Нұр-Мүбарак
Египет ислам мәдениеті университеті
Жаңалықтар

«Arabic Club» үйірмесінің онлайн кездесуі өтті

22/04/2020

Сәуір айының 20 жұлдызында 1-2 курс студенттерінің арасында «Arabic Club» үйірмесінің онлайн кездесуі өтті.

Еске салсақ, Нұр-Мүбарак университетіндегі Тәрбие істері және әлеуметтік даму департаменті мен «Араб және ағылшын тілдері» кафедрасының қолдауымен, аға оқытушы Олжас Шаяхметовтың жетекшілігімен және университет студенттерінің ұйымдастыруымен 2019 жылдың  қазан айында  «Arabic Club» үйірмесі ашылды.

Клубтың мақсаты: Араб тілінде түрлі тақырыптарды талқылап, сөйлеу, тыңдау. Оқу қабілеттерін дамыту, тілдік кедергіден өтуге көмектесу, университет студенттерінің ой-өрісін дамыту. Өз ойын шет тілінде жеткізе алатын және өзекті мәселелерді талқылайтын студенттер қоғамдастығын құру.

Клуб кездесулері аптасына екі рет дүйсенбі және жұма күндері талқылау, дебат, ойындар, спикер, ұстаздар шақыру, т.б. форматында өтеді.

Қазіргі таңда үйірме жұмыстары онлайн форматына көшті. Атап айтсақ, карантин уақытын тиімді өткізуді ниет еткен студенттер әр аптаның дүйсенбі, жұма күндері сағат 16:00-де «Араб тілін үйренудегі лайфхактар», «Бөлмеден шыкпай уакытты қызык өткізудің 10 тәсілі», «Көктем мезгіліндегі ауа-райы сізге қалай әсер етеді?»,»Уақытты тиімді жоспарлау» тақырыптарында видеоконференцияға арналған Zoom қосымшасы арқылы кездесулер өткізіп отыр.

Бүгінгі таңда үйірме қатысушыларының саны – 30. Әр онлайн кездесу барысында студенттер 5-6 адамнан тұратын кішігірім топтарға бөліну арқылы араб тілінде еркін сөйлеп, пікір алмасады. Олардың айтуынша, осы әдіс тілді көбірек үйренуге мүмкіндік береді.

 Клуб туралы қатысушылардың пікірі

«Шетел тілі: екі шетел тілі» мамандығының 1 курс студенті Маржан Масимжан: «Кеше 1 курстарға арналған онлайн «Arabic club»-тың бірінші кездесуі өтті. Қатарластарымның қиналатыны – араб тілінде еркін сөйлеуі, яғни тілдік барьер. Ал ол жағынан үйірмеге қатысу арқылы, шешуге болатынын көзім жетті. Ең алғаш «Arabic club» туралы естігенімде, бірден қуанып ұйымдастырушыларға барып жазылған болатынмын.

Онлайн кездесуден кейін екінші демім ашылғандай болды. Керемет практика, жаңа орта, қызықты тақырыптарды қозғадық. «Arabic club»-тың ұйымдастырушыларына алғысым шексіз. Бізге беріліп тұрған үлкен мүмкіндік.

«Исламтану» мамандығының 1 курс студенті Ерасыл Нұрпейісов: «Маған клуб жұмыстары ұнады. Бізге араб тілінде еркін сөйлеуге үлкен мүмкіндік сыйлап отыр. Үйірме қатысушылары бір-біріне аса қамқор, кез келген жағдайда бір-біріне позитив сыйлай алады».

«Шетел тілі: екі шетел тілі» мамандығының 2 курс студенті Жадыра Мурал: «Карантин басталғанан бері «Arabic club» кездесулері онлайн түрде жалғасын тапты. Деңгейімізге қарай zoomда топқа бөліп, өзекті тақырыптарда сөз қозғаймыз. Араб тілімізді дамытуға өте үлкен септігін тигізіп жатыр, қатысушылар саны да күн санап артуда. Болашақта одан да дами түсетіне сенімдімін!».

«Исламтану» мамандығының 1 курс студенті Әділет Қожан: «Біздер үшін университетімізде осындай мүмкіндік қарастырылғанына қуаныштымын. Клубқа мүше болу арқылы тілдік кедергіні жеңіп, араб тіліндегі жаңа деңгейге көтерілгім келеді».

«Arabic Club» үйірмесі туралы ақпараттарды instagram әлеуметтік желісіндегі  @arabic_club.nmu парақшасынан біле аласыздар.

Ұқсас жазбалар