«ҚҰРАН ІЛІМДЕРІНЕ КІРІСПЕ»

Авторы: PhD докторы  Қайрат  ҚҰРМАНБАЕВ

Нұр-Мүбарак ЕИМ университетінің оқытушысы, исламтанушы Қайрат Құрманбаевтың «Құран ілімдеріне кіріспе» кітабы 2013 жылы оқу құралы ретінде жарық көрді. Кім қасиетті Құран жайлы, оның  аяттары мен сүрелерінің түсу жолдары мен жазылып, жинақталу тарихын білгісі келсе, онда «Құран ілімдеріне кіріспе» сан түрлі сауалдарына нақты жауап болмақ.

Кітапта «Құран ілімдерінің тарихы», «Аяттардың түсу себебі», «Насих және мансух» секілді, жекелеген Құран ілімдері турасында мол мәліметтер беріледі. Сонымен қатар, тәпсір ілімінің қалыптасу тарихы мен негіздері және кейбір тәпсір түрлері қамтылған.

Ал жалпы адамзат тарихында күллі жаратылыстың өткенін, бүгіні мен болашағы жайлы нақты айтып бере алатын қандай туынды бар дейсіз? Бұл сұраққа бір ғана жауап ол Ұлы Жаратушы тарапынан соңғы пайғамбар Мұхаммед (с.а.у) түсірілген  ең соңғы қасиетті кітап – Құран ғана. Адамзаттың жаратылу мақсатын айқындап, өмір сүрудің өнегесін  түсіндіретін, ғайыптан сыр шертетін, ақ пен қараның ара жігін ажыратушы, иманға келгендерге тура жолбасшы, қараңғылықтан жарыққа, надандықтан даналыққа шығарушы, оқылуының өзі құлшылық болып саналатын ғажап туынды, Жаратушымыздың  төл туындысы қасиетті Құран  жайлы талай туындылар жазылған әлі жазыла да бермек. Әйтсе де әлемдегі теңіз-мұхиттың мөлшерінен де артық сия жұмсалса да қасиетті Құранның құпиясын ашып, кереметін паш етуге жетпейтіні даусыз. Ендеше осындай құндылықтың бір шетін арқалаған  «Құран ілімдеріне кіріспе» оқу құралы болса да әрбір саналы оқырманға ой салары сөзсіз.

Оқу құралы студенттер мен магистранттарға, исламтанушылар мен дінтанушыларға және жалпы ислам ілімдеріне қызығушылық танытқан оқырман қауымға арналады.