«ИСЛАМ ТАРИХЫ»

Автор: Шабан Өз. Аударған: Дінтану ғылымының магистрі Ернар Есімқұлов.

Біз сонау VIII ғасырдан ислам дінін ұстанамыз десек те тарихымызды дұрыс білмейтініміз рас. Оған соңғы ғасырлардағы түрлі тарихи жағдайлар себеп болғандықтан, дініміздің қайта жаңғыруы еліміздегі ислам дінінің ғылым ретінде қалыптасуына жол ашты. Елімізде ислам ғылымының дамуы – дұрыс бағытты таңдау мен жат ағымдарға төтеп берудің бірден бір мүмкіндігі. Ал ғылым түрлі зерттеулер мен әлемдік деңгейдегі еңбектердің отандық айналымға енуімен дамитыны сөзсіз. Сондай отандық қорға түрік ғалымы Шабан Өздің атақты еңбегі «Ислам тарихы» кітабын қазақ тілінде Нұр-Мүбарак университетінің ұстазы, жас дінтанушы ғалым Ернар Есімқұлов ұсынды.

«Ислам тарихы» — ислам діні кезеңдеріне сай (жаһилет, пайғамбар (с.а.у) дәуірі, төрт халифа кезеңі, Умауи, Аббаси, Андалусия) хронологиялық тәртіппен жүйеленген. Сондай-ақ ислам әлемінде пайда болып, өмір сүрген шағын мемлекеттердің саяси-әлеуемттік тарихына да шолу жасалған. Әр кезеңдегі саяси, мәдени, діни, экономикалық ахуал сарапталып, талданған. Ислам тарихындағы мәдени, ғылыми жетістіктерге қатысты қысқаша анықтамалық мәлімет ұсынылады. Жауапты редакторы, Нұр-Мүбарак университетінің «Дінтану» кафедрасының меңгерушісі PhD доктор, қауым.профессор Қалмахан Ержан.

Кітаптың тілі шұрайлы, ұғынықты, діни білім алушылар мен ислам тарихына қызығушылық танытқан жалпы оқырманға арналған. Бәрінен де осы күнге дейін қазақ даласына белгісіз болып келген тың деректер берілген. Сондықтан жаңа кітаптың оқырманға берері мол.