Нұр-Мүбарак
Египет ислам мәдениеті университеті
Жаңалықтар

Алматы ЖОО арасында Мағжанның 125 жылдығына орай өткен мақалалар сайысының жеңімпазы — Нұр-Мүбарак студенті

30/11/2018

Нұр-Мүбарак университеті Алаш қозғалысының қайраткері, сыршыл ақын Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығына орай Алматыдағы жоғары оқу орындары арасында мақалалар сайысын жариялаған болатын. Шараның мақсаты Алаштың ардақты ұлы Мағжанның қайраткерлігі, ақындық, тұлғалық қасиеттерімен қоса діни танымы, ұстанымына да тереңірек бойлап, ақынның аса зерттелмеген  немесе бүркемеленіп, жасырылып, келген тұстарын жұртшылыққа жеткізіп, бүгінгі һәм болашақ ұрпақтың бойына Мағжан болмысын сіңіру, Мағжан сенген жастардың дарынын ұштап, жас қалам иелерінің шығармашылығына қолдау білдіру болды. Сондай-ақ жеңімпазды анықтау кезінде мақаладағы тың деректер мен ақынның халыққа таныла қоймаған, әлі зерттелмеген қырларының ашылуы айрықша қаралатыны алдын ала да ескертілді.

 

Алматылық ЖОО-дан 65 студент мақалаларын жолдап, одан 13 үміткер ақтық сынға шықты. Салтанатты шараның беташарында проректор, профессор Қайрат Құрманбаев Алаш қайраткері жайлы айта келе, бәйгенің жемісті өтуіне тілектестік білдірді. Жүйректерді анықтау үшін филол.ғ.д., профессор Шәмшәдин Керім бастаған ғалымдар тобы, яғни Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің профессоры Ләйла Жұматайқызы, PhD Асқар Әкімханов, филолог Гүлбану Суамбекова, пед.ғ.к. Нұрзия Әбішевалар қазылық жасады.

13 үміткер сахнаға шығып, қазылар алқасының алдында өз еңбектерін қорғап шықты. Нәтижесінде 1-орын Сахан Дастан (Нұр-Мүбарак университеті), 2-орын Бақыткүл Ерболова (ҚазМҚПУ), 3-орын Алмабек Ибраимов (Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) иеленді. Жеңімпаздарға ақшалай сыйақы мен диплом табысталды. Ал ақтық сынға шыққан өзге қатысушыларға қаржылай сыйкәде мен Алғыс хат берілді. Сондай-ақ қазылық жасап, жеңімпаздарды анықтаған қазылар алқасына Нұр-Мүбарак проректоры, профессор Қ.Құрманбаев атынан Алғыс хат жарияланды. Өзге университеттен келген қатысушылар Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығын ерекше түрді, ақынның «Мен жастарға сенемін» деген ұранына сай бүгінгі жастар шығармашылығын шыңдап, әрі ақтық шараны өте биік деңгейде ұйымдастырған Нұр-Мүбарак университетіне алғыстарын жаудырды. Ұйымдастырушылар мұндай бәйгелердің алдағы уақытта да жалғасын табады деген ниеттерін жеткізіп, көпшілікті қуантты.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Ұқсас жазбалар