„Ақ Үмітке„ үміт сыйлаған арулар

07/04/2017

Жабырқаған жетімдердің жанына желеу болсақ деген „Нұр-Мүбарак„ университетінің студенттері „Елімізде жетім балалар болмаса екен...„ деген тілектерін жүректеріне түйіп қайтты.

Нұр-Мүбарак„ университетінің бір топ студент қыздары қасиетті жұмада Алматыдағы „Ақ Үміт„ әлеуметтік балалар үйіне барып қуаныш сыйлап қайтты. „Ақ Үміт„ үйінде барлығы 4 пен 16 жас аралығында 39 жетім тәрбиеленуде. Түрлі сыйлықтар мен тәтті-пұтты алып балаларға базарлық жасаған студент жастар ең әуелі балалармен жылы сөйлесіп, көңілдерін көтеруге тырысты. Университеттің „Дін және тәрбие„ бөлімінің маманы, куратор-эдвайзер Гүлдана Қаңлыбаева бұл шара студенттердің алған білімін шынайы өмірде қолдану арқылы бойындағы ізгілік пен мейірімділікті арттырады деген сенімде.

Әлбетте, елімізде балалар үйінің көбейіп жатқаны өкінішті. Бәлкім, „Ақ Үміт„ жайлы естігендеріңіз де аз болар. Себебі бұл балалар үйі осыдан 3 жыл бұрын ашылған. Алматы қаласы, Наурызбай ауданы, Ақжар шағын ауданындағы „Ақ Үміт„ балалар үйінің директоры Қалинұр Болысовтың айтуынша, қазір перзенттерін асырай алмай жүрген ата-аналар көбейіп кеткен. Көбісі „ата-ана құқығынан айрылып қаламыз„ деп балалар үйіне өткізуден қорқады, Сондықтан осындай әлеуметтік үйлерге уақытша өткізеді. Қазір бұл „АқҮміт„ үйінде әкесі жоқ, не болмаса қос бірдей ата-анасы жоқ, артынан тіпті іздеушісі жоқ бүлдіршіндер, әке-шешесі ішімдікке салынып кеткендер, айта берсе осы 40-қа жуық баланың 40 түрлі тағдыры бар. Соңғы аптада ғана 3 қыз бала әкелінген.

Сондықтан, жабырқаған жетімдердің жанына желеу болсақ деген „Нұр-Мүбарак„ университетінің студенттері „Елімізде жетім балалар болмаса екен…„ деген тілектерін жүректеріне түйіп қайтты.

 

 

IMG-20170403-WA0013

 

IMG-20170403-WA0015

 

IMG-20170403-WA0014

 

IMG-20170403-WA0012