Араб ғалымдарының бір тобы қазақ еліндегі қызметін аяқтады

04/07/2018

Нұр-Мүбарак университетінде келісімшарт негізінде үш жыл қызмет еткен мысырлық әл-Азһар университетінің бір топ ғалымдары...

Нұр-Мүбарак университетінде келісімшарт негізінде үш жыл қызмет еткен мысырлық әл-Азһар университетінің бір топ ғалымдары елдеріне оралды.
Үш жыл шәкірт тәрбиелеп, араб тілі, ислам негіздері бағыттары бойынша дәріс берген ғылым докторлары Дасуки Абделхалим, Диа Ауад Ахмед, Мухаммед Амин Али, Хамада Абделазиз, Мухаммед Абделазиз, Саид Хасан Хусеин мырзаларға университет ректоры профессор Жуда Басюни мырза ерекше лебізін білдірді:
— Құрметті ұстаздар! Елден жырақта жүріп, бауырлас қазақ еліне келіп дінді жеткізіп, білім үйреттіңіздер. Егер осы білім ордасы қандайда бір жетістікке жетсе, онда сіздердің үлестеріңіз бар. Отбасынан жырақта жүрсеңіздер де Алла Тағала өз жолында қызмет етушілердің қажеттілігін реттеп қояды. Сіздер пайғамбарларға жүктелген міндетті атқардыңыздар, сондықтан сіздерге қандай құрмет көрсетсе де жарасады. Дегенмен құрметтің ең үлкені Алла Тағаланың алдында, — деп көздеріне жас алды.
Ал проректор кеңесшісі Біржан Ботаев: « Құрметті, ғалым-ұстаздар! Қазақ еліне келіп, қызмет еткен әр қадамдарыңызға Алланың нұры жаусын. Сіздер екі ел арасындағы ынтымақтастықты арттыруда орасан еңбек еттіңіздер. Қызмет бабы аяқталса да, әрдайым елімізге қонақ болып келіп тұрыңыздар, біз қашанда қуанышты боламыз», — деді.
Шығарып салу рәсімінде ұстаздарға университеттің бейнесі бар естелік сыйкәде мен алғыс хат табыс етілді. Әрдайым Алланың мейірімі мен қолдауын тілеп, бүкіл қазақ елі атынан алғыс білдірілді.