Ислам ЖЕМЕНЕЙ: Қазақ елінің болашағы – иманды жастарда

28/11/2017

Бізге тек бірлік керек,-деп ағалық кеңесін айтқан Ислам Жеменей мырзаның әр сөзін жастар ұйып тыңдады.

Нұр-Мүбарак университетінің «Дінтану»   мамандығы бойынша білім алушы студенттер белгілі ғалым Ислам Жеменеймен кездесу ұйымдастырды. Ондағы мақсат, қосымша дәріс алып, көргені мен айтары мол ғалымның білімінен сусындау, ақыл-кеңес алу. Кездесуге тек дінтанушылар ғана емес, исламтанушы студенттер де келді. Ұйымдастырушы Студент Қарлығаш Мақсұтбай арнайы дәріске қатысушы студенттердің барлығы дерлік Тәуелсіздіктен кейін дүниеге келген жастар. Сондықтан Иран елінде туып-өсіп, атамекеніне аңсап жеткен ғалым ұстаздың дәрісі тым қызықты өтті.

 

Қазақ халқының тарихына шолу ғана емес, талдау жасаған ғалым өткен ғасырлардағы ел басына түскен нәубеттер жайлы кеңірек сөз етті. Парсы еліне тұрақтаған қазақтардың салт-дәстүр, ана тілі, ата дінін қалай сақтап қалғанын, олардың атамекенге оралу тарихына да қатысты қилы сәттерді айтып өтті. Жат елде жүріп рухы сынбаған қазақ ғалымына студенттер де көкейлеріндегі сауалдарын жаудырды. Олардың дені: қазіргі жастар бабалар аманатын сақтай отырып, болашаққа қалай жеткізу жөнінде.

  • Ең алдымен елге, Отанға деген махаббат керек. Онсыз болмайды. Егер елін, жерін құрметтеп, қастерлей алатын қасиет болса, кез келген қиындықты жеңуге болады. Ел болашағы иманды жастарда деп сенемін. Біз сонау бала кезімізде Алладан көөп тіледік, елге оралсақ деп армандадық. Сол арманымыз тәуелсіздікпен бірге орындалды. Талай тағдыр тезіне төтеп беріп, аман қалған қазақ халқын енді ешкім құрта алмайды. Бірақ бзге тек бірлік керек,-деп ағалық кеңесін айтқан Ислам Жеменей мырзаның әр сөзін жастар ұйып тыңдады.

Уақыттың межесіне жеткеніне қарамастан тапжылмай тыңдаған студенттер ғалым Ислам Жеменей мырзаның ақ батасын сұрап, көкейлеріндегі риясыз алғыстарын жаудырды.