• Бас бет
  • Жаңалықтар
  • Исламтанушылар үшін Араб тілінің рөлі жайлы алғашқы ғылыми-тәжірибелік конференция жоғары деңгейде өтті  

Исламтанушылар үшін Араб тілінің рөлі жайлы алғашқы ғылыми-тәжірибелік конференция жоғары деңгейде өтті  

06/12/2018

Бүгін Нұр-Мүбарак университетінде исламтанушылар үшін араб тілін меңгерудің маңыздылығын түйсіндіретін I студенттік ғылыми-тәжірибелік конференция...

Бүгін Нұр-Мүбарак университетінде исламтанушылар үшін араб тілін меңгерудің маңыздылығын түйсіндіретін I студенттік ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Қасиетті Құран аяттарын оқумен басталған конференцияда екі елдің әнұраны орындалып, беташар сөзді ректор, профессор Мухаммад аш-Шаххат әл-Жинди сөйлеп, бұл конференция жастардың білімге деген құштарлығын арттырады деген үмітін жеткізді.

 

Сондай-ақ проректор, доцент Қайрат Құрманбаев: «Араб тілі – ғылым тілі. Біз бабаларымыздың мұрасын зерттеу үшін араб тілін жетік білуіміз қажет. Себебі олар өз еңбектерін араб тілінде қалдырған. Еуропа әлемі исламтану саласын баяғыда Шығыстану ғылымы аясында бастап кеткен. Бізде Шығыстану саласы тіл аясында қалып келеді. Сондықтан ислам ілімін дамыту үшін ең алдымен араб тілін меңгеру аса маңызды», — деп конференцияға сәттілік тіледі. Әрі бұл шараның болашақта университеттер арасында өтуі қажет екендігін еске салды. Ал құттықтау сөзін араб тілінде айтқан Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің профессоры, филол.ғ.д. Г. Надирова ханым бұл конференцияның өзектілігін атап өтті. Ал университеттің оқу-әдістемелік басқармасының басшысы  философ. ғ.к., доцент Жалғас Сандыбаев болашақ білімді жастардың еншісінде екендігіне қатысты ойын білдірді.

Пленарлық бөлімде студенттер шет тілдерін меңгерудің артықшылықтары, араб тілінің ерекшелігі т.б. тақырыптарда үш тілде баяндама жасады. Араб филологиясы факультетінің ұстаздары мен студенттер әзірлеген «Араб тілі – болашағың» атты бейнеролик көрермендерге қызықты әрі жастарға ой саларлық болды.

Студенттерге тағылымы мол болған пленарлық мәжіліс қос тілде жүргізіліп, ары қарай: «Араб тілін жетік меңгеру – білікті исламтанушы маман дайындаудың негізі», «Шетел тілінің қазіргі кездегі заманауи көпмәдениет әлеміндегі рөлі», «Рухани жаңғыру – жарқын болашақ негізі» деген тақырыптарда үш секцияда жалғасты. Студенттер өздері алған тақырыптарын қорғап шықты.

Араб және ағылшын тілдері кафедрасының меңгерушісі, PhD доктор Адам Махмуд Ахмед студенттердің белсенділігіне ризашылығын жеткізді. Кафедраның оқытушы-профессорлық құрамы  жеңімпаз студенттерді барынша мұқият анықтады.

Шараның соңы жеңімпаздар мен қатысушыларды марапаттау, ұйымдастырушыларға Алғыс жариялау салтанатты шарасымен жалғасты.