News

«БҮГІНГІ ДІН» БАҒДАРЛАМАСЫ КӨРЕРМЕНГЕ ЖОЛ ТАРТПАҚ

19/04/2021

 

Дін мәселесі бүгінде елімізде ғана емес, әлемде өзекті тақырыптардың бірі болғандықтан, халықтың діни сауаттылығы аса маңызды. Себебі  дін атын жамылып «жамағатына» үйіріп әкететін жат ағымдарға қарсы тұру үшін адамдар ілім иелерінен дұрыс бағытта білім атты «иммунитет» қалыптастыруы маңызды. Осыны ескеріп Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті, Алматы облысы Дін істер басқармасы және «Жетісу» телеарнасы бірігіп «Бүгінгі дін» бағдарламасын көрерменге ұсынбақ. Қасиетті Рамазанмен түсірілімі дөп келген «Жетісу» арнасы беташар хабарларды Нұр-Мүбарак университетіндегі ғалым-ұстаздармен сұхбат жүргізумен бастады. Себебі хабардың мақсаты қалың көрерменге дін аясында жан-жақты мәлімет беру болғандықтан, еліміздегі бірегей ислами білім ордасындағы дәріс беруші ғалымдардың айтары көп деп есептейді.

Телехабардың жүргізушісі НМУ құрамындағы Діни экстремизмге қарсы іс-қимыл орталығының директоры Тимур Нүсіпханның айтуынша «Бүгінгі дін» бағдарламасы болашақта ата дініміздің аясындағы рухани құндылықтарды барынша көрерменге ұсынуды көздеп отыр. Ал ағашқы хабар «Қазақстандағы қазіргі діни ахуал мен діни  білім беру жағдайы»  тақырыбында НМУ проректоры, PhD доктор Қайрат Құрманбаевпен сұхбат жасалды. Ал Академиялық мәселелер департаментінің директоры, фарабитанушы, филос.ғ.д., доцент Жалғас Сандыбаев  «Әл-Фараби:Адам – бақытқа жетелейтін ұстазға мұқтаж» тақырыбында ғұлама бабамыз жайлы бізге беймәлім мәліметтерге кеңірек тоқталады. Әлемнің екінші ұстазы атанған ғұламаны Кеңестер кезеңінде тек философ ретінде танытумен шектелгендіктен, ғалымның діни трактаттары шаң басып қалғаны айтылады.

Қасиетті Рамазанда көрерменге жол тартатын  «Бүгінгі дін» бағдарламасы 15 минут аясында пайдалы ақпараттармен қуантады деген үміт мол.