«МАТУРИДИ АҚИДАСЫ»

Авторы: PhD докторы Қалмахан ЕРЖАН

 

Нұр-Мүбарак ЕИМ университетінің ұстазы, PhD докторы Қалмахан ЕРЖАН жазған  бұл еңбекте «Әһли суннет уәл-жамағат» ғұламаларының бірі, Әбу Ханифа ізбасары, ақида ілімінің білгірі Имам Матуриди жайлы сөз болады.

Самарқандық жерлесіміз имам Матуриди өз дәуірінде «Имам ул-һуда» (тура жолдың имамы), «Имам ул-мутакаллимин» (Ақида ғалымдарының имамы) деген құрметке ие болған.

Жалпы ақида, яғни исламдағы сенім мәселесі мұсылман баласы үшін аса маңызды. Бұл түйсіктің өте нәзік әлемінде жасырылған, бірақ болаттай беріктікпен ақиқат ілімге темірқазықтай бекітіп қоюды талап ететін сала.  Себебі сеніміне селкеу түскен адамның өмірі де дел-сал болмақ. Ал қашанда Алла жайлы ақиқат сенімі нық, ойы анық мұсылманды ешнәрсе адастыра алмайды. Әлбетте исламның алғашқы  кезеңдерінде мұсылмандарды осы тұстан тұзаққа түсіруге ұмтылғандар аз емес. Сондай топтарға нақты тұжырыммен жауап берген Имам Матуриди мен оның ақидалық еңбектері  жайлы білу бүгінгі қоғамның да негізгі талаптарына айналды. Себебі, жан-жақтан ағылған діни ағымдардың ылаңы қарапайым білімсіз мұсылманның ақиқатты ажыратуына кедергі болары сөзсіз.

Имам Матуридидің еңбектерін оқи отырып, оның кәлам, мәзһабтар тарихы, фиқһ әдістемесі мен тәпсір саласында өзіндік орны бар ірі ғалым екендігін пайымдауға болады. Кітапта ғалымның өмірі, ілімдегі орны, ақидаға қатысты бірқатар құнды ой-тұжырымдары қамтылған. Сондықтан бұл еңбектің жалпы оқырманға берері мол.