Нұр-Мүбарак
Египет ислам мәдениеті университеті
Жаңалықтар

«Алаш және дін» немесе Алаш ардақтыларының еңбегін ұлықтаған ұрпақ

27/04/2017

Alash2017 1

Alash2017 2

„Алаш„ партиясы мен „Алаш Орда„ үкіметінің 100 жылдығына арналған бұл „Алаш және дін„ ғылыми-тәжірибелік конференциясының орны бөлек болды.

Қазақ елін тел тәуелсіздікке, шынайы рухани бостандыққа жеткізу жолындағы ұлттық-демократиялық қозғалыстың елеулісі болған бір ғасыр бұрынғы бұл оқиға қазақ тарихындағы алтын әріптермен жазылатын кезең. Ұлт зиялыларының басын қосып бір мүдде аясында ел игілігі мен болашағы үшін жандарын пида еткен қазақ қаймақтарының еңбектері бүгінгі ұрпаққа ұлағатты өнегеге айналды. Сондықтан Алаш ардақтыларына айналған бабаларымыздың ата дініміздің тарихындағы салмағы қандай деген сауалға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен „Нұр-Мүбарак„ университетінің ұйымдастырған „Алаш және дін„ ғылыми-тәжірибелік конференциясы нақты ғылыми жауаптар берді.

Alash2017 12

Alash2017 13

Әнұранмен басталып, азаттық жолында құрбан болған Алаш азаматтарының рухына Құран бағышталып, бата жасалды. Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының қазақ даласындағы ұлт пен дін тарихын ұштастырған дәйекті баяндамасы жиылған қауымға мол мағлұмат болды. Ғасыр бұрын Алаш зиялыларының мұрат еткен ұлт мүддесі бүгінде елбасы Н.Назарбаевтың «Мәңгілік ел» идеясы ретінде жалғасын тауып, уақыт өткен сайын биіктеп, өміршеңдігін көрсетіп отырғанын әрі бүгінгі тәуелсіз еліміздің баянды болашақ тұрғысындағы қолға алған әрбір ісінің астарында Алаш зиялыларының аманаты барына тоқталып өтті: „ Алаш идеясы мәңгі жалғасын таба береді. Оған қал-қадерімізше үлес қосу әрбір мұсылман қазақтың қасиетті борышы деп білемін,-деген Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының сөздері жиылған қауымға сүбелі ой тастады.

Сондай-ақ, „Нұр-Мүбарак„ университетінің ректоры, профессор Жуда Басюни мырза қазақ тарихындағы Алаш оқиғасына қатысты өз бағасын беріп, бабалар аманатын жалғастырар бүгінгі салиқалы ұрпақтың өсіп-жетілгеніне ризашылығын білдіріп, сәттілік тіледі.

Конференцияға мүйізі қарағайдай ғалымдар келіп, тың деректермен жиылған қауымды тәнті етті. ҰҒА-ның мүше-корреспонденті, Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры, профессор Ханкелді Әбжанов „Алаш қозғалысы және әлемдік тарих кеңістігі„ жайлы баяндама жасады. Ал филол.ғ.д., „Арыс„ қорының президенті Ғарифолла Әнес:

Алаш қозғалысы туралы сөз болғанда біз әдетте тасқа басылған қос

құжатқа табан тірейміз. Оның біріншісі – Алаш қозғалысының бастау-көзінде тұрған Қарқаралы петициясы. 1905 жылы 22 маусымда Қарқаралы жәрмеңкесіне жиналған 16 мың қазақ қол қойып Петербурғқа патша ағзамға жолданған арыз-тілектің 47 бабының көпшілігі сол кездегі ел арасындағы діни ахуалды, исламның жай-күйін күйттеген болатын. Ал екінші құжат – Орынбор қаласында 1917 жылдың 5-13 желтоқсан аралығында өткен Жалпықазақтық ІІ сиезінің Қаулысына көз жүгіртсек («Сарыарқа» газеті, №29, 25 қаңтар 1918 жыл), ел ішінде дін өкілдері – молда, ишан, қарилердің өте беделді болғаны, Алаш қайраткерлері оларды үнемі төрге оздырып, ел алдындағы олардың беделдеріне сүйенгендігін көреміз,-деді өз сөзінде.

Alash2017 9

Ал сонау Семейдегі „Алаштану„ ғылыми зерттеу орталығының директоры, филол.ғ.к., профессор Тұрдықұл Шаңбай „„Алаш-таным: мемлекеттік мәселесіндегі діннің орны„ жайлы айта келе, Шәкәрім Құдайбердіұлының діни өміріне шолу жасалып, жаңа зерттеулерінің нәтижелерімен қуантты. Шәкәрім бабамыз жайлы жақында ғана жарық көрген құнды кітабын „Нұр-Мүбарак„ университетіне тарту етті.

Сондай-ақ, филол.ғ.к. Мақсат Тәжі-Мұрат „Ғұмар Қараш — Алаш қозғалысының діни қайраткері„, ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің мүшесі, PhD докторы Мұхан Исахан „Алаш қайраткерлерінің мемлекет пен дін арақатынасын реттеуге қатысты ұстанымдары„ атты ғылыми мақалаларында айтылған тың деректер мол болды. Конференция модераторы профессор Шамшәдин Керім мырза: „ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің шешімімен өтіп жатқан бұл жиынның халыққа берері мол. Сондықтан бүгінгі оқылған баяндамалардағы тың деректер мен әлі де жарық көретін туындыларға қатысты ҚМДБ-сы болашақта ел тарихы мен дамуында үлесі зор дүниелер жасайтынына сеніміміз зор„,-деп, Алаш ақтаңдақтарының ашылмаған ақиқаты аз емес екендігін аңғартқандай.

Осылайша, Алаш ардақтыларының арманы 100 жыл аясында ақиқатқа айналып: Тәуелсіз ел төрінде өткенді саралап, тарихты құрметтеп, ел болашағы жолында өмірлерін қиған ардақты ата-бабаларымыздың атқарған еңбектеріне баға беріліп, оны жалғастыру бүгінгі ұрпаққа аманат екендігі тағы да нақтылана түсті.

Alash2017 3

Alash2017 4

Alash2017 5

Alash2017 6

Alash2017 10

Alash2017 8

Alash2017 11

Alash2017 14

Ұқсас жазбалар