Иранда билік құрған қазақтармен танысты

06/03/2019

Иранда билік құрған қазақ сұлтандары жайлы не білеміз? Әлбетте білмейтініміз көп. Себебі Франциядағы Сорбонн...

Иранда билік құрған қазақ сұлтандары жайлы не білеміз? Әлбетте білмейтініміз көп. Себебі Франциядағы Сорбонн университетінде ғылыми зерттеу жұмысының нәтижесінде осыдан 40 жылдан астам уақыт бұрын жарық көрсе де содан бері бұл еңбек әлі күнге әлем зерттеушілерінің назарында. Ал қазақ тіліне небәрі 2011 жылы ғана аударылған. Құнды еңбектің ана тілінде сөйлеуіне Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері Қасым-Жомарт Тоқаев тікелей ұйытқы болған. Қазақ және орыс тілдерінде біріктіріліп 2011 жылы «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша Астанада жарық көрген кітап 584 беттен тұрады. Нұр-Мүбарак университетінің бірқатар студенттері құнды еңбекті парсы тілінен аударған авторлардың бірі белгілі журналист, дінтанушы, Д.Қонаев атындағы Еуразия заң академиясының баспасөз хатшысы Гүлбаһрам Жебесін Тұрашқызымен кездесті.
— Бұл еңбек Ширин баянидың «Иранда билік құрған қазақтар, оның ішінде Жалайыр ұлысының тарихы» атты зерттеуі 1975 жылы «Жалайыр патшалар әулетінің тарихы» деген атпен жарық көрген. Содан бері ізденісін тоқтатпаған тарихшы әлемнің талай кітапханаларында ондаған жылдар бойы табанды түрде тер төккен. Бұл тақырып Иран тарихындағы елеулі оқиға болып сомдалды. Төрт тараудан тұратын бұл кітап тек Иран тарихында ғана емес қазақ тарихында да әлі толыққанды зерттелмеген тарихи тың деректер және құнды мәліметтермен аса бағалы, – деген аударма авторы еңбекті тәржімалаған кездегі түрлі жағдайлармен қатар, парсы еліндегі қазақтардың билік құрған кезеңдеріндегі ерекшеліктер жайлы да сөз етті.
Студенттер де бұл кездесуге құрқол келмей, кітаппен толығымен танысып, алдын ала оқып дайындалған екен. Сондықтан сұрақтары да жан-жақты болды. Кездесу барысында ұйымдастырушы Кітапхана бөлімінің меңгерушісі Қалбибі Бейісбек:
— Қазақ тарихында елеулі орны бар осындай құнды еңбектің жарық көруіне ат салысу әркімге бұйыра бермейді. Сізге алғысымыз шексіз, Алла разы болсын. Әрі болашақта да жаңа еңбектер жасауға септігі тисін деп университет ғалымдары шығарған «Арабша-қазақша сөздігін» естелік ретінде ұсынамыз,-деп Гүлбаһрам Жебесін ханымға зор алғысын білдіріп, сөздікпен бірге ықылас гүлін табыс етті.
Бұл тарихи еңбек кейіпкерлері болған бабаларымыз бірнеше ғасыр бұрын өмір сүрген тұлғалар әрі Жалайыр патшаларының династиясы, өмірбаяндары мен әлемдік өркениетке қосқан үлестері қамтылған. Әлемнің түкпір-түкпірінде шетелдік өркениетке көрік беріп тұрған осы ұлы кісілерге байланысты жәдігерлерді қазақы мұсылмандық тұрғысынан зерттеп, өзіндік қорытынды жасап, әлемге қайта ұсынуды қажет етеді. Жалайыр патшаларының имандылығы, білімділігі, тұрмыс тіршілігі, ақыл-парасаты, әдебиет-өнер, ғылымға жанашырлығы, қол астындағы халқына қайырымдылығы, қоғамдағы шиеленіскен мәселелерді шешуде нақты, қажетті шаралар қолдана білуі, мемлекет басқару үрдісі т.б. ізгі қасиеттері бүгінгі ұрпақ үшін үлгі-өнеге. Осындай тарихи еңбекті қазақша сөйлету барысында Нұр-Мүбарак университетінің проректоры, PhD, доцент Қайрат Құрманбаев пен оқытушы докторант Олжас Шаяхметовтер де араб тіліндегі мәтіндерін зерделеуге ат салысқан.