Құрметті студенттер, ұстаздар, әріптестер!

01/09/2016

Сіздерді жаңа 2016-2017 оқу жылының басталуымен құттықтаймыз. Тағы бір үлкен жауапкершілік, тағы бір мүмкіндік жылы басталды деуге болады. Себебі, біз үшін әрбір шәкірттің сапалы білім алуы, қажетті ілім бұлақтарынан сусындауы  аса маңызды. Бұл біздің университет ұстаздарына  адамның да, Алланың да алдындағы аманат. Әрбір білім алсам деген шәкіртке Алланың хақ дінін үйретіп қана қоймай, зайырлы қоғам құндылықтарын оқыту –  бүгінгі күннің талабы.

Білім алу – әрбір мұсылманға парыз. Себебі, өздеріңіз білесіздер, қасиетті Құранның ең алғашқы аяты «Оқы!» деген Алланың әмірімен басталған. Сол сияқты Құранда оқу-білімге, ғылымға қатысты аяттар өте көп. Ал пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадистері өз алдына. Мәселен имам Тирмизиден жеткен хадисте: «Кімде-кім білім іздену жолына түссе, онда Алла оған жәннатқа апарар жолды жеңілдетеді. Шынында,періштелер міндетті түрде білім ізденушіге разы болғанын білдіріп қанаттарын жаяды. Шын мәнінде, ғалым үшін міндетті түрде аспандағы және жердегі бүкіл нәрсе, тіпті судағы балық та  Алладан оның күнәларының кешірілуін тілейді!». Осы бір хадистің өзінде білім жолындағы адамның дәрежесін қандай ғажап жеткізген.

Ия, біздің Нұр-Мүбарак университеті жай ғана қатардағы білім ордасы емес. Бұл екі дүниелік ілімнің алтын қақпасы. Себебі, Ислам жәй ғана сенім емес, ол әр адамның өмірлік тұғыры, қоғамды  бейбітшілік пен тұрақтылыққа бөлейтін Алладан келген аманат. Сондықтан, баршамыз осы аманатты дұрыс атқару үшін сенімді мектеп өкілдеріне, білікті ұстаздардан  білім алуымыз маңызды. Біз Пайғамбарымыздан (с.а.у) келе жатқан осы алтын тізбекті өздеріңізге жоғары  дәрежеде жеткізу үшін бар мүмкіндікті қолдануға тырысамыз.

 

Университет ректораты