Нұр-Мүбарак
Египет ислам мәдениеті университеті
Жаңалықтар

БАС МҮФТИ: «ҚАДІР ТҮНІН ҚҰЛШЫЛЫҚПЕН ӨТКІЗГЕН АДАМ МОЛ САУАПҚА КЕНЕЛЕДІ»

01/07/2016

 Аса қамқор ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!

 Құрметті бауырлар!

Баршаларыңызды қасиетті Қадір түнін сауапты амалмен өткізуге шақырамын.

Алла Тағала былай дейді: «Рамазан айы сондай бір ай, ол айда адам баласына тура жол және (ақ пен қараны)айыратын дәлел түрінде Құран түсірілді» («Бақара» сүресі, 185-аят). 

Жаһанның жолбасшысы Мұхаммедке (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ардақты аяттардың түсірілуі осы айдағы қасиетті түндердің бірінде басталды. Ол түн мың айдан қадірлі – Қадір түні еді. 

Он екі айдың сұлтаны – Рамазан берекелі ай болса, сол қасиетті айдың маңызын Қадір түні тіпті мәнді ете түседі. Алла Тағала айлардан – Рамазанды, күндерден – жұманы, түндерден Қадір түнін артық еткен.  Қасиетті Құран Кәрімнің «Қадір» сүресінде: «Қадір түні мың айдан қайырлы», – делінген. Бұл түнде періштелер жерге түседі.  

Қадір – қасиетті, берекелі түн. Сондықтан осы түнді барлық мұсылмандар құлшылықпен өткізіп, отбасының амандығын, елдің тыныштығын тілеп дұға жасайды. Қадір кешін құлшылықпен өткізген адам үлкен сауапқа кенеліп, екі дүниенің қуанышына бөленеді.

Алла Тағала бір ай бойы ұстаған оразаларымыз бен Қадір түнінде жасаған дұғаларымызды, тілектерімізді қабыл еткей! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай! Әрбір отбасына бақыт, береке тілеймін!

 

 Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ, 

 Қазақстан мұсылмандары діни  

басқармасының төрағасы, Бас мүфти

————————————————————————————————-

Қадір түнінің басталуы, белгілері мен қасиеттері жайында

 

Рамазан айының ерекше мүбәрак түндерінің бірі және ең үлкен игіліктерінің бірі ‒ Ләйләтүл-Қадр түні. Ол мол құндылыққа ие. Алла Тағала ол туралы Құранда былай дейді: 

 

لَيْلَةُ الْقَدْرِ خَيْرٌ مِّنْ أَلْفِ شَهْرٍ

 

Қадыр түні мың айдан қайырлы («Әл-Қадр» сүресі, 3)

 

Мың ай дегеніміз ‒ шамамен сексен үш жыл. Осылайша, осы түнді құлшылықпен өткізген адам ұзақ өмір бойы үздіксіз мінәжат еткендей сауапқа кенеледі.

 

Бұхари мен Муслим Әбу Хурайрадан (Алла оған разы болсын) Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегенін риуаят еткен: «Ләйләтүл-Қадрды Аллаға ғибадат жасаумен өткізген адамның барлық өткен күнәлары кешіріледі».

 

Бұл түн неліктен Ләйләтүл-Қадр деп аталады? Араб тілінде «қадр» сөзінің бірнеше мағынасы бар:

 

Ұлылық, сый-құрмет, құндылық. Кейбір ғұламалар бұл түннің атауында дәл осы мағына жатыр деп санаған. Бұл ‒ ұлылық пен құрмет айы.
Тағдыр. Бұл түннің тағдыр түні деп аталатын себебі ‒ дәл осы түнде Алла белгілі бір періштелерге алдағы жылда (келесі тағдыр түніне дейін) не болатыны жайлы білім береді.

 

Бұл мүбәрак түн қашан басталады?

 

Құранда бұл түннің мүбәрак Рамазан айына тұспа-тұс келетіні анық айтылады, бірақ, дәл қай күні екені нақтыланбайды. Сол себепті, бұл мәселе ғұламалардың талай талқылауына түрткі болды. Осыған қатысты қырыққа жуық пікір бар.

 

Әл-Мәзхариге сәйкес,ең мықты пікір ‒ Ләйләтүл-Қадр Рамазанның соңғы он түніне дөп келеді деген пікір. Бірақ, нақты қай күні екені анықталмаған. Ол жыл сайын өзгеріп отыратын он тақ түннің кез келген біреуі болуы мүмкін.

 

Хадистерде келген хабарламаға сәйкес, ол мына түндердің бірі болуы ықтимал: 21, 23, 25, 27 и 29. Бұл сандардың бәрі де сенімді хадистерде келтірілген.Ол хадистер сырттай бір-біріне қайшы келеді. Алайда, жоғарыда айтып кеткеніміздей, жыл сайын күндердің ауысып отыратынын ескерсек, бұл қарама-қайшылықты жоюға болады.

 

Мәлік, Ахмад ибн Ханбаль, Суфьян әс-Саури сияқты басқа да ұлы имамдардың көпшілігі бұл түннің соңғы он тақ түнге сәйкес келетіндігімен және оның жыл сайын өзгеріп отыратындығымен келіседі. Имам әш-Шәфиғиден екі пікір жеткен. Біріншісі көпшіліктің пікірімен сәйкес келеді, ал, екіншісі бойынша, бұл түн белгілі бір күнге дәл келеді және өзгермейді. («Ибн Кәсирдің тәпсірі»).

 

«Сахих әл-Бұхариде» Аишадан (Алла оған разы болсын) хадис келтірілген. Соған сәйкес Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Тағдыр Түнін Рамазанның соңғы он түнінен іздеңдер».

 

Ғұламалар Алла Тағаланың бұл түннің нақты уақытын жасырғанында жатқан даналықты былай түсіндіреді: оның уақыты белгіленіп қойса, көптеген жалқаулар басқа түндерде құлшылық жасамас еді. Ал, оның нақты уақыты белгісіз болғандықтан, құлшылыққа аса ынта қоймайтындар Тағдыр Түні Рамазанның соңғы он түнінің тақ жұлдыздарының бірінде болады деген оймен бірнеше түн бойы мінәжат етуге мүмкіндік алады. Сонымен қатар, көптеген адамдар күнәларынан тыйыла алмайтындықтан, егер бұл түн белгілі бір уақытқа белгіленіп қойса, олар сол түнде де күнә жасар еді. Ал, бұл олардың имандары үшін қауіпті болар еді.

 

Бұл түннің басталғанын қалай білуге болады?

 

Ең дұрысы ‒ Рамазанның соңғы он түнінің бәрін құлшылықпен өткізу. Шамаңыз жетпей жатса, ең болмаса, тақ түндерінде ынта таныту. Сонымен қатар, бұл түнді өзіне тән белгілеріне қарап білуге болады. Хадистерде Ләйләтүл-Қадрдың төмендегі белгілері туралы айтылады:

 

— Түн жарық, таза болады, ол түнде ауа райы ыстық та емес, суық та емес, жанға жайлы болады.
— Ол түні ай самаладай жарық болады.
— Қоңыр салқын, жағымды жел соғып тұрады.
— Мұсылмандар бұл түнде ерекше мамыражай күй кешіп, рахатқа бөленеді.
— Сол түннен кейін таңертең күн сәуле шашпай, толған Айдай дөңгеленіп шығады. Ғұламалар мұның негізгі белгі екенін және міндетті түрде болатынын айтады.

 

Жаратқан Иеміз бізге бұл түнді Өзі разы болатындай өткізуімізге күш беріп, құлшылығымызды қабыл алғай!

 

 

Дереккөздер:

  1. Шейх Мухаммад Шәфи’ Усманидің «Ма’ариф әл-Қураны».

2.Мухаммад Зәкәрия Кәндехләуидің «Рамазан құндылықтары» кітабы.


Әбу Яхья, арнайы
 Azan.kz үшін

____________________________

 

Ұқсас жазбалар