Нұр-Мүбарак
Египет ислам мәдениеті университеті
Жаңалықтар

Cтудентіміз Талғат Демесбай Түркияда өткен Халықаралық конференция жеңімпазы

06/03/2018

 

Нұр-Мүбарак университетінің 3 курс студенті Талғат Демесбай «DARA» Еуразиялық инновациялық даму орталығының ұйымдастыруымен Түркияда өткен «GLOBAL SCIENCE AND INNOVATIONS 2017»  сырттай халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның нәтижесі бойынша жүлделі екінші орынға ие болды.

Конференцияның басты мақсаты – инновациялық технологияларды ғылым, білім, кәсіпорындарда қолдануда  жаңа ғылыми және тәжірибелік нәтижелерін талқылау: өзара пікір алмасу, білім, ғылым, өндіріс ұйымдарының жаңа бағыттарын белгілеуде әріптестікті күшейту; жаңа тараптармен танысу; жастарды ғылымға баулу сынды мәселелер.  Әрі қазіргі қым-қуыт кезеңде жас мамандардың ауқымды және аймақтық өзекті түйткілдерді шешуде белсене араластыруға бейімдеу. Шарт бойынша қатысушылар өз зерттеулері мен баяндамаларын арнайы анкета толтырып, Түркияның Бурса қаласына электронды пошта арқылы жолдайды.

Болашақ исламтанушы Талғат Демесбай «Тарих, әлеуметтану және құқық» бойынша «Алаш Орда өкілдері ұлттық идея мен дін турасында» тақырыбындағы баяндамасы екінші дәрежелі дипломмен марапаталды. Жеңімпаз бен оның ғылыми жетекшісі «Жалпыуниверситеттік гуманитарлық пәндер» кафедрасының оқытушысы, пед.ғ.к., қауымдастырылған профессор м.а. Сұлу Исабаева ханымға арнайы сертификат берілген.

 

 

Конференция физика-математика, ақпараттық және коммуникациялық технологиялар, техникалық, химиялық, биологиялық, экология, ауылшаруашылық, гуманитариялық, тарих, әлеуметтану, экономика, медицина, т.б. ғылымдар бойынша секцияға бөлінген. Қазақ, түрік, орыс, ағылшын тілдерін қамтыған конференция нәтижесі электронды жинақта (www.ecir.kz) жарық көріп, марапаттар жеңімпаздарға пошта арқылы жеткізілді.

Нұр-Мүбарак университетін халықаралық деңгейде дәрежесін асырған жеңімпаздарымызды шын жүректен құттықтап, әрдайым жемісті де, жеңісті қадамдар тілейміз!

 

 

Ұқсас жазбалар