«ИСЛАМ ҒЫЛЫМХАЛЫ»

Авторлары: әл-Әзһар университетінің түлегі, «Нұр-Мүбарак ЕИМ университетінің оқытушысы Нұрлан АНАРБАЕВ пен  әл-Әзһар университетінің түлегі Еркебұлан ҚАРАҚҰЛОВ.

 

Қос автордың  бұл «Ислам ғылымхалы»  кітабы Әбу Ханифа мәзһабы бойынша жазылған. Кітапта исламдағы  бес парыз: намаз, ораза, қажылық, зекетке қатысты мәселелер, оларды атқарудағы шариғат үкімдері жан-жақты түсіндірілген. Бұған қоса тазалық пен құрбандық шалу тақырыптары да бар. Әр тақырыпты түсіндіру барысында оқырмандардан келетін сұрақтар мейлінше кеңірек қамтылған.

Жер бетінде әділдіктің әуезін құрар, адамзат бойына ізгілік пен дархандықтың дәнін егіп, өркениет ауылына жетелер, шыншылдықтың шыңын, ақиқаттың асуын көрсетер Ислам діні екені хақ. Ислам дінін танып білудің қайнар бұлағы қасиетті Құран мен хадис болса, осы қос бұлақта адамзаттың мұраты екшеленген басты қағидаларды  қамтыған ғылымхал әрбір мұсылманның үйіндегі сөресінде тұруы тиіс кітаптардан.

Абай атамыз: «кімде-кім үйреніп жетпей жатып, үйренгенін қойса, оны Құдай ұрды, ғибадаты ғибадат болмайды»,-деп мұсылманның тал бесіктен жер бесікке дейін үйренуден жалықпау керектігін ескерткен. Ендеше үйренеріңіз сенімді бұлақ көздерінен болса, нұр үстіне нұр.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының сараптау комиссиясы мақұлдаған кітап 2012 жылы жарық көрген.