Нұр-Мүбарак
Египет ислам мәдениеті университеті
Жаңалықтар

Әлия Төлегенова: Карантин деп үйімізді «зынданға» айналдырмайық

18/04/2020

Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің оқытушысы, психолог, Phd доктор Әлия Төлегеновамен коронавирус жағдайындағы адам психологиясындағы өзгерістер туралы сұхбаттастық.

– Нұр-Мүбарак университетінде психологиялық қолдау мақсатында қандай іс-шаралар жасалуда?

– Университет төтенше жағдайда мемлекеттің қойған талаптарына сай іс-шараларды жасап жатқаны белгілі. Әрбір студентпен кері байланыс жасаудамыз.

Коронавирус пандемиясы дүниежүзілік дағдарыспен бірге адамдарға физикалық және психологиялық ғана емес, психикалық тұрғыдан да теріс әсер етуі мүмкін. Оның алдын алу мақсатында Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті қашықтан оқыту жүйесіне көшуіне байланысты оқытушылар мен студенттерге психологиялық көмек көрсететін орталық ашты. Яғни психолог мамандары студенттерге сабақтан тыс, психологиялық қолдау және жауапкершілікті сезінуге қатысты ақпараттар беріп отырмыз. Одан өзге университет қызметкерлері мен оқытушыларына да психологиялық көмек береміз. Өздерін мазалаған сұрақтарын @nmu_kz телегарам каналына жазып, жауабын алу мүмкіндігі қарастырылған.

– Карантин уақытында адамдар ашушаңдыққа бой алдырды. Психологиялық тұрғыда тыныштыққа жетудің жолдары қандай?

– Эмоциялық зона болған кезде адам мазасызданады. Ал психологиялық тұрғыда тыныштыққа 4 жол арқылы жете алады. Қазір не болып жатыр? Ол туралы не сезем? Оның орнына не болғанын қалар едім? Ол үшін дәл қазір не істей аламын? деген осы сұрақтарға жауап берілген кезде, сезімнен ақылға көшіп, адам тынышталады. Сондай-ақ ол нәрсенің мәнісін түсінеді.

– Пандемия кезінде адам қорқынышқа неліктен бой алдырады?

– Ішкі дүниемізде өңделмеген ақпарат бар. Соны жеңу керекпіз.Бұның барлығы уақытша. Одан қашпауымыз керек. Біз өзіміздің ішкі күдігіміз ден қорқынышымызды жеңуде күрескеніміз абзал.

Біздің қателігіміз – кез келген нәрседен үкімді өзіміз шығарып алуымыз болып отыр. Қорқынышымызды сыртқа ғана шығарамыз. Осындай сәтте жақсы ойласақ, организміміз жаңаратынын ұмытпайық.

Біз өз ойларымызбен жеке қалудан қорқамыз. Соны қолға алған абзал. Қазір мені не мазалайды? – деп дәптерге күнделікті сезімдерді жазу қажет. Уақытты тиімді пайдалану керек. Барлық жақсылық әр адамның жақсы ойдан, жақсы болады деген сенімнен  басталады. Қазіргі уақытта вирустан сақтану үшін қауіпсіздік шараларын жасап, барлығының жақсы  болатынына сенуіміз керек.

– Маман ретінде төтенше жағдайда уақытты тиімді пайдалану туралы айтсаңыз?

– Қауіпсіздік шараларын сақтау міндетті. Одан өзге  коронавирус туралы ресми бір арнаға жазылып, кішігірім ақпараттансақ жеткілікті. Миға артық нәрсе қабылданса, ол соған сенеді. Ми неге сенсе, денемізге сол туралы бұйрық береді.

Қазіргі уақытта әр адам ішкі әлеміне  үңілгені жақсы. Өзіңізге жақсы көңіл күй сыйлайтын іспен айналысқан дұрыс. Біз – қазіргі уақытты өзімізді тануға мүмкіндік деп қабылдаған жөн. Табиғат пен бірге тұрып, табиғатпен бірге ұйықтау керек. Сағат 23:00-ден 1:00-ге дейін ағзамызда өсу гармоны бөлініп, сауықтырады. Ол кезде ұйықтап, тынықпаса, адам шаршайды. Карантин деп өзіңізді және өз үйіңізді «зынданға» айналдырмау керек. Бар болғаны, үйіңізді қауіпсіздік қорған ретінде қабылдаңыз.

Сұхбаттасқан: Ақтолқын ТАЖИКОВА

 

Ұқсас жазбалар