2018 жылғы түлектерге аманат табыс етілді

11/05/2018

Салтанат соңында барлығы естелік суреттерге түсіп, ректор, профессор Жуда Басюни бастаған ұстаздардың ақ батасымен болашаққа аттанды.

 

Нұр-Мүбарак түлектеріне аманат тапсыру жылдағы игі дәстүрге айналды. Биыл да 176 түлекке арнайы салтанатты түрде университет аманаты тапсырылды. Қасиетті Құранмен ашылған салтанатты шарада беташар сөз сөйлеген ректор, профессор Жуда Басюни:

 

  • Құрметті түлектер, ата-аналар! Қазіргі толқулы сәттен кейін өмірдің жауапты кезеңі басталады. Сіздер осы оқу орнында ислам дінінің негізімен танысып, енді оны елге қызмет үшін аттанбақшысыздар. Сіздер мен осы жауапты ректорлық қызметке келген сәтте қабылданған, барлығымыз сауапты қадамды бірге бастаған буынсыздар. Мен сіздерге осы білім шаңырағында алған тәлімдеріңізді, ұстаздардың ұлағатын, баршамыздың аманатымызды дұрыс атқарады деген сенімдемін! Елге қызметте, дініміздің жолында әрдайым жолдарың ашық болсын. Аманат! – деді.

Ал «Исламтану» кафедрасының меңгерушісі, PhD Нұрлан Анарбаев биылғы түлектердің ерекшеліктеріне тоқталып, тіпті қоштасу сәтінде қимастық басым екендігін айтты. Түлектер тарапынан сөйлеген Нұрсұлтан Сұлтанғалиев: «Қазақстанда қазір қаншама түлектер жоғары оқу орындарын тәмамдап жатыр. Бұл Нұр-Мүбарак университетінде білім алып, елге қызмет ету бақытын Алла  бізге нәсіп еткенінің өзі үлкен жауапкершілік әрі мақтаныш. Біз ел арасында имандылықтың артуына барынша үлес қосамыз деп сөз береміз» , – деді.

Түлектерден кейін ата-аналар сөз алып, ұстаздарға, университетке алғыстарын жаудырды.  Салтанатты шараның маңызды сәті келіп: «…Университет ұжымы ислам оқу ордасын жемісті аяқтауыңызбен құттықтай отырып, алған іліміңізді аманат етіп, осы киелі шаңырақтың туын жоғары ұстай білетін білікті маман болатындығыңызға сенім білдіреді! Тәуелсіз еліміздің келешек ұрпағының бойына иман дәнін себеді дегенге сеніміміз мол…» деген мәтіндегі аманатты алған түлектер ерекше толқыды. Ал бәрінен де университет атынан, ректордың өзінен Алғыс хат алған ата-аналардың да қуанышында шек жоқ.

Салтанатты шара соңында барлығы естелік суреттерге түсіп, ректор, профессор Жуда Басюни бастаған ұстаздардың ақ батасымен болашаққа аттанды.