Нұр-Мүбарак
Египет ислам мәдениеті университеті
Жаңалықтар

Әлем чемпионы Ардақ Назаров Нұр-Мүбарак жастарын жігерлендірді

14/03/2019

Спорт саласында елеулі жетістіктерімен ғана емес, жастар арасында өзіндік өнеге мектебін қалыптастырып жүрген ережесіз жекпе-жектің үш дүркін әлем чемпионы Ардақ Назаров Нұр-Мүбарак университеті студенттерімен кездесті. Тағылымды кездесу жайлы естіп, әлеуметтік желілер арқылы біліп университеттен тыс арнайы келген жастар да аз болмапты. Құрметті қонақ әңгіме әлқиссасын бабалар тарихынан сыр шертіп, елді қорғаудағы ерліктерін, даналықтарын, қазақ қыздарының батырлығын да сөзге арқау ете отырып, өзінің жетістік жолында қалай табанды еңбек еткені жайлы тәжірибесінен бастады.

 

  • Әрбір бала бойындағы елге, Отанға деген сүйіспеншілік отбасындағы тәрбиеден, ата-анаға құрмет, бауырмалдықтан басталады. Өмірде жетістікке жету үшін алдыңа мақсат қойып, сол мақсат жолында табанды еңбек етсең ғана жеңісті нәтижесін көруге болады, — деген чемпион Ардақ Назаров адамды адал еңбек биікке жетелейтінін кеңірек түсіндірді.

Сонымен қатар, имандылық жолына, мұсылмандық парыздардың маңыздылығын түсінуге себеп болған ғибратты оқиғалары жастарға ерекше әсер етті. Жеңімпаз ағаларының әңгімесіне ұйып қалған жастар да көкейлеріндегі сауалдарын қойып жатты. Алға қойған мақсаттары мен өмірлік мүдделері, арман-тілектерімен бөлісті. Университеттің Тәрбие және дін істері бөлімінің меңгерушісі Оралхан Сейдманов пен бас маман Мақсат Байзақ құрметті қонаққа университет атынан алғыс білдіріп, естелік сыйкәде жасады. Бойларына жаңа жігер алып, болашаққа сенімі еселенген студенттер де чемпион ағаларымен суретке түсіп, қолтаңба алу мүмкіндігіне ие болды.