Бүгін Нұр-Мүбарак университетінде қабылдау емтихандары басталды

08/07/2018

Биыл университетке үш мамандық, яғни исламтану, дінтану, Шетел тiлi: екi шет тiлi бойынша 582 талапкер құжат тапсырды.

Бүгін жоғары оқу орындарына қабылдау емтихандары басталып кетті. Әуелі шығармашылық емтихандар жүргізілетіндіктен, Нұр-Мүбарак университетінің комиссия ұжымына проректор, профессор Шамшәдин Керім қабылдау ерекшеліктерін пысықтап өтті. Себебі қазақ және орыс бөлімдері, ерлер және қыздар топтары, 4 жылдық, 3 жылдық (қысқартылған), дайындық курсы, медресе түлектерінің айырмашылықтарына ден қойып, нағыз білімге құштар талапкерді таңдау білікті де тәжірибелі оқытушылардан құрылған комиссияның еншісінде. Ынталы талапкер білімді студенттің көрсеткіші. Қабылдау комиссиясына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан төраға орынбасары, наиб мүфти PhD, қ. профессор Алау Әділбаев арнайы келді.
Нұр-Мүбарак университетіне биыл үш мамандық, яғни «5В021500 — Исламтану», «5В020600 – Дiнтану» , «5В011900–Шетел тiлi: екi шет тiлi» (араб-ағылшын және ағылшын-араб тiлдерi) бойынша 582 талапкер құжат тапсырды. Ал исламтану мамандығына 250 мемлекеттік білім гранты бөлінгендіктен, бір орынға шамамен 2 талапкерден артық бәсекелестік бар.
Шығармашылық емтихан ҚР білім және ғылым министрлігінің ережесіне сай шілденің 8-13 аралығында, ал 14-18 шілде аралығында бұрынғы түлектер үшін кешенді тестілеу өтеді.