• Бас бет
  • Жаңалықтар
  • Биыл „Нұр-Мүбарак„ университетіне тапсырған талапкерлер 1,5 есеге артты

Биыл „Нұр-Мүбарак„ университетіне тапсырған талапкерлер 1,5 есеге артты

08/07/2017

Бүгін басталған шығармашылық емтихан 13 шілдеде аяқталып, шілденің 17-23 аралығында кешенді тестілеу емтиханы өтеді.

Бүгін еліміздің барлық жоғары оқу орындарында қабылдау емтихандары басталды. Нұр-Мүбарак университетінде де шығармашылық емтихандар бойынша барлығы 20 адамнан құрылған комиссия бес тарапқа бөлініп, шәкірттерді сараптауға кірісті. Себебі, биыл талапкерлер саны жылдағыдан 1,5 есеге өскен, бір орынға 3 талапкерден келіп тұр. Әрі олардың арасында түрлі деңгейлердегі қасиетті Құран сайыстарының, пәндік олимпиада жеңімпаздары, қазақ тілі, дінтану салалары бойынша бәйгелерден оза шапқан, тіпті түрлі ән байқауларының жүлдегерлері бар. Яғни жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарлардың тартысы болатын түрі бар. Оларды „Нұр-Мүбарактың„ ұстаз-ғалымдарымен қатар Мысырдың „әл-Азһар„ университетінің ғалымдары, Қазақстан мұсылмандандары діни басқармасының білікті мамандарынан құрылған комиссия мүшелері білім-таным түсініктерін саралауда. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің биылғы талабы бойынша шығармашылық емтихандар 8 мен 13 шілде аралығында өтеді. «5В021500 — Исламтану» мамандығына түсушілердің әдеттегідей Құран, ақида, фиқһ бойынша білім-түсініктері сарапқа түспек. Қазақ, орыс бөлімдері, ерлер және қыздар топтары, 4 жылдық, 3 жылдық (қысқартылған) бағдарламада білім алу бойынша талапкерлер білікті ұстаз-ғалымдар алдында бақ сынауда.

 

Ал «5В020600 – Дiнтану» мамандығы бойынша кәсіпке жарамдылығын анықтау үшін әңгімелесу және дін негіздері бойынша ауызша емтихан өтсе, «5В011900–Шетел тiлi: екi шет тiлi» мамандықтарына екі бейіндік емтихан: Ағылшын тілі және тарих пәні емтихандарынан өткен соң арнайы емтиханға жіберіледі. Арнайы емтихан: Педагогикалық жағдаятты шешу.

Ия, талапкерлер мен олардың ата-аналарының барлығы қобалжулы. Өмірдегі адал кәсібі үшін мамандану – қашанда жауапты да маңызды сәт. Бірі арнайы медресе тәмамдап келсе, енді бірі университеттің дайындық курсында бір жыл бойы білім алғандар, ал енді бірі орта мектепті енді аяқтаған болса, бірі бұған дейін өзге жоғары оқу орнының дипломын алса да, Алланың дінін сауатты түрде меңгерсем деп бел буғандар. 600-ден аса талапкер үшін ғана емес еліміз үшін де маңызды да шешуші сәт алдында „Нұр-Мүбарак„ университетінің проректоры, профессор Шамшәдин Керім мырза арнайы келіп, талапкерлерге де, қабылдау комиссиясына да сәттілік тіледі. Себебі, университет елімізді сауатты һәм білімді маман даярлау үшін шынайы білімге құштар талапкерді жаңылмай бағалай білуі аса жауапты.

Біз талапкерлерге сәттілік тілеп, ең бастысы өмір емтихандарынан сүрінбеуіне тілекшіміз.

Ал бүгін басталған шығармашылық емтихан 13 шілдеде аяқталып, шілденің 17-23 аралығында кешенді тестілеу емтиханы өтеді. Нәтижелер ҚР Білім және ғылым министрлігінің құзырына жіберіліп, мемлекеттік білім грантының иелері тамыз айында жалпы қорытынды кезінде жарияланбақ.