2017 жылға ризашылығымыз мол

29/12/2017

Алдағы жылға артылар үміт те, міндет те көп!

Нұр-Мүбарак университетінің басшылығы жылдағы дәстүр бойынша  ұжым алдында есеп берді. Университетте бір жыл ішінде болған  жаңалықтар мен өзгерістер, толықтыруларға арнайы тоқталды. Түлектер мен оқуға қабылданған талапкерлер, мемлекеттік білім гранттары, ғылым саласындағы жаңалықтар жан-жақты сараланды.  Ректор, профессор Жуда Басюни мырза:

  • Биыл өте жемісті де жеңісті жыл болды. Шәкірттердің білімге деген құштарлығы артып, талапкерлер саны да өсуде. Бұл біз үшін жаңа тапсырмалар мен міндеттер жүктейді. Мысыр тарапынан жаңа ауысымға ғалым-ұстаздардың келуі  де еш кедергісіз, өз ретімен жүріп жатыр. Мен арасында дәрістерге кіріп, балалардың білімдерін тексеріп  байқаймын. Аллаға шүкір, бірақ бұнымен тоқтап қалмау керек. Жыл өткен сайын оқу бағдарламаларының тиімді тәсілдерін таңдауға ден қоямыз деген мақсат бар.

Университетттің қаржылық жағдайын, кеткен шығындар мен жұмсалған қаражаттарға нақтылап есеп берген проректор, профессор Шамшәдин Керім мырза ұжымға зор алғысын білдірді. Алдағы жылда да еңбекақыларды уақытылы жіберіп, қызметкерлердің алаңдамай жұмыс істеу жолдары назарда болатынына тоқталып өтті.

Ал университеттің жұмыс жоспарына,  ашық есептеріне ұстаздар қауымы атынан «Дінтану» кафедрасының оқытушысы, филос.ғ.к., доцент Базар Хамзеева ризашылығын жеткізіп,  басшылықтың барынша ұжыммен қоян-қолтық, ашық жұмыс істеуі  жұмыс сапасының артуына ықпал ететініне тоқталды. Алғысын айтты. Сондай-ақ қорытынды жиналыста ҚР Білім және ғылым министрлігі тарапынан марапатқа ие болған ұстаздарға да ұжым атынан құттықтау айтылып, алдағы жылға амандық пен сәттілік тіледі.