Нұр-Мүбарак
Египет ислам мәдениеті университеті
Жаңалықтар

Болашақ исламтанушы ғалымдар Нұр-Мүбарак университетінде алдын ала қорғаудан өте жоғары деңгейде өтті

08/12/2016

Отандық исламтану ғылымы жаңа үш жаңалықпен, нақтырақ айтсақ үш ғалыммен толығуға жақын. Өте жоғары бағаға ие болған «Нұр-Мүбарак» университетіндегі үш күнге созылған докторанттардың ғылыми диссертацияларын алдын ала қорғау биыл ерекше жағдайда өтті. Яғни докторантура мамандығының екінші түлектерін университет басшылығы Мысырдағы іргелі әл-Азһар университетіндегі ғылыми қорғау үлгісінде, ашық түрде өткізді. Ғылым саласының құрметті ақсақалдары, Халықаралық деңгейде өзіндік орны бар профессорлар: «Нұр-Мүбарак» университетінің ректоры, профессор Жуда Басюни мен профессор, академик Әбсаттар Дербісәлі бастаған ғылыми кеңесшілер тобы үш күн бойы докторанттардың еңбектерін жан-жақты жіті тыңдап, талқылады.

Алғашқы болып сыннан өткен докторант Нұрлан Анарбаев «Орта ғасырлық ханафи ғалым Әбу-л Қасым әл-Фараби //әл-Фарйабидің (?-1210) «Халисатул хақа-иқ» трактатындағы моральдық-этикалық нормалар: мәні мен маңызы» тақырыбындағы диссертациясы жоғары деңгейде бағаланды. Ғылыми кеңесшілері: шет ел тарапынан доктор, профессор Бәкір Заки Ауад, ал отандық кеңесші филол.ғ.д., проф. Әбсаттар қажы Дербісәлі.

Екінші күні диссертант Қайрат Жолдыбайұлы «Ханафи мазхабындағы хадистерді қабылдау өлшемдері және оның фиқһи тармақтарға әсері» тақырындағы ғылыми зерттеуін ғалымдардың талқысына салды. Докторанттың ғылыми кеңесшілері: еліміз тарапынан филол.ғ.д., проф. Әбсаттар қажы Дербісәлі, ал шет елдік ғылыми кеңесші PhD доктор, профессор Юнус Алайдын. Докторанттар еңбектерін таза араб тілінде қорғап шыққанын айта кетейік. Ғылыми шараға «Нұр-Мүбарак» университетінің ұстаз-оқытушыларымен бірге магистрант, докторанттары қатысты.

Келесі күні докторант Асқар Әкімханов «Әбу Мансур әл-Матуридидің «иман» мәселелеріне қатысты ұстанымы («Китаб әт-Тауилат» атты еңбегі негізінде)» атты тақырыпта диссертациясын қорғауға ұсынды. Ғылыми кеңесшілер: доктор, профессор Сөнмез Кутлу, тарих ғ.д., проф., Әшірбек Муминов. Бұл да дәл қазіргі кезеңде аса маңызды тақырыптардың бірі. Себебі елімізге сыналап кіріп, жұртшылықтың санасын улап жатқан жат ағымдардың негізгі кілтипаны осы сенім мәселесіне қатысты. Сондықтан, Әбу Ханифадан кейін 4 буын ғалымдар легіне жататын имам Матуриди еңбектерінде ашылмаған ақиқаттар мен зерттелмеген деректер көптеп саналады. Ал жаңа зерттеу жұмысы қазақ даласындағы сенім мәселесіне қатысты ғылыми негізге сүйенген мәліметтердің беташарын ортаға тастамақ.

Болашақ исламтанушы ғалымдар бірнеше жыл бойы зерттеген ғылыми жұмыстарын жан-жақты зерделеп, таза араб тілінде қорғап шықты. Ғылыми кеңес құрамындағы мың жылдық тарихы бар Мысырдағы әл-Азһар университетінің ғылым докторлары мен профессорлары болашақ қазақ ғалымдарына ризашылықтарын білдіріп, еңбектерін жоғары бағалады.

Ашық түрде өткен алдын ала қорғау шарасы болашақ ғылым ізденушілеріне ой салып, аз да болса тәжірибе жинауына сеп болғаны сөзсіз. Себебі ғылыми жұмысты тиянақты талқылаған ғалымдар тобы сынақтағы докторанттарды мұқият тыңдап, еңбектерін зерделеп, өз ой-пікірлерін ортаға салды. Осылайша отандық исламтану ғылымына жаңа тың деректердің қосыларына сүйіншілеген алдын ала қорғау жұмысы «Нұр-Мүбарак» докторанттарының енді бір айдан кейін мемлекеттік диссертациялық кеңес алдында ғылыми еңбектерін қорғауға сақадай сай екендігін нақтылай түсті. Еліміздегі исламтанушы ғалымдардың көбейуі ғылымның дамып, ислам дінінің өркендеуіне жол ашары сөзсіз.

zashita20161

zashita20162

zashita20163

zashita20165

zashita20166

zashita20167

zashita20168

zashita20169

zashita201610

zashita201611

zashita201612

zashita201613

zashita201614

zashita201615

zashita201616

zashita201617

Ұқсас жазбалар