• Бас бет
  • Жаңалықтар
  • Біздің студент Республикалық жастар форумында 500-ден аса студент арасынан оза шапты!

Біздің студент Республикалық жастар форумында 500-ден аса студент арасынан оза шапты!

05/12/2018

Биылғы «Жастар жылы» және Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті күніне орай Алматыда «Мен жастарға сенемін!»...

Биылғы «Жастар жылы» және Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті күніне орай Алматыда «Мен жастарға сенемін!» VI республикалық студенттік патриоттық жастар форумы өтті. Елімізде 2013 жылдан бері 6 рет өтіп жатқан жастар жиынына Нұр-Мүбарак университетінің студенттері биыл алғаш рет қатысқан болатын.

Форум дәстүрлі түрде төрт байқаудан тұрады: «Еліміздің инновациялық дамуына қосқан менің нақты үлесім» атты студенттік әлеуметтік маңызы бар инновациялық жобалар, «Мен өз елімнің гүлденуі үшін не істей аламын?» атты студенттік эсселер, «Мен жастарға сенемін!» атты студенттік азаматтық-патриоттық бағыттағы поэзиялық шығармалар және «Мәңгілік ел мұратым!» патриоттық әндер байқауы. Ұйымдастыру комитетіне биыл еліміздің бар өңірінен 2 мыңға жуық студент өтініш білдірген.   «Мен өз елімнің гүлденуі үшін не істей аламын?» атты студенттік эсселер байқауына үміткер 500-ден аса студент арасынан Нұр-Мүбарак университетінің студенті Айтолқын Бақытжанқызы Түлдікбаева 2-орынға ие болды. Бұл студенттік эссе байқауында М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті иеленсе, үшінші орын әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің еншісіне бұйырды.

Жастар форумы  ҚазҰУ-нің әл-Фараби кітапханасындағы «Ұлы дала жастары» конференциясымен басталып, оған іріктеу кезеңінен өткен еліміздің 70 аймақтық университетінен келген 500-ден аса студент қатысты.

Ө. Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында өткен үлкен гала-форумда байқаулардың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне салтанатты түрде дипломдар және бағалы сыйлықтар табыс етілді. Гала-форум қатысушыларына ҚазҰУ- шығармашылық ұжымының және эстрада жұлдыздарының мерекелік бағдарламасы ұсынылды.

Форум әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, «Жандану әлемі» қоры және «Жас Отан» жастар қанаты, Жазушылар Одағы, Қазақ радиосы бірлесе ұйымдастыруымен, ҚР Білім және ғылым министрлігі, Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен өтті.