Дін саласындағы докторанттарымыз Ливан елінде

06/10/2017

Докторанттар ғалым, шейх Мəжид Дəруишпен кездесіп қазақы дәстүрмен шапан кигізді.

 

Нұр-Мүбарак университетінің докторанттары ғылыми тағылымдамамен Ливан Республикасындағы ислам университеттеріндегі жұмысын бастап кетті. Елімізге белгілі исламтанушылар ғана емес қасиетті Құран хафиздері Еркінбек Шохаев, Ерсін Әміре, Құрмет Смағұловтар Нұр-Мүбарак университетінде исламтану, дінтану саласы бойынша докторантура бөлімдерінде білім алуда. Жас ғылым ізденушілер Ливан еліндегі ислам университеттері мен мұрағаттарына көз тікті. Себебі орта ғасырларда ата-бабаларымыздың қолтаңбалары, қолжазбалары әлемнің түкпір-түкпірінде шашылып жатса, оларды жинап ғылыми айналымға қосу бүгінгі жас ғалымдардың еншісіне тиіп отыр.

Сондай-ақ заманымыздағы өзекті сауалдар қоғам үшін ғылыми тұрғыда маңызды жауаптарды талап етуде. Осы орайда Нұр-Мүбарак университетінің докторанттары Триполи, Жинан, Бейрут ислам университеттерінің кітапханаларында диссертациялық зерттеулерін жасап қана қоймай, білікті ұстаздар мен ғалымдардан тағылым алмақ. Сапар барысында хадис ғылымдарының докторы, Солтүстік Ливан облысы жəне Триполи қаласы муфтиінің кеңесшісі, діни білім беру бөлімінің меңгерушісі Шейх Мəжид Дəруишпен кездесіп, ақыл-кеңестер алды. Ұлттық салт-дəстүрге сай шəкірттер ғалымға қазақ шапанын жауып, елдің тəттісін ұсынды.

Ливандағы ислам университеттері ислам әлемінде өзіндік орны бар, білім жағынан озық оқу орындарынан саналады. Сондықтан, ғылым жолындағы докторанттардың сапары жемісті болады деген сенімдеміз.