Биыл 150-ге жуық исламтанушы еңбек майданына аттанбақ!

10/04/2017

ҚМДБ-ның он облыстағы өкіл имамдары Нұр-Мүбарактың болашақ түлектерімен кездесті

10 04 2017 OKILDER2

Биыл Нұр-Мүбарак университетін 147 түлек, яғни 121 имам, 26 әйел-ұстаз бітіруге даяр тұр. Олардың 143-і мемлекеттік білім грантымен оқығандықтан, келісім-шарт бойынша 3 жыл ел ішінде қызмет етуі тиіс. Сондықтан, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 10 аймақтағы өкіл имамдары болашақ мамандармен арнайы кездесті.

Маңызды кездесуді жауаптылыққа толы сөздерімен бастаған университет проректоры, профессор Шамшәдин Керім мырза болашақ түлектерге:

— Біз сіздерді оқуға қабылдаған кезде нақты уәде алған болатынбыз. Соған сәйкес, мемлекет есебінен оқып-тоқыған соң, оны ел ішінде 3 жыл қызметпен өтеулеріңіз керек. Бұл сіздерге Отан алдындағы, дініміздің жолындағы аманат болатын. Сондықтан, жауапты кез келгенде жалтаруға болмайды. Ал білімімді жалғастырамын дегендердің өзіне қатаң талап қойылады. Қазір алдарыңызға 10 аймақтың өкіл имамдары үмітпен келіп отыр. Бұл әрі сіздерге зор мүмкіндік,-деді.

10 04 2017 OKILDER1

Сондай-ақ, проректор Шамшәдин Тұрсынұлы биыл Мысырдың әл-Азһар университетіне 26 білім гранты бөлінсе, соның тең жартысы „Нұр-Мүбарак„ түлектеріне тиесілі екенін де ескерте кетті.

Имамдардан алғысөзді Ақтөбе облысындағы ҚМДБ-ның өкіл имамы Төлеби Оспан бастады:„Биылғы 11 түлекке жұмыс орны дайын. Олардың құжаттарының барлығы аудан әкімдеріне жіберілді. Сондай-ақ деструктивті ағым жетегіндегілерге ақиқат білімді түсіндіру үшін білімді маман қашанда ауадай қажет„,-деді өз сөзінде.

Маман тапшылығы Ақмола, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарында анық байқалады. Биыл небәрі 2 түлек қана бітіретін Солтүстік Қазақстан облысында 71 мешіт бар екен. „Мен жастарға сенемін!-деп өздеріңдей ұландарға үміт артқан Мағжанның туған мекені сіздерді зор үмітпен күтеді,„-деп Петропавл бойынша өкіл имам Кенжетай қажы Дүйсенбай жастарға ой салып.

Ал биыл өңірінен бірде-бір түлектің жоқтығынан ба, 40 талапкерді университиетке үкілеп отырған оралдық өкіл имам Руслан Сұлтанов қазір облыста дін саласының қызметкерлеріне жан-жақты қолдау жасалып жатқанын жеткізді. Сондықтан батыстың батыл мінезді жамағатымен жұмыс істейтін жастарға қашанда есік ашық болмақ.

10 04 2017 OKILDER7

Ал жұмсақ мінезді жамағатпен жұмыс істеудің де өзіндік ерекшелігіне тоқталған Талдықорған өңірінің өкілі Серікхан Ахмадиев мырза жастарға қашанда айтары бар имамдардың бірі. Жетісу өңіріндегі діни ахуалға шолу жасап, мамандарға зәру ауылдардың да жағдайына тоқталды. Алматы облысының Алматы аймағына қатысты басты мәселелердің бірі Қуаныш Наржановтың айтуынша „Үшқоңыр„ медресесіне білікті ұстаздардың қажеттілігі. Ал 59 шәкірті білім алып жатқан Жамбыл облысында бас имам Данияр Жұмабаев осы жылғы 9 түлекке де үміт зор екендігін айтты.

Биыл 3 түлектің барына да қуанып отырған павлодарлық Нариман Исенов өзге түлегі көп өңірлердің жастарының құлағына алтын сырға сала келгендердің бірі. Сондай өңірлердің бірегейі Ақмола облысы. Ақмолалық өкіл имам Қанат Қоянбекұлы биыл 6 түлектің тізімін қолына ұстаса да, әлі 9 орынға маман ауадай қажет екенін жеткізді.

Осы өңірлердің барлығының ішінде Сыр елінің тәжірибесі өзгелерге үлгі боларлық. Діни ахуалы тұрақты әрі халқының 90 пайыздан астамы дәстүрлі бағытты ұстанады дегенмен тиісті орындардың еңбегі де аз емес. Қызылодалық өкіл имам Талғат Омаровтың айтуынша, облыс әкімі Қырымбек Көшербаев соңғы 2 жылда 163 мешіттегі имамдарға 3 категорияда жалақы тағайындаған. Одан өзге „Нұр-Мүбарак„ университетіндегі ақылы бөлімде білім алушы шәкірттердің төлемақысы мен жатақханасына да тұрақты көмек көрсетіп келеді. Биыл бұл өңірден 6 түлек ел ішіне еңбек майданына аттанбақ.

Осылайша биылғы түлектер он өңірден келген өкіл имамдармен, діни-зерттеу орталық өкілдерімен де кездесіп, болашақ жұмыс бағыттарын нақтылап алды. Бұдан өзге бірнеше аймақтың өкілдері осыған дейін де келіп кеткен болатын. Ал бүгінгі кездесу соңында Ақтөбе, Қызылорда өңірінің имамдары студенттерге дастархан жайып, біраз сауапқа қалғандай. Үміт пен аманат тоғысқан бас қосудың нәтижесі уақыт еншісінде.

10 04 2017 OKILDER3

10 04 2017 OKILDER5

10 04 2017 OKILDER6

10 04 2017 OKILDER8

10 04 2017 OKILDER9

10 04 2017 OKILDER10

10 04 2017 OKILDER12

10 04 2017 OKILDER13

10 04 2017 OKILDER11