«ИМАМ АҒЗАМ ТАҒЫЛЫМЫ»

Дайындағандар: PhD докторы Алау ӘДІЛАБЕВ, исламтанушылар Ризабек ІЛІМБАЕВ, Бауыржан ӘЛИҰЛЫ

Әбу Ханифа  жайлы жетік білеміз деп айта аласыз ба? Ұлық имамның еңбектері жайлы не білеміз? Бұл сауалдарға нақты жауап беретін күн де келді. Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің жанындағы «Әбу Ханифа» ғылыми-зерттеу орталығы  ғұламаның 7 еңбегін қамтыған «Имам Ағзам тағылымы» атты жаңа кітапты жарыққа шығарды. PhD докторы  Алау Әділбаев, Ризабек Илимбаев, Бауыржан  Әлиұлы бірлесіп дайындаған  кітапта ұлық имам, мәзһабымыздың негізін қалаушы Имам Ағзам Әбу Ханифаның ақидаға қатысты «әл-Фиқһ әл-әкбар», «әл-Фиқһ әл-әбсат», «әл-Алим уә әл-мутааллим», «әр-Рисәлә», «әл-Уәсия» сынды еңбектері қазақ тіліне тұңғыш рет аударылып, ғылыми айналымға ұсынылуда. Бұл еңбектерде әһлі-сунна уәл-жамағаттың сенім негіздері ықшамдалып берілген.

Исламтанушы, теолог, дінтану мамандарымен қатар Имам Ағзамның исламдағы сенім мәселесіне қатысты көзқарастарын танып-білуге қызығушылық танытқан барша оқырман қауымға арналған.

«Елімізде Имам Ағзамның фиқһтағы көзқарастарын қамтыған ғылымхал кітаптары, өмірі мен шығармашылығы және ғибратты ғұмыры жайлы сыр шертетін еңбектер, кейбір ақидалық трактаттары мен түсіндірмелері жарық көргенімен, оның ислам сенімдеріне қатысты еңбектері тұтастай аударылып, ел игілігіне ұсынылмаған еді. Енді Нұр-Мүбарак ЕИМ университеті жанынан ашылған «Әбу Ханифа» ғылыми-зерттеу орталығы тарапынан қазақ тіліне аударылған Имам Ағзамның құнды мұралары қалың көпшілікке жол тартқалы отыр. Бұл еңбек – дәстүрлі мұсылманшылық түсінігіміздің нығаюы жолында жасалған құтты қадамдардың бірі. Олай болса, қадамы құтты болып, ел игілігіне жарай берсін!»,-деп ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы кітаптың  алғы сөзінде өз пікірін білдірген.

Ендеше Әбу Ханифа мен шәкірті Әбу Муқатил арасындағы сұхбат, тағдыр, иман туралы, одан өзге ұлық имамның өсиеттері жайлы білгіңіз келсе, «Имам Ағзам тағылымы »  кітабынан жауап таба аласыз.