еңбек деп есептеушілер де табылар. Алайда қазіргі жаһандану кезеңінде халықаралық байланыстар мен ғылым саласында ілгерілеумен қатар, мемлекеттік тіліміздің мәртебесін де шын бағалай білетін адам үшін жаңа еңбектің маңызын түсіндіріп жату артық. Әлбетте, бұл сөздікке дейін де осы бағытта әртүрлі ұмтылыстар жасалды. Ең әуелі, біз белгілі тұлға Сәдуақас Ғылманидың сөздігін айтуымыз керек. Баршаға мәлім, Сәдуақас Ғылмани өткен ғасырдың 50-70-ші жылдары Кеңес одағының құрамындағы Қазақстан мұсылмандары Қазиатының қазиы қызметін атқарған. Қазіргі тілмен айтқанда, Діни басқарма төрағасы болды. Артынан өшпес үлкен мұра қалдырған ғұлама ғалым С. Ғылмани бірнеше қосымшасы бар 10 томнан тұратын арабша-қазақша сөздік жасаған. Оның бір ғана бөлігі 2005-ші жылы басылып шыққан еді. Өкінішке қарай, қалғаны әлі күнге дейін қолжазба күйінде. Бұл орайда, біздің Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің шығыстану кафедрасының ұжымы да біраз үлес қосып, сол сөздіктің бір томы мен он қосымшасының қолжазба нұсқасын электронды нұсқаға түсіруге тырысты. Бірақ, ол өте ауқымды еңбек болғандықтан әлі күнге дейін аяқталған жоқ. Дегенмен бұл сөздік мұра ретінде ғана бағалы деуге болады. Себебі, ол шыға қалған жағдайда да бүгінгі заман сұрынасын толық қанағатандыра алмайды.

Сондай-ақ, Ғылмани еңбегінен басқа да сөздіктер бар. Мысалы, кезінде
А. Дәдебаев, Қ. Лама Шариф, Ж. Қайранбаев, А. Жүнісов, А. Жолдасов,
Д. Есенжан секілді азаматтардың жетекшілігімен біраз кішігірім сөздіктер жарық көрді. Солардың барлығын саралай келе, классикалық еңбек ретінде, басқаша айтқанда, қазіргі араб тілінің толық қорын қамтитын жаңадан жарыққа шыққан сөздікті айтуға болады.

Енді жаңа сөздікке нақты тоқталсақ, ол елімізде ең алғаш ислами жоғары білім шаңырағы ретінде 2001 жылы ашылған «Нұр-Мүбарак» Египет Ислам мәдениеті университетінің бастамасымен қолға алынды. Университеттің негізгі бағыты – исламтану, дінтану, араб тілі, араб мәдениеті мәселелері. Осы орайда, университет проректоры филология ғылымдарының докторы, профессор Шамшәдин Керім мырзаны ерекше атап өту керек. Себебі, Ш.Керім мырза білікті арабтанушылардың басын қосып, осындай бастама көтерген еді. Бір айта кететін жайт, еліміздегі мамандар және араб тілін үйренушілер осы күнге дейін көбінесе «Арабша-орысша» сөздікті пайдаланып келді. Бұдан бөлек, кезінде басқа елдерде жарық көрген сөздіктерге сүйенетін, соның ішінде «Арабша-өзбекше» сөздігі де болды. Алайда, соңғы уақытта ислами сауаттылықты арттыру ісінде, ата-бабаларымыздың араб тілінде жазылған рухани мұрасын зерттеуде, сонымен қатар халықаралық форумдар, съезд, конференцияларда араб тілінен қазақ тіліне жəне қазақ тілінен араб тіліне тікелей аударма жасаудағы тəжірибелік қажеттіліктердің туындауы үлкен сөздікке деген сұранысты арттырды. Әрі елімізде араб тілін жетік меңгеруге, сол арқылы араб тілінде жазылған тарихи деректер, Құран, хадистерді, ислам негіздерін түп нұсқадан түсініп оқуға, сондай-ақ діни мəтіндерді қазақша сөйлетуге талаптанушы мен зерттеушілер саны артып келеді. Міне, бұл жаңа еңбек осындай қажеттіліктер мен сұраныстарға сай дер кезінде қолға алынған. Жаңа сөздікті жасауға 4-5 жылдай уақыт кеткен. Оны құрастыруға білікті мамандар А. Махат, Ж. Жүсіпбек, О. Шаяхметов, Р. Мұхитдинов, Қ. Қыдырбаев, Д. Есенжан, Ы. Палтөре секілді азаматтар ат салысса, редакторлық жұмыстарын профессор Ш.Керім, Г.Имашева, А.Дәдебаевтар атқарған.

Сөздікті құрастыру барысында кеңес заманының арабтанушы ғалымы
Х. Баранов жасаған ауқымды «Арабша-орысша» сөздігі негізге алынған. Алайда, «Арабша-қазақша» сөздік Х. Баранов еңбегінің тікелей аудармасы емес екенін баса айтқымыз келеді. Өйткені, жұмыс барысында басқа да сөздіктер назарға алынды: арабтардың өздері жасаған еңбектер, түрлі елдердің шығыстанушылары әзірлеген сөздіктері. Бірақ ең тиімді әрі қолайлы, ең ұтымды сол Х. Барановтың сөздігі болса да ол Кеңес одағы кезінде жазылғандықтан, онда идеологияға қатысты да түрлі тіркестер және Кеңес одағына ғана қатысты жағрапиялық атаулар кездеседі. Сондықтан, соның барлығын ескере отырып, қазіргі Қазақстан жағдайына сай сөздікке толықтырулар енгізілді.
Яғни Кеңес үкіметіне тән сөз тіркестерін алып тастап, орнына қазіргі таңда әлемде, оның ішінде Қазақстан мен араб елдері арасында түрлі салаларда халықаралық және дипломатиялық қарым-қатынастарда қолданатын сөздермен, сөз тіркестерімен алмастырылды.

Араб тіл білімінің пайда болуы мен дамуының ең басты себебі ғалымдардың Құранның тілін түсіну ұмтылыстарында жатқаны да белгілі. Сондықтан сөздік Құраннан алынған мысалдармен де толықтырылған.

Х. Барановтың сөздігінде шамамен 42 мыңға жуық сөз болса, жаңа арабша-қазақша сөздік 50 мың сөзді қамтиды. Яғни, бұл – жаңадан 7-8 мың сөз қосылды деген сөз. Ол жаңадан енгізілген қандай сөздер? Біріншіден, олар әрине, жаңа ғылым мен технологияның дамуына байланысты пайда болған терминдер. Екіншіден, бұл сөздік қазақ оқырманына бағытталғандықтан, онда қазақ даласына, Қазақстан қалаларына, табиғаты мен ландшафтына қатысты сөздер де қамтылған. Солардың ішінде «қазақиландыру» немесе «қазақ қылу» деген сөздер де енгізілген. Сондықтан, бұл ауқымды сөздік – тек қана қазақстандық шығыстануға, қазақстандық арабтану салаларына ғана емес, жалпы, Қазақстанның ғылымы мен мәдениетіне қосылған үлкен үлес.

Арабтанудың бір ерекшелігі – ол қашанда дін саласына өте жақын. Яғни, Исламның немесе исламтанудың кез келген мәселесін алсақ, міндетті түрде араб тілі негізгі құрал болып есептеледі. Жалпы, дінтану, исламтану, арабтану секілді салаларда араб тілін жетік білмесе, адам толыққанды жұмыс істей алмайды. Алайда, қазір бұл салалардың барлығында елімізде біршама мамандар шоғырланды. Араб тілінің жеткілікті деңгейде дамуы Қазақстан үшін өте маңызды. Өйткені, қазір әлемді дүрліктірген терроризм, экстремизм, радикализм секілді құбыластардың көріністері елімізде де бой көтерген жайы бар. Оның түбірі діни сауатсыздықпен тікелей байланысты. Себебі, ислам бейбітшілік діні болғандықтан, оның негізгі құндылықтарын насихаттауда, қасиетті Құран кітабын түсінуде сан ғасыр бойы ғылым тілі болған араб тілін жетік білудің маңызы ерекше. Яғни бұл салаға діни біліммен қатар араб тілін меңгерген мамандар, олар сусындайтын жақсы құралдар керек. Сондықтан, жаңа «Арабша-қазақша» сөздік арабтану, шығыстану салаларына ғана емес, исламтану, дінтану ғылымдарының дамуына және ислам діні төңірегінде бой көрсетіп жатқан қауіп-қатерлермен күресуде өз септігін тигізеді деген үміттеміз. („Президент және Халық„ газетінен 26.02.2017ж.)

GAZET SOZDIK