Нұр-Мүбарак
Египет ислам мәдениеті университеті
Жаңалықтар

Экстремизм мен терроризмнің алдын алуға қатысты байқаудан Нұр-Мүбарак университеті арнайы жүлдеге ие болды

19/10/2017

 

 

Әлемді алаңдатқан  діни радикализм, экстремизм мен терроризм, жат діни ағымдар мен еліміздің зайырлы ұстанымына қатысты мәселелер бүгінгі қоғам үшін сауаттылықты талап етуде. Себебі дұрыс біліммен қаруланбаған қоғам үшін жат пиғылды саяси күштер түрлі тәсілдермен қауіп төндіріп жатқаны белгілі. Сондықтан Алматы қалалық Дін істері жөніндегі басқарма мен Ұлттық журналистік зерттеу орталығы дін саласындағы өзекті мәселелерге арналған арнайы байқау ұйымдастырды.

1 маусым мен 1 қазан аралығында жарияланған бәйгенің басты талабы – Қазақстанның зайырлы мемлекеттік құрылымын, мемлекеттік саясаттың заңнамалық талаптарын ұғындыру, діни экстремистік ағымдарды әшкерелеу, дәстүр мен діннің өзара байланысын жеткізу, діни экстремизмнің алдын алу, теріс діни топтардың идеологиясы мен олардың зияндығын ашып көрсету. Қандайда бір діни ұстанымды немесе дінді насихаттауға бағытталған материалдар қабылданған жоқ. Ақпараттық және көркем-публицистикалық дүниелер жанрлық жағынан да екшеліп, ағартушылық-ұйымдастырушылық бағыт тұрғысынан да сараланды.

 

Қазақ ұлттық университетіндегі Ұлттық журналистік зерттеу орталығына түрлі жанрда жарияланған 100-ге жуық еңбек түскен. Қазылар алқасының сараптамасы бойынша «Айқын» газетінің шығарушы редакторы Ермахан Шайхыұлы, «Нұр-Мұбарак» университетінің баспасөз қызметі Айша Кеңесбай, «31-арна» «Информбюро» ақпараттық бағдарламасының тілшісі Ардақ Камал, «Қазақстан» арнасының тілшісі Ержан Қалымбайұлы, белгілі журналист Ерлік Ержанұлы номинациядан тыс арнайы сыйақы мен   дипломға ие болды. Ал «Үздік әлеуметтік бейнеролигін» «Қазақстан» ұлттық телеарнасынан Жұлдыз Құлжасбаева, «Үздік телебағдарлама» «Алматы» телеарнасынан Айдос Жұқанұлы, «Үздік радиобағдарлама» «Шалқар» радиосының жетекшісі Болатбек Төлепберген, «Интернет желісіндегі қазақ тіліндегі ең үздік материал» «Nur.kz» сайтынан Арай Аюпова, «Интернет желісіндегі орыс тіліндегі ең үздік материал» аталымында  «Bnews.kz»  Айгүл Мұханбетова, «Мерзімді басылымдардағы қазақ тіліндегі ең үздік мақала» «Қазақтан-Заман» газетінен Бауыржан Кәріпов, «Үздік интернет желі» аталымында «www.baribar» сайты, «Әлеуметтік желілердегі ең үздік белсенді қоғамдық топ» аталымында Instragram желісіндегі «Біз терроризмге қарсымыз» парақшасы, «Ең белсенді блогер» Жолымбет Мәкіш деп танылды. Жеңімпаздарға 100 мың теңге көлеміндегі сыйақы мен арнайы диплом табыс етілді.

Марапатты Алматы ҚДІБ басшысы Айдар Есенбеков, ардагер, ғалым журналистер Кәкен Хамзин, Сағатбек Медеубек, Клара Қабылғазина және Дәрмен Смайл мырзалар табыс етті. Рухани келісім күніне орай өткізілген салтанатты шара соңында алқалы жиын  қоғам үшін өзектілікке айналған тақырып төңірегінде жан жақты пікір алмасты. Нұр-Мүбарак университетінде атқарылып жатқан нақты қадамдар туралы да хабардар етілді. Айдар Есенбеков мырза діни экстремизм мен теріс ағымдардың алдын алуда профилактикалық жұмыстарда ақпарат құралдары мен журналистер қауымының үлесі орасан екенін айта келе, бүгінгідей нақты іс-шаралар болашақта да жалғасады деген жоспарларынан хабардар етті.

 

                                                                             Ұйымдастыру комитеті

 

 

 

 

Ұқсас жазбалар