• Бас бет
  • Жаңалықтар
  • Ғалым ұстаздардан дәріс алған Нұр-Мүбарак мешіті әйелдер жамағатының қасиетті айдағы қуаныштары

Ғалым ұстаздардан дәріс алған Нұр-Мүбарак мешіті әйелдер жамағатының қасиетті айдағы қуаныштары

12/06/2018

Нұр-Мүбарак оқу-әдістемелік мешітінің әйелдер жамағаты қасиетті Рамазан айында қуанышты қос жаңалыққа қол жеткізді. Мешіттің...

Нұр-Мүбарак оқу-әдістемелік мешітінің әйелдер жамағаты қасиетті Рамазан айында қуанышты қос жаңалыққа қол жеткізді. Мешіттің бас имамы Қайрат Жолдыбайдың ұйымдастыруымен биылғы қаңтар айынан бастап Нұр-Мүбарак университетінің ғылым доктор, профессорлары дәріс беретін арнайы курс ашылған болатын. Ақида, ислам фиқһы, Құран тәджуидін елімізге танымал PhD, доцент Шамшат Әділбаева, PhD доктор Асқар Әкімханов, қасиетті Құран хафиздарының әйелдер арасындағы халықаралық сайыстарында еліміздің намысын қорғаған Жанат Алдияровалар дәріс берді. Курс соңында дәріс партасында қатар отырған 20 мен 70 жас аралығындағы жандардан құралған әйелдер жамағаты емтихан тапсырып, жақсы нәтижелер көрсетті. Білім иелерін қасиетті Рамазанның берекелі кештерінде бас имам Қайрат Жолдыбайдың өзі құттықтап, дәрістен қалмай ілімге ұмтылған 30 шәкіртке арнайы сенртификаттар табыс етті. Бұл курс алдағы қыркүйек айында жаңа деңгейде білімін жалғастыруға ниетті. Ғылым докторлары дәріс беретін мұндай мешіт курстары елімізде тұңғыш рет деуге болады.

Сондай-ақ қасиетті Рамазан айында Құран хатымын бастаған әйелдер жамағаты Қадір түні қарсаңында толықтай аяқтады. Хатым соңында ақ жаулықты аналарымыз ата-баба рухына Алладан жарылқау тілеп, Отанымызға, елге, жерге, отбасыларына, келешек ұрпаққа барлығына ізгі тілектен дұға жасады. Нұр-Мүбарак мешіті курсының жазғы түлектері осындай берекелі айда әрі ұстаздарға, 500-дей жамағатқа ауызашар дастарханын жайды.

Осындай Алланың кәламын үйреніп, Құран хатым етіп, елдің тілеуін тілеген ақ жаулықты аналарымыздың тілеуі ел берекесіне себеп екенін ешкім жоққа шығара алмас. Себбебі «Құран Кәрімді хатым еткен адамның дұғасы қабыл болады» (Табарани, Ибн Хиббан), «Құран Кәрімді хатым еткен адамға алпыс мың періште истиғфар етеді» (Дәйләми), «Хатым еткен адамның дүние мен ахиреті үшін жасаған дұғасы қабыл болады» (Бәйһақи), «Хатымды оқыған және тыңдағандардың дұғасы қабыл болады» (Әбу Нуайм), «Құран Кәрімді хатым еткен адамның қабыл болған бір дұға ақысынан бөлек, жәннатта бір ағаш та беріледі» (Хатиб) деген керемет Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадистері соның нақты дәлелдері екені рас.