• Бас бет
  • Жаңалықтар
  • Бас мүфтидің қатысуымен өткен Нұр-Мүбарак университетіндегі  халықаралық  әйелдер мерекесінің ғибраты мол болды

Бас мүфтидің қатысуымен өткен Нұр-Мүбарак университетіндегі  халықаралық  әйелдер мерекесінің ғибраты мол болды

07/03/2019

Қос елдің әнұранымен басталған Нұр-Мүбарак университетіндегі халықаралық әйелдер мерекесіне бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының...

Қос елдің әнұранымен басталған Нұр-Мүбарак университетіндегі халықаралық әйелдер мерекесіне бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз бен Египет Араб Республикасының еліміздегі Мысыр мәдениет пен білім ісі жөніндегі орталық директоры  доктор Ранда Махмуд Ризк ханым қатысты. Аналарды, нәзік жандар қауымын халықаралық көктем мерекесімен құттықтап, исламдағы әйел мәртебесіне тоқталып өткен  проректор, доцент Қайрат Құрманбаев беташар сөзді  Бас мүфти Серікбай қажы Оразға берді:

  • Адамзат өміріндегі үлкен аманатты арқалап жүрген құрметті аналар, әпке-қарындастар баршаңызды халықаралық көктем мерекесімен құттықтаймыз. Сіздердің орындарыңыз жайлы ислам дініндегі деректердің өзі көп мағлұмат береді. Адамзат тарихындағы ардақты 4 анамыздың жәннатпен сүйіншіленуі, пайғамбарды дүниеге әкелген Мәриям анамыздың атымен сүре түсуі, толықтай бір сүренің әйелдерге арналып, мирас, мұрагерлік, т.б. құқықтарын қамтуы сіздердің қоғам өміріндегі орындарыңызды көрсетеді, — деп жүрекжарды лебізін білдірді.

Келген құрметті қонақтарға алғысын білдіріп сөз бастаған Нұр-Мүбарак ректоры, профессор Мухаммад әл-Жинди жиылған бүкіл жаулықтыларды мерекелерімен құттықтап, әлемнің бір бөлшегі ретінде Мысыр елінде де халықаралық әйелдер мерекесі аталып өтетініне тоқталды. Ер мен әйел бірігіп бір отбасы, отбасынан қоғам құралатын, ең алғаш қағазға түскен қасиетті Құранды Хафса анамыз (р.а.) сақтап, Айша (р.а.) анамыздың ислам іліміндегі орны секілді құнды деректермен әйел мәртебесіне тоқталып, құрметін жеткізді. Сондай-ақ Алматыдағы Мысыр мәдениет пен білім ісі жөніндегі орталық директоры Ранда Махмуд Ризк ханым да ізгі лебізімен қоса университеттегі бірнеше үздік ханымдарға сый-сыяпатын табыс етті.

Мерекенің көрігін Бас мүфти Серікбай қажы Ораздың көпбалалы бірнеше анаға кір жуғыш, тігін машиналары, сондай-ақ университетте білім алушы көп балалы отбасында өскен 1 курс студенті Аяна Шораға білім грантын табыс етуі аша түсті. Бас мүфти атындағы грант 4 курс бойы төленбек. Алдағы уақытта университеттің үздік  студенттеріне осындай гранттар көбейту де жоспарда бар екен.

Осылайша елді қуанышқа бөлеген мерекелік шарада  университет оқытушысы филос.ғ.к., доцент Базар Хамзеева барша азаматтарға алғысын айтса, бұл жүрекжарды лебіздің ішінде барлық нәзік жандардың үні бар еді.