«СЫҒАНАҚ САҢЛАҒЫ»

Авторы: филол.ғыл.док., профессор Шамшәдин КЕРІМ

Нұр-Мүбарак ЕИМ университетінің проректоры, профессор, филол.ғ.д. Шамшәдин Тұрсынұлы КЕРІМ мырза қазақ даласындағы орта ғасырлық дін қайраткерлерін анықтап, зерттеуде сүбелі үлес қосуда.  Баршамызға белгілі, орта ғасырларда  қазақ даласында ислам діні өркендеп, ғылым мен білім дамып, көптеген ғұламалар шықты. Олардың барлығы бүгінде зерттеу мен зерделеуді қажет ететін қазыналар. Ал сол рухани қазынамыздың бірегейі Сығанақтан шыққан Хұсам ад-дин әл-Хусейн бин Әли бин Хажжаж бин Әли ас-Сығанақи .  Хұсам ад-дин ас-Сығанақи деген кім? Оның қандай еңбектері бар? Ол қай ғасырда өмір сүрді? Ең алдымен исламтанушы, ханафи мазхабының белді өкілі, белгілі фиқһ ғалымынан кейінгі ұрпаққа қандай мұра қалған?   Міне бұл сауалдарға филология ғылымдарының докторы, профессор Шамшәдин Керім мырзаның  «Сығанақ саңлағы» атты монографиясынан  жауап таба аласыздар. Хұсам ад-Диннің бұрын сөз болмаған  «ән-Ниһая», «ат-Тасдид» сынды еңбектері қолжазбалар негізінде сипатталып, ғылыми айналымға енгізілген. Сондай-ақ ойшылдың әлем кітапханаларында сақталған еңбектерінің қолжазбалары туралы мәліметтер бірінші рет түгенделіп, жинақтала ұсынылған.

Монография 2012 жылы «Нұр-Мүбарак» баспасынан жарық көрді.