Нұр-Мүбарак
Египет ислам мәдениеті университеті

Экстремизмнің алдын алу саласындағы мамандарды қайта даярлау институты

Институт 5 қыркүйек 2016 жылы ашылды.

05/09/2016

Бейресми деректер бойынша қазір елімізде 16 мыңға жуық адам жат ағым жетегінде. Енді бүгіннен бастап ел арасындағы экстремистік топтар мен жат ағымдарға қарсы күресуші мамандарды даярлау мәселесі мықтап қолға алына бастады.

Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетіндегі  «Экстремизмнің алдын алу саласындағы мамандарды қайта даярлау  институтының»  ашылу салтанатында  ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы: «Бүгінде мешітке келетін жамағаттың 85-90 пайызы жастар. Ал жалпы еліміздегі рухани ізденіске түскен жандар  ғаламтор  арқылы жат ағымдардың  уағыз-насихатына иланып жатады. Жат ағым жетегіндегілермен жұмыс жасау үшін осындай топ керек еді. Себебі имамдардың жалпы білімі болса да, дәл теріс діни топтардың алған бағытына қарсы  күрес мәселесі бөлек әдісті талап етпек. Сондықтан, біз осы жағдайларды ескере отырып, алдағы 1-2 жылда 200-300-ге дейін мамандарымызды қайта даярлау курсында білімдерін пысықтаймыз деген үміттеміз»,-деп алдағы жоспарларға тоқталып өтті.

«Біздің университет шәкірт тәрбиелеп қана қоймай, ел ішіндегі діни мәселелер мен түйткілдерен де күресуге дайын. Себебі бұл баршамызға ортақ мүдде. Сондықтан, мен Мысырда осы екі ел арасындағы келісімдерге сай біршама лауазымды азаматтармен жолыққан едім. ЕАР Уақыфтар министрі Мухаммад Жұма мырзаның сіздерге арнайы сәлемін жолдаймын. Болашақта бұл жаңа институтқа әл-Азһар университетінен осы салаға маманданған арнайы  2 профессор келетінін айтқым келеді»,-деді Нұр-Мүбарак университетінің ректоры, профессор Жуда Басюни.

Бұл бастама 2016 жылдың 10 мауысында ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың төрағалығымен ҚР Қауіпсіздік Кеңесі отырысында мемлекеттік органдарға жүктелген бірқатар тапсырмаларға сәйкес жүзеге асып отыр. Елбасы нұсқауына сай ҚР ҰҚК Төрағасының бірінші орынбасары С.Әбіштің төрағалығымен Жұмыс тобы құрылған болатын. Аталған Жұмыс тобы  ҚР МСМ мен ҚР БҒМ-не  жаңа институтты Нұр-Мүбарак ЕИМ университеті жанынан ашуға тапсырма жүктеген-ді. Себебі бұл университет білікті мамандар мен ғалымдардың орталығына айналғандықтан олар ислам, дін төңірегінде кез-келген сауалға жауап бере алады. Бір ғана Мысырдың әл-Азһар университетінен  14 ғылым докторы қызмет ететінін де айта кетейік.

Ал қазір елімізде  жат ағымдар жетегінде қанша жерлестеріміз жүр деген сауалға ҚР МСМ Дін істер комитетінен Балғабек Мырзаев: «бейресми деректер бойынша  15-16 мыңдай адам. Оның ішінде такфиристер, жиһадистер деп түрлі ағымдарға бөлініп жатады. Ал Сирияға 500-ге жуық адам кеткен. Сондықтан біз осы мәселелердің барлығын зерттеп, талдап, олардың теріс бағытқа кетуіне не себеп екендігін жан-жақты сараптаудамыз. Қазірдің өзінде «Ақ-ниет» оңалту орталығы жат ағым құрбандарымен жұмыс жасауда.

«Бұл ұлттық проблема. Себебі қаншама қаракөздеріміз темір торға тоғытылып, тағдырлары талқандалып жатыр. Енді осы олқылықтың орнын толтырып, бұдан кейін өзгелердің жат ағым құрбаны болмауы үшін жан-жақты еңбек етуіміз маңызды»,- деді Нұр-Мүбарак университетінің проректоры, профессор Шамшәдин Керім мырза.

Жаңадан ашылған институт директоры болып Нұр-Мүбарак университетінің оқытушысы, PhD доктор Қайрат Құрманбаев тағайындалды. Еліміздің әр аймағынан келген 20 имамға институт мамандары бүгіннен бастап дәрістерін бастап кетті.

2018 жылдың  қыркүйек айынан бастап Нұр-Мүбарак университетінің проректоры, доцент Қайрат Құрманбаев оқу орын жанындағы Экстремизмнің алдын алу саласындағы мамандарды қайта даярлау институтының директорын тағайындады. Бұл жауапкершілік осы экстремизмге қарсы салада тәжірибесі мол, білімді де білікті теолог, докторант Асқар Сабдинге жүктелді.

  • Асқар Кәлімжанұлы, еліміздегі экстермизмге қарсы саланы жіті меңгерген бірегей маман. Сондықтан елбасы Н.Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен осыдан тура екі жыл бұрын ашылған университет жанындағы институттың жұмысын жаңа қарқында дамытып, жандандырады деген сеніміміз жоғары, — деп проректор Қайрат Құрманбаев өз сенімін білдірді.

Асқар Сабдин — Стамбул қаласындағы (Түркия) «Умрания» медресесінде  ислам теологиясы бойынша білім алған. Елімізде халықаралық құқық бойынша білім алып, Нұр-Мүбарак университетінің магистратурасын тәмамдап, қазір докторантура бөлімінде ғылыми бағытта ізденуде. Ал еңбек жолына келсек, Мәскеу Собор мешітінде, Мәскеу Ислам колледжінде, Мәскеудің оңтүстік-шығыс округінің «Кәусар» діни қауымында   ислам пәндерінің оқытушысы болып қызмет атқарған. 2002-2003 жылдары Волгоград қаласындағы Орталық мешіттің имам-хатыбы, ал 1999 — 2010 жылдар аралығында Islam.ru ақпараттық порталы және «Ансар» баспа үйінің ханафит мәзһабаның  канондық редакторы (Мәскеу қаласы) қызметін атқарған. Ал 2011 жылдың қазан айынан 2016 жылдың наурызына дейін Ақтөбе облысында дәстүрлі емес діни ағымдар саласында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарымен айналысып«Аңсар» консультативтік-оңалту орталығының директоры қызметін атқарды. Яғни экстермизге қарсы тәлім-тәжірибесі мол бірегей маман.

 Институт жылына екі рет еліміздің түкпір-түкпірінен бір ауысымда  25-30 шақты имамдарға 2 айдай экстремизмге қарсы маңызды дәріс-семинарлар ұйымдастырып, біліктілігін жетілдіріп келеді. Мемлекет үшін аса маңызды институттың енді жаңа басшымен жаңа серпін алады деген үміт мол.