«ДІНИ БІЛІМ – ДІН ДІҢГЕГІ»

Заман ағымына сай қоғамдағы діни сауалдарға филология ғылымдарының докторы, профессор Ш.Т.Керім мырзаның «Діни білім – дін діңгегі» атты кітабынан жауап таба аласыз!

Нұр-Мүбарак ЕИМ университетінің проректоры, профессор, филол.ғ.д. Шамшәдин Тұрсынұлы КЕРІМ мырзаның заманнан туындаған сан түрлі сауалдарға білдірген көзқарастары мен сұхбаттары қоғамда өзіндік ықпал бергені даусыз.  Шыны керек, кеңестік дәуірде діни білімді айтпағанда, дін туралы айтудың өзі қауіпті жағдай еді. Ал тәуелсіздік алған кезден бастап  дінімізге ерік берілсе де діни білім алуға көпшіліктің жаппай аңсары ауа қоймады. Тек жекелеген адамдар ақиқат ілімнің жолында шет ел асып, бағыты мен бағдары еліміздің ұстанымына жат оқу орындарын сауғалады.  Ақиқат діннің асылы барлық адамзатқа бір болса да, әр елдің салт-сана, табиғатына сәйкес ұстаным айырмашылықтары болатындығы тарихтан белгілі. Сондықтан,  түрлі жат елден ілім алған жастардың елге келіп,  «Бисмилләсін» аузынан тастамайтын  қарапайым жұртты әрі-сәрі күйге ендіре бастады. Осындайда, ежелден туған жерге ислам дінінің туын тіккен еліміздің арқа сүйер азаматтары  білім мен ғылымды  сненім өзегіне серік еткен Әбу Ханифа мазһабын ұстанған ұлағатты қоғам қалыптастыруды  қолға алды.  «Нұр-Мүбарак» университеті ашылып,  діни оқудың тек жеке бас үшін ғана емес қоғам үшін маңыздылығы мен артықшылықтары айтыла бастады. Елімізде алғаш «Исламтану» мамандығы  мемлекеттік стандарттарға еніп, арнайы грант бөліне бастады. Осының барлығы не үшін? Осындай заман ағымына сай қоғамдағы діни сауалдарға  филология ғылымдарының докторы, профессор  Ш.Т.Керім мырзаның «Діни білім – дін діңгегі» атты кітабынан жауап таба аласыз. 2012 жылы «Нұр-Мүбарак» баспасынан жарық көрген еңбекте   «Нұр-Мүбарак» университетінің проректоры Шамшәдин Керімнің републикалық мерзімді басылымдарға жарияланған мақалалары мен сұхбаттары, конференцияларда жасаған баяндамалары мен сөйлеген сөздері топтастырылған. Жинақ исламтанушы, дінтанушы мамандығы бойынша білім алушылармен қатар көпшілік қауымға арналған.