Нұр-Мүбарак
Египет ислам мәдениеті университеті
Жаңалықтар

Айтары көп Амангелді Айталы ақсақалды Нұр-Мүбарак университеті Ақтөбеден арнайы шақырды

07/12/2018

Бүгін Нұр-Мүбарак университетінде мемлекет дамуы мен ұлт мүддесі жолында жарғақ құлағы жастыққа тимеген халық қалаулыларының бірегейі Амангелді Айталы ақсақал арнайы қонақ болды. Себебі бүгінгі қоғамға, жас ұрпаққа айтары бар ақсақалдардан үлгі-өнеге, тағылым мол екені даусыз. Сондықтан Нұр-Мүбарак университетінің басшылығы Ақтөбе қаласының құрметті азаматы Амангелді Әбдірахманұлын аттай қалап арнайы шақырды. Құрметті қонақты алдымен университет ректоры, профессор Мухаммад аш-Шаххат әл-Жинди қабылдап, жақынырақ танысты. Ел игілігі үшін атқарған еңбектеріне ризашылықтарын білдіріп, абыз замандасының әлемнің көптеген елдеріне барса да, Мысырда болмағанына өкінішін білдірді. Ректор қабылдауынан кейін студенттермен кездескен Амангелді Айталы ақсақал әлемдегі дін мәселесіне қатысты жасаған зерттеулері мен талдауларынан көптеген пайдалы мағлұматтарды алға тартты:

  • Ұлтсыз дін болмайды, ал дін – ұлттың тірегі. Сондай-ақ діннің демографияға ықпалды зор. Әлемнің 73 мемлекетінде дінтану міндетті пән ретінде оқытылса, бізде факультатив деңгейінде оқытылады. Кей елдерде діни пәндер жалпы оқудың 8-10 пайызын құраса, араб елдерінде 30-35 пайыз. Біз әлі де ислам дінінің әлеуетін қолдана алмай отырмыз, — деп ислам дініне қатысты орта мектептерде жүрзізілген зерттеулер нәтижесіне талдау жасады.

Мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым,  философия ғылымдарының докторы, ҚР Әлеуметтік ғылым академиясының академигі, профессор Амангелді Айталы – Қазақстан Білім беру ісінің Құрметті қызметкері, 100-ден аса ғылыми мақала, 5 монография авторы. Яғни тәрбие, педагогика саласында тәжірибесі мол. Зерттеу бойынша, ата-аналардың 3/1-і  балаларының діни тәрбиеден оң өзгерістер алып қана қоймай, өздерінің де жақсы жақа өзгеруіне ықпал еткенін айтты. Еуропалық озық үлгілердің бізге қажеттігіне де мысалдар келтірді: Еуропада полицейлер сол өзі қызмет ететін аудандағы тұрғындардың қандай дінді ұстанатынын, қандай құлшылық жасайтындарын жатық білсе, бізде тәртіп сақшылары дін мәселесіне түрпідей қарайтынына өкініш білдірді.

Құнды сұхбат үшін тыңдаушылар да ризашылықтарын білдіріп, көкейлеріндегі сауалдарын қойды. Еліміздегі дін төңірегіндегі лаңкестік оқиғаларға қатысты қоғам қай жерден қате кеткенін зерттеу қажеттігін дер кезінде ашық айтқан абыз ақсақалдың салиқалы ой-пікірінен ой түйгендер де аз емес. Университет проректоры, доцент Қайрат Құрманбаев елағасына зор алғыс айтып, ұлттық дәстүрімізге сай шапан жауып, сыйкәде жасады. Елағасы да жастарға ақыл-кеңесімен бірге батасын берді.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Ұқсас жазбалар