Нұр-Мүбарак
Египет ислам мәдениеті университеті
Жаңалықтар

   Адамзаттық мәдениет шеруіне жолдама берген тау тұлға!

26/10/2017

   

Халқымыздың көрнекті перзенті, артына өшпес мұра қалдырған жазушы Мұхтар Әуезовтың 120 жылдығына орай Нұр-Мүбарак университетінің студенттері «Асқар тау алыстаған сайын айқын көріне түседі…» атты әдеби кеш өткізді. Басты мақсат – жастарды ұлы жазушының еңбектерімен етене таныстырып, ұлт болмысына терең бойлау. Себебі «Қазақты танығысы келген адам «Абай жолын» оқысын» деген қағида баршамызға белгілі. Қазақ халқының бүкіл болмысы, мінез-құлқы, тыныс-тіршілігін хатқа түсіріп, ұлттық руханияттан ойып орын алған Мұхтар Омарханұлы өмірін ілімге арнап Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, еңбек сіңірген ғылым қайраткері, филология ғылымының тұңғыш докторы, профессор деңгейіне жеткен. Осылайша қазақ әдебиетінің асқар тауы Абай болса, һәкімнің өмірін өрнектеген Мұхтар заңғар биігіне айналды.

 

Сондықтан кітапхана меңгерушісі Қалбибі Бейісбек ханым студенттерге жетекшілік етіп, шығармашылық кештің жан-жақты болуына көңіл бөлді. «Мұхтардың өзі де үлгі, өмірі де» атты бейнежазба көрсетіліп, Әуезов жайлы арнау оқылды. Студентер жазушы шығармаларынан қойылым қойып, 20 ғасырға саяхат жасады. Естеліктер айтылды. Әсіресе, 1950 жылдарда бір топ жазушылармен Америкаға барғанда әріптесі Стеминнің: «Шипачев – қарапайым іскер адам, Леонов – біраз ақсүйектік бар, Гончар – әшейін спортшы, ал мынау М.Әуезов дегеніміз… Сократ маңдайлы кемеңгер, философ, құдай өзіне түр мен тұлғаны аямай берген, көзінде ақыл тұнып тұр»,-деп берген мінездемесі жастарды елең еткізді. Ал елбасы Н.Назарбаев: «Мұхтар Әуезов – біздің бүгінгі адамзатқа ортақ мәдениет шеруіне қатысуға жолдама алып берген елшіміз», – деген болатын.

Сондай-ақ студенттер арасында сұрақ-жауап ұйымдастырылып, жеңімпаздарға сыйлықтар үлестірілді. Күмбірлеген күй төгілтіп, жырдан шашу шашылып, кемеңгер кітаптарының көрмесі ұйымдастырылып, жастар рухани жандүниесін байыта түсті.

 

 

 

 

Ұқсас жазбалар