Алматы студенттері Нұр-Мүбаракта Мәшһүр Жүсіп жайлы пікір таластырды

12/04/2018

Ректоры, профессор Жуда Басюни өзі арнайы келіп, алматылық озат студенттерге алғыс білдіріп, жеңімпаздарды марапаттады.

Алматы қаласындағы іргелі 12 университеттің  студенттері  өзара басқосып, әр жиында қазақ ойшылдарының тұлғалық бейнесін ашу мақсатында білімдерін сараптап, пікір алмасады.  Сондай дәстүрлі жиын Нұр-Мүбарак университетінде  12  жоғары оқу орындарынан келген 40-қа жуық студенттің басын қосты. «Алаштың ардақтысы, дара тұлғалы  Мәшһүр Жүсіп – адамзаттың ұлы ғалымы» атты тақырыпта дөңгелек үстелді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының наиб-мүфтиі, ғалым Алау Әділбаев ашып, студенттерге сәулелі ой, пайымды пікір, сұңғыла білім иесі болуға үндеп, қадамдарына сәттілік тіледі. «Жатқандай тәтті ұйқыда қазақ халқы…», «Қазағым, өнер ізден…», «Ең әуел керек нәрсе иман деген…» тақырыптарын қамтыған бөлімдерде Мәшһүр Жүсіп шығармаларындағы қоғамдық-әлеуметтік көрініс, рухани құндылықтар, діни мәселелер төңірегінде  орамды ойларын ортаға салды.

Бұл шара әрі Мәшһүр Жүсіптің 160 жылдығына орай қазақ руханиятындағы орны, қалдырған мұрасы, тарих, дін, әдебиет бүкіл саланы қамтығандай. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Абай атындағы ҚазҰПУ, ҚазМҚызПУ, ҚазҰАУ, С.Асфендияров атындағы ҰМУ, Т.Рысқұлов атындағы ҚЭУ, Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ, АТУ, Сүлеймен Демирел, Қайнар, Алматы, Нұр-Мүбарак университеттерінің әрқайсысынан 3 студенттен қатысып, жиған білімдері мен қорытқан ой-пікірлерін ортаға салды. Ал оларға университеттің  тарих, филология, исламтану, дінтану  салалары бойынша ғалым-ұстаздар төрелік жасады.

Нәтижесінде Қыздар Педагогикалық университетінен келген топ дәстүрлі жеңіс кубогін жеңіп алды. Мәшһүр Жүсіп жайлы жастар жиынының жемісті өтуімен құттықтау үшін Нұр-Мүбарак университетінің ректоры, профессор Жуда Басюни өзі арнайы келіп, алғыс білдіріп жеңімпаздарды марапаттады. Әрбір қатысушыға сертификат табыс етіп, студенттердің сөз сайысын саралаған қазылар алқасы мен ұйымдастырушыларға Алғыс хат табыс етті. Жастардың көкейіне ерекше ой тастап, болашаққа жаңа серпілістерге сеп болған бұл басқосуды Жалпыуниверситеттік гуманитарлық пәндер кафедрасының ұстаздары пед.ғ.к., қауымдастырылған профессор м.а. Сұлу Исабаева, филол.ғ.к., профессор м.а. Гүлдархан Рысбаева , Жастар ісі комитетінен Талғат Демесбай, Ақын Ақберді, Қарлығаш Мақсұтбай, т.б., жиында Алаш ардақтысының өлеңдерін оқып, арнайы бейнеролик жасап, арнау арнап, күй шерткен студенттерге  келген қонақтар да, көрермендер де ризашылықтарын білдірді.