Нұр-Мүбарак
Египет ислам мәдениеті университеті
Жаңалықтар

Ақпараттық технологияның барлық мүмкіндіктерін пайдалану – заман талабы

27/04/2020

Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің студенттері қашықтан оқу жүйесі бойынша 7 аптадағы сабақтарын бастады. Осы тұрғыда университеттегі онлайн оқу форматы туралы «Исламтану» кафедрасының  меңгерушісі мен кафедра оқытушыларының  пікірін білген едік.

PhD доктор, «Исламтану» кафедрасының меңгерушісі Нұрлан Анарбаев: «Төтенше жағдай кезі болса да кафедра жұмыстары ҚР Білім және ғылым министрлігінің талаптары мен университеттің мақсатына сай еш кідірусіз, онлайн форматта жалғасын тауып жатыр. Атап айтар айтар болсақ, бакалавриат және магистратура бөлімінің білім алушылары ZOOM платформасы арқылы онлайн түрде кафедра тарапынан құрылған комиссияның алдында диплом және диссертация еңбектерін алдын-ала қорғау жұмысынан өткізді.

Ал қашықтан оқытудың оңтайлы жағы – қалаған ұстаздар бұл ашық түрде болып жатқан алдын ала қорғауға қатыса алады.

Біздің кафедрамызда аталған оқыту форматы бойынша білім беру тұрғысынан қиындықтар кездеспеді».

PhD доктор Асқар Әкімханов: «Еліміздегі төтенше жағдайға байланысты университетіміз биылғы оқу жылының 2-ші семестрінің 2-ші жартысынан бастап студенттерді қашықтан оқыту форматына көшті. Бұл формат университетіміздегі көптеген оқытушылар және студенттер үшін жаңа әрі үлкен тәжірибе болып отыр. Университетіміздің оқытушы-профессорлық құрамы толықтай дерлік білім берудің жаңа форматын тез игеріп, өз қызметтерін лайықты деңгейде атқаруда. Қашықтан оқыту ісінде ешқандай қиындықтар орын алып жатқан жоқ. Platonus жүйесі мен Telegram, WhatsApp, Zoom және т.б. желілер арқылы лекциялар, семинарлар және практикалық дәрістер апталық кесте бойынша жүйелі түрде жүргізілуде. Студенттер тарапынан қашықтан оқыту процесіне қатысты арыз-шағымдар түсіп жатқан жоқ. Алдағы уақытта болатын аралық бақылаулар мен емтихандарды және диплом жұмыстарын қорғауды аталған желілер арқылы өткізуге дайындық жасалып жатыр. Сондай-ақ биылғы бітіруші студенттер мен магистранттардың диплом жұмыстарының алдын ала қорғауы да Zoom, Telegram және WhatsApp желілері арқылы сәтті өткізілді».

Исламтанушы, магистр Ерғали Алпысбаев: «Елімізде енгізілген төтенше жағдай мен карантинге байланысты қашықтан білім беріп келе жатқанымызға міне алты аптадан асып барады. Қашықтан оқыту  – Телеграмм,  ZOOM және Platonus платформалары арқылы жүргізіліп жатыр. Дәрістерімді кестеге сай әрі жүйелі түрде жүргізіп келемін. Дәрістердің аудио жазба және Word нұсқасын дәріс болатын күні телеграмм каналы мен  Platonus жүйесіне жүктеп отырамын. Студенттерімнің басым көпшілігі дәрістерге уақытылы қатысып отырады. Әрине, шалғай ауылдарда тұратын кейбір студенттерім интернет желісінің нашар болуына байланысты кейде дәріске уақытылы қатыса алмай да жатады. Дегенмен, олар өздеріне интернет қолжетімді болған уақытта қашықтан оқыту мақсатында арнайы ашылған телеграмм каналына жүктелген лекцияның аудио жазба және Word нұқсасымен танысып, міндетті түрде кері байланысқа түседі. Өзім дәріс беріп жүрген фиқһ ілімі күнделікті өмірде қолданылатын ілім түрі болғандықтан және дәлелді, дәйекті, үкімді нақты қажет ететін сала болғандықтан студенттер тарапынан қызығушылық көптеп туындайды. Сондықтан да студенттер өтілген тақырыптар бойынша түсінбеген және қызықтырған тұстарын жазбаша түрде сұрап, сауалдарына жауап алуда. Осы орайда айта кетерім, студенттер де семинар сабақтарына белсенді қатысып, тапсырмаларын өз деңгейінде тыңғылықты орындауда.

Өткен аптада кафедра меңгерушісі және ұстаздардың қатысуымен бітіруші студенттер мен магистранттардың диссертациялық жұмыстарын алдын ала қорғауын ZOOM платформасы арқылы онлайн түрде өткіздік. Бітірушілер өздерінің ғылыми жұмыстарына қатысты бағалар мен сыни-ескертулерді тыңдап, сауалдарына жауап алды.

Жаһандану кезеңінде ақпараттық технологияның барлық мүмкіндіктерін пайдалану – заман талабы. Осы орайда қашықтан оқыту жүйесінің білім берушілер мен білім алушылар үшін жаңа бір тәжірибе болғаны анық. Ендігі жерде білім беру саласында осы жүйе бойынша тың реформалар пайда болары сөзсіз. Ол әрине алдағы уақыттың еншісінде…».

P.S. Пандемия жағдайында Нұр-Мүбарак университеті оқытушылар мен студенттердің өмірін бірінші орынға қойып, қауіптің алдын алу үшін қашықтан білім беру жүйесіне көшті. «Исламтану» кафедрасының меңгерушісі мен кафедра оқытушыларының сөзіне сүйенсек, онлайн форматта білім беру барысында қиындықтар мен кедергілер кездеспеген. Бүгінгі таңда аталған  білім беру жүйесінің өзіне сай артықшыларын меңгеріп отыр. Олар үшін ең бастысы – қай кезде де студенттің білім алуы. Себебі, білімді ұрпақ арқылы мың жасаймыз дейміз.

 

Ұқсас жазбалар